Кеншілер әулеті: екі ғасыр, төрт буын
Кеншілердің жеті қат жер астына түсерде, үйімен қоштасып шығатынын білемісіз? Осы бір сәтті кеншілер отбасы жан-тәнімен түсінеді. Үйінде қалған жандар кенші ағасының, я болмаса әкесінің, баласының жер бетіне аман шыққанын тілеп отырады. Қанша қатермен бетпе-бет келеді, қауіптен аман қалады. Әрі қарай жұмысын жалғастырады. Еңбек те, ерлік те – бұл.
Кеншілер астанасында тағдырын жеті қат жер астымен байланыстырған осындай отбасы да, әулет те жетіп артылады. Атасының жолын жалғаған бала, ағасының ізінен ерген іні. Осылай еңбек жолы сабақтаса береді. Біздің өңірде мұндай үрдіс дәстүрге айналған. Солардың қатарындағы Нұрбековтер әулеті аса құрметпен аталады. Әулеттің еңбек жолы екі ғасыр. Арғы аталарынан бастап, қазір немерелеріне дейін тау-кен өндірісінде.
Абай қаласындағы ардагер кенші Алпысбай Тұрсынұлы бар өмірін көмір өндіруге арнаған. Алғашқыда механизатор мамандығын алған ол әкесінің жолын қуып, шаруашылыққа қарай бет бұрады. Трактор, комбайн тізгіндейді. Қазіргі Үштөбе ауылында. Кейіннен кенші болуды ұйғарады. 1965 жылы алғаш шахтаға түседі. Шахта басшылығы әуелі жігерлі жасты алты ай электрослесарь мамандығына оқытып алады. Содан бері Абай қаласындағы №6 учаске шахтасында табан аудармай отыз жыл еңбек етеді. Сол жерден құрметке бөленіп, зейнетке шығады.
Алпысбай ақсақалдың әкесі ғана агросалада еңбек еткенімен, әкесінің бауырларының барлығы Қарағанды шахтасында жұмыс істеген. Оны қадірлі ақсақал былай есіне алады.
– Әкемнің Тұрабай, Қаппар, Баттал есімді үш бауыры шахтада өмір бойы еңбек етті. Шамамен, 35 жылдай. Ол кезде зейнетке 50 жастан шығатын еді ғой. Үшеуі де бір жерде. Сонау сәттегі бейнетті сөзбен жеткізе алмаймыз. Бала кезімізде көзбен көрдік. Қолдарына күрек, қайласын алып, жаяу жұмысқа кетеді. Қазіргідей техниканың түр-түрі жоқ. Барлығы адам қолымен қазылды. Нағыз қажырлы еңбек қайраты мол сол ағаларымдікі. Соны көріп өстік. Қара жұмыстан қашпайтын едік. Менің жолымды кейін балаларым жалғады, – дейді Алпысбай ақсақал.
Алпысбай ақсақалдың Қуаныш, Жақсылық, Жақан есімді ұлдары да әкелерімен бірге Абай шахтасында еңбек етті. Шахта жабылғанша. Бала кездерінен кенші болуды армандапты.
– Балаларым ізімді жалғағысы келді ме, жер астындағы жұмыс қызықтырды ма, әйтеуір, үшеуі де мен жұмыс істеген шахтаға тұрды. Арасында әскерлеріне де барып келді. Южный ауылынан 3-4 шақырымдық жұмысқа жаяу барамыз. Келіншегім мен қызым амандығымызды тілеп, күтіп отырады. Сөйтіп жүріп, зейнетке шықтым. Балаларым шахта жабылғанша 10 жылдан аса еңбек етті. Кейін Абайға орнығып қалған соң шахтадағы жұмыстарын әрмен қарай жалғамады. Бағыттарын басқа салаға бұрды, – дейді Алпысбай ақсақал.
Қазір атасының жолын қайта жаңғыртқан Ораз есімді немересі бар. Оның да еңбек өтіліне он жыл толыпты. Абай шахтасында проходшылар бригадирі. Мақтаулы маман арғы аталарынан келе жатқан еңбек жолын жалғағанын абырой санайды.
– Атамның үлкен үш ағасы, одан кейін үш ұлы шахтер болған мен үшін бұз ізді жалғау абырой десек те болады. Жер астында жұмыс істеп жүргеніме 10 жылдан асыпты. Осы жерде жүріп, отау құрдық. Үй алдық. Үш кішкентайымыз бар. Барлығы – еңбектің арқасы. Кеншілер әулеті екенімізді есіме алсам, бойыма үлкен күш бітеді. Әкем де шахтада 10 жылдан аса уақыт істеді. Атам «Атаңның, әкеңнің жолын қусаң, жаман болмайсың. Кеншінің әр күні берекелі. Батылдық – басты орында. Жер астына түсу үшін екінші тыныс керек. Сондай болсаң, елге пайдаң тиеді», деп бала кезімде жиі айтатын, – дейді Ораз.
Атаның ақылын тыңдаған ол қазір ұжымына сыйлы һәм беделді кеншілердің бірі.
Әкелерінің еңбек жолын абыроймен жалғаған Алпысбай ақсақалдың тау-кен саласындағы төккен тері ескеріліп, Еңбек Ері төсбелгісімен марапатталған. Мұның сыртында басқа да қаншама мадақтама, Алғыс хат жетіп артылады. Бәрі – адал еңбегінің арқасы.
Ал, ақсақалдың өзі былай марқаяды: «Шахтер деген қандай, ә? Мақтанарлық мамандық. Біздің әулетіміздің бірнеше буыны жер астында еңбек еткеннің арқасында, міне, мейманамыз тасып, абыройымыз аспандады. Аллаға тәубе!».
Ақсақал Аллаға шүкір, қуатты. Үш ұл, бір қыздан 10 немере, 11 шөбере бар. Қазір еңбектің зейнетін көріп, бала-шағасының шаттығына кенеліп отыр. Қадірлі кеншінің «Енді, осы еңбек жолымызды шөберемізден біреу жалғаса» деген ізгі тілеуі бар.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»