Кенеден сақтаныңыз!

Соңғы жылдары Қарағанды облысы өңірінде климаттық жағдайдың өзгеруі індеттік маусымда кенелердің белсенділігінің артуына қолайлы жағдай туғызып отыр. Қарағанды облысы бойынша 2018 жылдың сәуір-қыркүйек айларында халық арасында кене шағу фактілерінің тіркелуі 2017 жылғы дәл осы кезеңімен салыстырғанда 38%-ға өскен. Бірақ, 2018 жылы кененің шағуымен байланысты жұқпалы аурулар тіркелмегенімен, табиғи ошақты зерттеу барысында жиналып, зертханалық жолмен тексерілген кенелерде 12,8% – туляремия, 0,7% – кене энцефалиті аурулары бар екені анықталды. Сондықтан, әр адам кенелердің жұқпалы ауруларды таратушылар ретінде зиянын білуі қажет.


Жыл сайын күн жылынып, көктем келуімен, кенелердің белсенділігінің артатыны белгілі. Ал, адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтамайтындықтары жасырын емес. Кенелер адам өміріне өте қауіпті – конго-қырым қанды безгегі, кене энцефалиті, туляремия сияқты аса қауіпті жұқпалы ауруларды тарататынын естен шығармағанымыз жөн.
Ауыл шаруашылығы малдарын қырқу барысында, кенелерді үстінен жинағанда, далалық жерлерде жүргенде кене адам денесінің ашық жерлеріне қадалады. Кене үйге гүл шоғымен де, иттiң жүнiне iлесiп те келедi. Кененiң қауiптiлiгi сонда, олар адамның киiмiнiң астарына байқатпай кiрiп, денесiне қадалып қанды сорғанда ауырсыну сезімі мүлдем білінбейді. Көп жағдайда адам кененi келесi күнi немесе тiптi, одан да кейiн байқайды. Кенелер сәуiр айынан қазан айына дейiн кездеседi. Бiрақ, ең қауiптi кезең – мамыр, маусым айлары. Өйткенi, кененiң көбейетiн кезi – осы уақыт. Егер, кене денеге қадалып үлгерген болса, онда оны қолмен ажыратудың қажеті жоқ. Егер, денеңiзден кененi байқап қалсаңыз, кененiң тұмсығын жiппен орап алып, ырғақты қозғалыспен жайлап денеден шығарып алу керек. Кененi денеден күрт тартып алу – вирус жұқтыру қаупiн арттырады. Шаққан жерiн йодпен немесе спиртпен сүрту қажет. Кенені сығуға мүлдем болмайды. Оны құтыға салып (шыны ыдыс, герметик қорап, тағы басқа ыдыстар), аса қауіпті жұқпалы аурулар зертхана мамандарына кененің қаншалықты қауіптілігін анықтау үшін зертханалық жолмен тексеруге жеткізу керек. Кене шаққан адамдар тез арада жақын жердегі медициналық мекемеге барып, мамандар бақылауында тұрғаны дұрыс.
Ауру белгiлерi шаққаннан кейiн екі аптадан соң бiлiне бастайды, кейде 1-2 күннен немесе 45 күннен кейiн бiлiнедi. Себебi, ол ағзаға түскен вирустың көлемiне байланысты. Көпшiлiк жағдайда аурудың жеңiл және орташа түрлерi кездеседi. Бұл жағдайда науқас адамның дене қызуы 38°С дейiн көтерiледi, басы қатты ауырып, бұлшық еттерi сыздайды. Бiрақ, аурудың ауыр түрлерi де кездеседi. Бұл кезде дене қызуы 39-40°С дейiн көтерiледi, адам құсқысы келедi, мойны, қолы мен аяғының бұлшық еттерi сыздап, ауыр тартады.
Ең алдымен, кене шағуының алдын алу үшін жеке бастың сақтық шараларына үлкен мән беру керектігін есте ұстаған жөн. Егер орманға, таулы жерге серуендеуге барсаңыз, ашық түстi киiм киiңiз. Ең бастысы – өз киім-кешегіңіздің дұрыс жинақталуына назар аударыңыз. Шалбардың балағын бәтеңкеге немесе етіктің қонышына салу керек, жейденің жеңі мен жағасы ұзын, кененің еніп кетпеуінен сақтауы тиіс. Киімнің қорғаныштық тиімділігін арттыру мен өңдеуге арналған репеллентті (жасқандыратын) дәрі-дәрмектерді пайдаланған дұрыс.
Осы қауіпсіздік ережелерін орындай отырып, кенелер арқылы таралатын аса қауіпті инфекцияларды жұқтырудан сақтануыңызға болады.
Үй жануарларының жүнiн қырыққан кезде абай болыңыз. Өзiңiздi қауiптен қорғау үшiн қолыңызға резеңке қолғап киiңiз. Себебi, қауiптi вирусты жаншылған (кесiлген) кененiң қаны арқылы жұқтыруыңыз да мүмкін.
Кененiң бәрi бiрдей ауру таратпайды. Дегенмен де, вирус жұқтырғыш кене мен жұқтырмайтын кененi ажырату қиын. Сондықтан, ең дұрысы, кененiң денеге жабысып, терiге тереңдеп енiп кетуiнен сақтанған жөн.

Гүлмира МҰҚСИНОВА,
Қарағанды облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің карантинді және аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы.