АймақРуханият

Кент көшесіне Таңыбай батыр есімі беріледі

Өткен аптаның сенбісінде Ақадыр кентінде тарихи тұлға, қолбасшы Таңыбай батыр атындағы көшенің салтанатты ашылуы болып өтті.

Таңыбай батыр 1770-1755 жылдары өмір сүрген. Бұл ел жадында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен тарихта қалған кезең. Таңыбай батыр 1700-1740 жылдары аралығында жоңғар шапқыншылығына қарсы қол жиып, жасақ құрып, Жайық, Ұлытау, Тайатқан-Шұнақ жерлерін, Ақ келіншек, Қара келіншек, Қапал таулы мекендерін, Ешкіөлмес, Ойран және Мойынты өзенінің бойында өткен ірі шайқастарда ерлік көрсетіп, туған жерді жаудан азат етуге қатысқан. Таңыбай батыр қасиетті Түркістан қаласында жерленген.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын Таңыбай батыр атындағы «Арқаның Ақ сұңқары» атты қоғамдық қорының құрылтайшысы, «Электржабдықтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Амандық Жұмақанұлының демеушілігімен әрі ұйымдастыруымен Мойынты кентінде саябақ ашылып, тас тұғырға батыр бейнесі бейнеленген мүсін қойылған болатын.

Кенттегі батыр баба атына берілген көшеге осы қоғамдық қор арқылы электр бағандарымен түнгі жарық шамдары орнатылды. Алдағы уақытта көше жолдарына асфальт төселіп, абаттандыру қолға алынбақшы.

Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Рысқали, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, жазушы Өмір Кәріп, ҚР қорғаныс саласының және Ауған соғысының ардагері, полковник Байғали Қоқымбаев және аталмыш көше тұрғыны Е.Тағаевтар құттықтау сөз сөйлеп, игі тілектерін білдірді. Салтанатты шарада Ақадыр кентінің әкімі А.Әбілдин кенттің әлеуметтікэкономикалық саласына өзінің демеушілігімен атсалысып жүрген Таңыбай батыр атындағы «Арқаның Ақ сұңқары» қоғамдық қорының құрылтайшысы Амандық Жұмаханұлына кент әкімінің Алғыс хатын тапсырып, қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Көшенің ашылу рәсімінде ақ жаулықты аналар шашу шашты. Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының өнерпаздары көпшілікке концерттік бағдарламасын ұсынды. Салтанатты шара аясында Ақадыр-Мойынты командаларының арасындағы футбол жарысына ұласып, батыр бабабымыздың рухына құран бағышталып, ас берілді.

Мейрам ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

ШЕТ ауданы. 

Басқа материалдар

Back to top button