Бас тақырыпОблыс әкімі

Кенді өңірдегі мәселелер – назарда

Бейсенбі күні облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Жезқазған-Ұлытау өңіріне жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында аймақ басшысы Жезқазған қаласын сумен қамту, Жезді кентіндегі байыту фабрикасын қалпына келтіру және басқа мәселелерді назарға алып, жезқазғандық бір топ дәрігерге пәтер кілттерін табыстады.

Сурет : Облыс баспасөз қызметінен

Жезқазған қаласын сумен қамту мәселесі қала әкімдігінде өткен жиында талқыланды. Бұл – қазір өткір тұрған мәселе. Проблеманы шешуге «Қазақмыс» корпорациясы атсалыспақ. Су құбырының барлық апатты учаскесін жөндемек.

– Үйтас-Айдос жерасты су желісі бойынша бұрын апатты учаскелер 2-3 шақырымдық қысқа бөліктермен жөнделген болатын. Енді біз қалған 40 шақырымға созылған учаскені жөндеуге дайынбыз. Бұған қоса, Есқұла жерасты су жүйесі бойынша үш жоба дайындап жатырмыз. Қазір жобаларды әзірлеу аяқталуда. Қаңтар айының соңында мемлекеттік сараптамаға тапсырылатын болады. Бұл жобаларды жүзеге асыру қаланы сапалы сумен жабдықтау мәселесін шешуге көмектеседі, – деді «Kazakhmys Copper» АҚ басқарма төрағасы Бахтияр Қырықпышев.

– Жезқазғанды сумен тұрақты қамту – басты мәселе. Сондықтан құжаттарды дайындап, жұмысты уақытында бастау қажет. Біз қала тұрғындарын сусыз қалдырмауымыз керек. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады, – деді Жеңіс Қасымбек.

***

 Жезқазғанда дәрігер тапшылығы ведомстволық тұрғын үй беру арқылы шешілуде. Жеңіс Қасымбек сегіз дәрігерге пәтер кілттерін табыс етті.

– Сіздердің жұмыстарыңыз өте күрделі және маңызды. Күндіз-түні дәрігерлер жүздеген адамның өмірін құтқарады. Сондықтан, біз өз тарапымыздан дәрігерлерге пәтер мәселесін шешуде көмек көрсетуді жалғастырамыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Әкім өңірде 300-ге жуық дәрігер осы жылы қызметтік баспана алатынын атап өтті. Атап айтқанда, Жезқазғанда көпқабатты үйлердің бірінен пәтер сатып алу және жөндеу жұмыстары жоспарланған. Күзге қарай тағы 50 дәрігер қоныс тойын атап өтеді.

Бұдан кейін әкім Жезқазған қалалық ауруханасы мен медициналық колледжіне барды.

Аурухана қалашығы Жезқазған қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында қалпына келтірілген. Бұл ауқымды жоба үш жыл бұрын басталды. Биыл қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталды.

Енді мұнда кеңес беру-диагностикалық орталығы, емхана, наркология, ЖИТС орталығы, туберкулезге қарсы балалар шипажайы орналасқан. Аурухана қалашығындағы барлық ғимараттар жөндеуден өткен. Ондағы инженерлік коммуникациялар толығымен ауыстырылды. Сондай-ақ, аумақ ретке келтіріліп, абаттандырылды.

Қазір емханада 20 мыңға жуық адам тіркелген. Кеңес беру-диагностикалық орталық күніне 250 пациентті қабылдайды. Оңтүстіккореялық жоғары технологиялық жабдықтары сатып алынды. Дәрігерлердің айтуынша, жұмыс істеу оңай, ыңғайлы және жылдамдай түскен.

Аурухана қалашығында, сондай-ақ, Жезқазған медициналық колледжі орналасқан. Онда Жеңіс Қасымбек мейірбикелерді, акушерлерді, фельдшерлер мен лаборанттарды даярлаудағы жаңа әдістермен танысты.

Бұл жерде дуальды білім беру элементтері қолданылады. Студенттер емдеу ісі, мейірбике ісі, стоматология және зертханалық диагностика мамандықтары бойынша білім алады.

– 2017-2018 оқу жылында біз 88,3 млн. теңгеге заманауи симуляциялық жабдықтар сатып алдық. Интерактивті оқу жабдықтары орнатылды. Өткен жылдың қаңтар айында «Стоматология» мамандығы бойынша колледждің өзіндік клиникалық базасы ашылды. Онда студенттер дуальді оқыту аясында практикалық дағдыларды жетілдіруде, – деді колледж директоры Меруерт Молдина.

Колледжде 571 студент оқиды. Оның ішінде, 378-і мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алады. Тәжірибені олар аурухана қалашығында өтеді.

***

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек сапар барысында Жезді және Қарсақпай кенттеріне барды. Бірнеше нысанды аралап, тұрғындармен кездесті.

Облыс әкімі Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының жұмысымен танысты. Соңғы жылдары бұл мұражайға жастар жиі келе бастаған. Бұл туралы мұражай директоры Зейпін Қазанбаева мәлімдеді.

Жезді кентіндегі мұражай тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы жалғыз мұражай. Экспозиция ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін тау-кен балқыту ісінің қалай дамығаны туралы баяндайды. Мұражайда 20 мың жәдігер сақталуда. Оның 15 мыңы – түпнұсқа. Ашық аспан астында механизмдердің бірегей үлгілері, кен өндіру және тасымалдау үшін қолданылған техника, Орталық Қазақстанның полиметалл кендерінің үлгілері жинақталған.

Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдуәли алдағы уақытта Жезді кентінің мұражайын туристік маршрутқа қосуды жоспарлап отырғанын айтты.

Облыс әкімі Қаныш Сәтбаевтың мұражай-үйімен бірге Қарсақпай кентіндегі екі нысан металлургия тарихына арналған қызықты туристік маршруттың бір бөлігі бола алатынын атап өтті.

***

Әкім Жезді тұрғындарымен кездесті. Ақсақалдардың ортаға салған басты мәселесі – жұмыссыздық, жөндеу жұмыстарын қажет ететін аурухана мен жол сапасы болды.

– Кент тұрғындары Сәтбаев және Жезқазған қалаларында жұмыс істеуге мәжбүр. Жергілікті байыту фабрикасы тек жазда ғана жұмыс істейді және тек 40 маусымдық жұмысшыны қабылдайды. Ал, қыста өндіріс тұрып қалады. Бұл кәсіпорын біздің кент тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ете отырып, үнемі жұмыс істегенін қалаймыз, – дейді жергілікті тұрғындар.

Жеңіс Қасымбек бұл мәселені жеке бақылауға алуға уәде берді.

 – Кент үшін қыста жұмыс істемей тұрған жергілікті байыту фабрикасының өндірісін қалпына келтіру өте маңызды. Сонымен қатар, шикізат, инфрақұрылым, перспективалар бар. Ең бастысы, онда жұмыс істеуге дайын жергілікті тұрғындар бар, – деді әкім.

Аймақ басшысы кенттегі қараусыз қалған көпқабатты үйлердің мәселесі шешілетіндігін хабарлады. Кейбір бос тұрған үйлерді қалпына келтіру, ал қалғандарын бұзу жоспарлануда. Жергілікті аурухананың күрделі жөндеуіне құжаттар дайын болған соң облыс қаржыландыруға көмектеспек.

– Биыл біз Сәтбаев қаласынан Жезқазғанға дейінгі жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Күзде Жезқазған-Қызылорда, СәтбаевҰлытау жолдарында және одан әрі Арқалық қаласына дейін жұмыстар басталады. Жезді және Қарсақпайдың жолдары менің бақылауымда болады. Біз бірлесіп жұмыс істейміз және мәселелеріңізді шешеміз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button