Жаңалықтар

Кент көркейіп келеді

Көкше көлдің құшағындағы кентке беттеп келеміз. Атақты ақын һәм әнші Шашубайдың есімін арқалаған елді мекеннің мұңы да жоқ емес-тін. Елдің тілегін тыңдап, облыс басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК мырза елге екі келгенде қордаланған мәселені жоюға жол тауып, ықпалдастыққа екпін берген. Тікелей өзінің қадағалауына алып, тұрғындардың тұрмысын түзеуге бағытталған бастамаларды қолға алған. Бұл жаңалықтардан құлағдармыз. Кенттің мыңғырған түлігін көрмесек те, төбесінде тұмандай тұнып тұрған қоңырсыған түтінін аңғардық. Қарашаның қара суығы қойын-қонышыңды кеулеп, қанша қалың киінсең де қыстың ызғарын сездіреді. Көлдің жиегіне де мұз қатып, жағасындағы жартасқа соғылып, кемерін еміп жататын толқындардың асаулығы басылғандай. Таңғы көріністің ғажабына тамсанып, «Тұзды көлдің» тұсына тоқтадық. Көп кідірмедік. Алдымыздан қарсы алған Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай АМАНЖОЛОВ пен кент әкімі Данияр СЕРІКОВ бірден кенттің қазіргі тынысымен таныстырды. Кенттің жаңа келбеті мен экономикалық қуатына көз жеткіздік. Онда атқарылып жатқан жүйелі жұмыстармен танысып, бүгінгі хал-ахуалын бағамдадық.

ӘЛЕУМЕТТІК БАСПАНАЛАР ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛАДЫ

Алдымен Ақбергенов көшесіндегі жөндеуден өткен қос үйдің келбетіне көңіл бөлдік. Күрделі жөндеуден өткен көпқабатты үйдің бір кезде төбесі тесіліп, іргесі жарылып, кіреберісі тұрғындарға қауіп төндірген. Жөндеуден кейін көпқабатты үй хан сарайындай кейіпке еніпті. Аталған үйлердің шатырлары мен жертөлелері, инженерлік жүйелері жаңартылып, кіреберістері шатырланып, сыртқы қасбеттері сырланған. Сондай-ақ, мердігер мекемелер тарапынан қосымша жұмыстар жасалған. Жалпы жөндеу жұмысына 24 млн. теңге жұмсалған. Сонымен қатар, Шашубай кентінде әлеуметтік баспаналар санын көбейту жоспарланып отыр екен. Келер жылы 100 пәтерлі баспанамен тұрғындарды қамтитын болады. Ол үшін бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы қарастырылған.

КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА БЕРІЛГЕН БАСПАНА

Көпбалалы аналарға берілген екі басты үш үйге де бас сұқтық. Мұндағы тұрғындардың талап-тілегі бойынша 6 отбасы тұратын үйлерге аудан бюджетінен қоршау орнатып жатыр екен. Жарықтандыру жұмысы жүргізілмекші. Қоршау мен жарықтандыру жұмыстары 1 желтоқсанға дейін аяқталатын болады. Баспаналы болған жеті баланың анасы Марал Ахметованы әңгімеге тарттық.

– Бұл үйге отбасымызбен 25 мамырда қоныстандық. Өзіміздің ыңғайымызға қарай жөндеп, қысқа дайындап алдық. Қазір пеш жағып отырмыз. Үй жылы. Балалардың қауіпсіздігі үшін қоршауын толық жасап, жарықтандыру жұмысын жасап берсе болды, – дейді Марал Ахметова.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген су жаңа үйлердің кейбіреуінің қабырғасы көгеріп жатқандығын аңғардық. Мұны мамандар «жаңа үйге жөндеу жұмысын жүргізгеннен кейін сыртқы қабырға кеуіп үлгермеген болса, қыста, суық мезгілде үй іші көгере бастайды» деп түсіндірді. Жаңа қонысқа ерте орналасқандарда мұндай қабырғаның көгеруі байқалмайды. Өйткені, олар үйлеріне ерте от жағып, жаз кезінде есігі мен терезесін ашып, дымқыл қабырғаларын кептіріп алған көрінеді.

ЖӨНДЕЛГЕН ЕМХАНА, ЕМ БЕРГЕН ДӘРІХАНА

Тағы бір күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген Шашубай дәрігерлік емханасына да бардық. Дәрігердің кезегін күткендердің қатары қалың. Салқын түскелі мұнда күніне жиырмаға жуық адам жүгінеді екен. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініші бойынша емханада әлеуметтік дәріхана және күндізгі стационар жұмыс істеп тұр. Дәріханашы Зәмзагүл Темірғалиқызы 18 тамыздан бастап ашылған әлеуметтік дәріханада керек дәрілердің барлығын айтады.

– Дәріхана жергілікті тұрғындарды қолжетімді, яғни арзан әрі сапалы дәрідәрмекпен қамтамасыз етуде. Дәрідәрмекті сатып алуға жағдайы келмейтін әлеуметтік аз қамтылған халыққа арналған. Халыққа осындай қолдау көздеп отырмыз. Баға орташа бағадан айтарлықтай төмен болады. Себебі, бізге тікелей қоймадан жеткізіледі, – дейді Зәмзагүл Темірғалиқызы.

БАЛАЛАРҒА ҚОЛЖЕТІМДІ СПОРТ НЫСАНДАРЫ

Бұдан кейін спорт мектебінің аумағынан ашылған спорт алаңына бардық. 7 млн. теңгеге салынған нысанда балалар футбол ойнап, спортпен шұғылдана алады. Жаңа алаң қоршалған және жарақаттанудан қорғайтын жабын төселген. Әлі де балалар отыратын орындық, қоқыс салғыштар орнату жұмыстары жүргізілмекші. Келешекте Шашубайдағы спорт мектебінің қарамағына айтулы алаңды бермекші. Сондай-ақ, екі қабатты спорт мектебін аралап көрдік. Спорт мектебінің меңгерушісі Назерке Бақтыбайқызының айтуынша, мұнда 154 бала жаттығады екен. Бокс, күрес, тоғызқұмалақ, жаттығу залына келушілердің саны артқан. Бүгінде бокспен 46, күреспен 56, тоғызқұмалақпен 30 бала шұғылданып, жоғары жетістіктер көрсетіп жүр. Қазақ күресінен жаттықтырушы Шымболат Жасқайратұлының шәкірттері республикалық жарыста топ жарып, боз кілемде мықтылық танытқан.

– Спорт мектебі салауатты өмір салтын ұстанған оқушыларға зор мүмкіндік ашып отыр. Кезінде қаңырап бос қалған сот ғимараты 28 млн. теңгеге жөнделіп, спорт мектебі болып ел игілігіне жарап тұр. Жылу орталығына қосылған. Жертөлесін қолдаушы азаматтардың есебінен жөндеп, теннис залын аштық. Тағы да жаттығу залдарын ашатын боламыз, – дейді Назерке Бақтыбайқызы.

ЖАҢАРҒАН МӘДЕНИЕТ ҮЙІ

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен Шашубай мәдениет үйіне да аялдап, ғимаратты аралап көрдік. Соңғы жылдары төбесінен су ағып, қыста есік, терезесінен суық аңырап пана болмай кеткен Мәдениет үйі мәдени-рухани кемелденетін және жастарымыздың бос уақытын тиімді өткізетін бірден бір орынға айналған. Бұған бюджеттен 109 миллион теңге бөлінген. Ескі үлгіде салынған ғимарат болғандықтан қазіргі заман талабына сай жөндеу барысында үлкен концерттік залдың акустикасын жаңартып, сахнаны қайта құрған. Көрерменге арналған 300 орындық орнатылған. Би, ән мен күй бөлмелері керек жабдықтармен жабдықталған. Құрылыс жұмысын «Балқаш Жібек Жолы» ЖШС жүргізіп, барлық жұмысты келіскен уақытында аяқтаған.

ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН ҚЫЗМЕТ

Тұрғындардан түскен өтінішке орай кентішілік 4 көше орташа жөндеуден өткен екен. 4 шақырымға жуық асфальт төселген. Ақбергенов көшесіне 300 ағаш егіліп, суармалы құбырлар тартылған. Сонымен қатар, ұзындығы 1, 9 шақырымды құрайтын 38 миллион теңгеге қоршау орнатылуда. Келер жылы бұл маңнан «Жастар саябағын» ашу жоспарға енгізілген. Халық үшін жасалып жатқан игілікті істер аз емес. Осыдан бір ай бұрын «Қазына» әмбебап дүкенінің ғимаратына «Қазақстан Халық Банкі» АҚның банкоматы орнатылған. Бүгінде кент тұрғындары еңбекақы, зейнетақы аударымдарын аталмыш банкомат арқылы алуға мүмкіндік алып отыр. Сондай-ақ, «Қазына» әмбебап дүкенінің ғимараты ішінен әлеуметтік дүкен ашылған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне 19 азық-түлік өнімі кіреді. Ең арзан нан осында сатылады. Кент іргесіндегі Балқаш қаласында нан бағасы 120 теңге болса, бұл дүкенде нан 110 теңге екен. Сиыр еті 1800 теңгеден сатылуда. Ашылғанына 1 жыл толған дүкеннің иесі, жеке кәсіпкер Өнербек Қожахметов жағдайы төмен отбасыларға қолұшын созып, мәдени және спорттық шараларға қолдау көрсетуден аянып қалған емес. Дүкенді тамашалап шыққаннан кейін сол маңдағы балалардың ойын алаңын көріп сүйсіндік. Оған шөп тәріздес жасыл жабынды төселіп, жан-жағы қоршалған. Іші бүлдіршіндер ойнайтын әткеншек, сырғанақ, айналма секілді жабдықтармен қамтылған. Бір қапталына балаларын ойнатуға келген ата-аналарға арналған орындықтар қойылған. Бір сөзбен айтқанда, кішкентайлардың көңілін көтеруге де, көрші-қолаңмен отырып әңгіме-дүкен құруға да жағдай жасалған.

«ӘКІМ БОЛ, ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ»

Байқағанымыздай кент әкімі Данияр Серіковтің жастық жігер, қажырлы қайратымен әлі де атқарар жұмысы аз емес. Осы кезге дейін нәтижелі атқарылған іс те көп, атқарылуға тиісті жұмыстар да жетіп артылады. – Облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы қатаң қадағалауындағы Шашубай кенті көркейе береді. Мәселе бір-екі күнде немесе бір-екі айда шешілмес. Бірақ, барлық жұмыс жоспарлы түрде, жасақталған жобалық-сметалық құжаттар негізінде атқарылады. Ауылішілік жолдарды жөндеуге, абаттандыруға, бұзылған үйлерді қалпына келтіруге көлемді қаржы қарастырылып отыр. Сондықтан, бұл жұмыстар іске асатын болады, – деді Шашубай кентінің әкімі Данияр Базарбекұлы.

Нұрдос КӘРІМ.

ШАШУБАЙ кенті.

Басқа материалдар

Back to top button