Саран

Кенді өлке – кемел тарих

Жекешелендірілген кәсіпорындардың құжаттарын архивтеу мақсатында құрылған Саран қаласының архив қызметі биыл 25 жылдық мерейтойын атап өтті.

Архив – ел  тарихы. Ғасырларды ғасырларға жалғастыратын, болашаққа өткен күннен мағлұмат беретін, кешегі мен бүгінгінің айнасы, тарихи сырларын қойнауында сақтайтын сыр сандық.

Мемлекет басшысы атап өткендей, архив – құжаттар қоймасы емес, халық тарихының қайнар көзі.

Саран қаласының архив қызметіне 25 жыл ғана болса да, бұл – жаңа  тарихтың  бастауы.

Бұл жерде баға жетпес құнды құжаттар сақталып, біздің өміріміздің барлық тарихы болымсыз нәрседен маңызды оқиғаға дейін жинақталады.

Мерейтойға Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының және Саран қаласының басшылығы, сонымен қатар, архив саласының ардагерлері қатысты. Облыстық басқарма басшысы мен қала әкімінің құттықтау хаттары архив ұжымына тапсырылды.

«100 жаңа есім» жобасына сай, өзіміздің архив саласын және Саран қаласын елге танытқан, еңбегі сіңген азаматтарды елге таныту мақсатында, «Саран қаласының архив қызметіне – 25 жыл» атты кітап шығарылып, тұсаукесері салтанатты түрде өткізілді. Архив ісінің тарихы туралы деректі фильм көрсетілді.

Мемлекеттік архив құрылымдарының жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында, ұлттық архив қорын қалыптастыру, ведомстволарды қадағалау және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімдері жұмыс істейді. Олардың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құжаттарын мемлекеттік есепке алу, сақталуын қамтамасыз ету, ведомстволық архивтерге әдістемелік-ұйымдастырушылық басшылық ету, азаматтар, ұйымдар мен кәсіпорындар сұраныстарын орындау.

Архив жұмысының ерекше бір бөлігі – архивтік анықтамалар беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсету.

Әлеуметтік-құқықтық сипаттағы өтініштерді қабылдап, сұраныстарға жауап беру Ұлттық архив қорында сақталған құжаттарды пайдалану жұмысының негізгі бөлігін құрайды. Жыл сайын архивте қызмет жолы туралы еңбек өтілін анықтауда, еңбекақыны есептеу, марапатталғандығы, жер бөлу шешімдерінің көшірмесін алу мақсатында, құрылыс аясындағы жер учаскелерін белгілеуде, тұрғын үйді жекешелендіруге және, тек, Қазақстан ғана емес, жақын және алыс шет елдерден келген жеке және заңды тұлғалардың 2500-3000-ға тарта әлеуметтік-құқықтық, тақырыптық сұраныстарға ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау реті туралы» Заңына сай кез келген азаматтарға мінсіз қызмет көрсету міндеттеліп, 11 жұмыс күн  ішінде толықтай жауап беріледі.

Бүгінгі таңда архивте 229 қор бар. 229 қорда – 113625 сақтау бірлігі, оның ішінде, 75 қордың тұрақты сақталатын 29752 сақтау бірлігі және жеке құрам бойынша 151 қор, 83622 сақтау бірлігі, фотоқор – 49 сақтау бірлігі, бейнеқор – 6 сақтау есебі, 2 жеке тектік қор сақталуда. Ең көне құжаттар 1935-1948 жылдардан басталады. Барлық деректердің келешек үшін маңызы зор болғандықтан, оны сақтау – біздің басты борышымыз. Мемлекеттік сақтаудағы құжаттардың табиғи жағдайын жақсарту, сақтауды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік архивте құжаттардың есебі мен жағдайын тексеру, өңдеу, тігу, картондау, өңі кеткен мәтіндерді қалпына келтіру, аса құнды құжаттарды анықтау, есептегі құжаттардың топтамасын тексеру сияқты жұмыстар үздіксіз жүргізіліп тұрады.

Мемлекеттік архив ведомстволық архивтердің жұмысына да көңіл бөледі. Архив қызметкерлері мекеме, ұйым, кәсіпорындарының іс жүргізуіне әдістемелік, тәжірбиелік көмектер көрсетеді.

Мемлекеттік сақтаудағы құжаттардың негізінде фотодеректі көрмелер, бұқаралық ақпараттық құралдары үшін мақалалар даярлау жүзеге асады, архив қызметкерлері лекциялар оқиды, сабақтар, семинарлар, экскурсиялар өткізеді.

Қазіргі кезде архивте «Ұлы Отан соғысына қатысушы сарандықтар» және «Саран қаласының Құрметті азаматтары» атты 2 қор және Б.Ешмағамбетовтің, К.Жәкеновтің, М.Исеновтің, Қ.Карпиковтің, Ж.Қожановтың, А.Лысяктың жеке тектік құжаттары сақтаулы.

Бүгінгі күні архив саласының жұмысына 15 білікті қызметкер ат салысуда. Мекемеде  архившілердің еңбегі еленіп, Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен – жоғарғы санатты архивші А.Уәлибекова және Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және  құжаттама басқармасының Құрмет грамоталарымен – мемлекеттік қызмет көрсету бөлімі басшысы О.Алексеева, бас есепші Г.Киикова, архившілер Ж.Темірбекова, Н.Морозова, Ж.Құрманалина, Г.Мырзағожина марапатталды.

Қазіргі таңда архивші мамандығының қоғамдық маңызы артып келеді. Олар халқымыздың құжаттық мұрасын сақтап қалу жолында тынымсыз еңбек етеді. Себебі, ешбір елдің кешегі өткен тарихы болмаса, болашағының болуы мүмкін емес.

Жоғары жауапкершілік, кәсіпке шексіз берілгендік, шығармашылық, адамдарға шын ықыласпен көмек көрсету – сарандық архившілерге тән қасиеттер.

Архив – толықтай техникалық құрал-жабдықтармен және                     компьютер, интернет желісімен жабдықталған. Архив жұмысында мемлекеттік тілді кеңінен қолдануға, тілдік ортаны қалыптастыруға жете көңіл бөлінген.

Айдын ҚҰЛЖАНБЕКОВ,

Саран қаласы мемлекеттік архивінің басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button