Қазақстан халқының бірлігі күні

Келісім мен жасампаздық жолындағы ширек ғасыр

Биыл – еліміз үшін атаулы күндерге толы ерекше жыл. Жасампаздықтың жарқын айғағы қатарында Ұлы Жеңіске – 75, Ата Заңның қабылданғанына – 25, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуы секілді мерейлі мерекелер тұр. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының 1995 жылы қабылданған Конституциясы елдегі түрлі қоғамдық-саяси күштердің өзара келісімін қамтамасыз етті деп тұжырымдауға толыққанды негіз бар. Дәл осы жағдай оны саяси тұрақтылықтың маңызды факторына, бейбітшілік пен ынтымақтың кепіліне айналдырып, кемел келешектің іргетасын нығайта түсті. Қоғамдық, оның ішінде этносаралық қатынастарды Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап үйлестіру – еліміздің ішкі саясатының өзегі. Осы ретте, Конституцияның 1-бабында мемлекет қызметінің негізін қалаушы қағидаттар қатарында қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықтың аталуы бекерден бекер емес.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді дана халқымыз. Тірліктің сан қилы теперішін басынан өткерген, қай заманда да қиындықтан қайыспаған халқымыз осы сөздің астарына үлкен мағына сыйғызды. Халық бірлігі ғана мемлекеттің негізгі қозғаушы күші бола алатынын дөп басып айтты. Бірліктің рухани негізі мен елдің біртұтастығы, толерантты қарым-қатынас этносаралық және конфессияаралық келісімді қалыптастыруда азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылына, тиімді диалогына жағдай жасады.

Елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауда тікелей Елбасының бастамасымен құрылған, әуелде Қазақстан халықтары Ассамблеясының аталған құрылымның рөлі зор болды. Мемлекетті құрушы қазақ ұлтының айналасына шоғырланған түрлі этнос өкілдері Ассамблея арқылы рухани тұрғыда қайта түледі. Оның 25 жылдық тарихы жетістікке жету жолындағы қиын да қауырт еңбек жолынан өрілді. Тарихтың осынау кезеңдегі парақтарында әр өңірдегі түрлі ұлттардың ғажайып үйлесімділігі, тату-тәтті тіршілігі, Тәуелсіз елімізді көркейтудегі ерен еңбегі жазылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жылнамасында аймақтағы 100-ден астам этностың 75 этно-мәдени бірлестігін біріктірген Қарағанды облысы да лайықты орын алды.

Этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, ұлттық патриотизмді дамыту, этно-мәдени бірлестіктердің азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосқан облыстық ҚХА, өңірдегі азаматтық қоғам құрылымдарының алдыңғы легінен орын алды. Оның бастауында өз қызметтерін 1982-1992 жылдардан бастаған «Видергебурт» немістер қоғамы, Қазақстан корейлері қауымдастығының филиалы, еврей мәдениетінің орталығы, «Ихлас» татар-башқұрт орталығы, «Вайнах» шешен-ингуш орталығы мен гректердің «Авги» орталығы тұр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап, этносаралық татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, олардың қауіпсіздігі мен бейбіт тұрмысын қорғауға бар күш-жігерін салды. 1992 жылы Қазақстан халқының кезекті форумдарының бірінде жасаған баяндамасында Тұңғыш Президент «біз күнделікті әр адамның, әр халықтың, әр ұлттың дауысын естиміз бе? Өкінішке қарай, әрдайым олай емес. …Біз жаңа қоғамдық институт – Қазақстан халықтарының келісімі және бірлігі Ассамблеясын құра аламыз. Ол жалпыхалықтық ұлтаралық келісімді бекіту міндетін шешетін саяси емес, үкіметтік емес ұйым болар еді» деген болатын. Осылайша, көп ұзамай, яғни, 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан халықтарының Ассамблеясы» институты құрылып, іске кірісті.

Алайда, сол кезде Ассамблея мемлекеттік масштабтағы қоғамдық институт ретінде қалыптасуы үшін талай қиындықты еңсеруі керек еді. Еліміздің әр өңіріндегі ұлттық-мәдени орталықтардың қабілет-қарымын бірнеше жыл қатарынан қадағалап, жағдайға шынайы баға беру арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы Ассамблея құру идеясын жүзеге асыруға әрі жасампаздық идеологиясымен қаруландыруға мүмкіндік берді. Көшбасшы идеясын барлық этностардың өкілдері ризашылықпен құлшына қабылдады. Ал, ҚХА-ның қалыптасуында қазақ халқының даналығы үлкен рөл атқарды.

Алғашқы мәдени орталықтардың жұмысы фольклорлық іс-шаралар өткізу, дәстүрлерді қалпына келтіру мен ана тілін үйренуден басталды. Балалар қолөнердің қарапайым тәсілдерін, салт-дәстүрлерді, ұлттық ойындарды үйрену үшін жексенбілік мектептерде бас қосты. Кейіннен облысымызда этно-мәдени бірлестіктер құрыла бастағанда бұл тәжірибе сұранысқа ие болды.

Жылдар өткен сайын ұлттық-мәдени орталықтардың саны ұлғая берді, этносаяси білім деңгейі жетілді, сәйкесінше, облыстық Ассамблеяның беделі арта түсті. Осы кезде оның қызметіне ғылыми көзқарас, әлеуметтік талдауды тереңдету, заманауи терминологияны қалыптастыру, ұлттық мәдениетті жаңғырту фактілерін ғылыми тұрғыда түсіндіру қажет болды. Осылайша, ҚХА қызметінің тың формасы қалыптасып, этносаясаттың жаңа тілі дүниеге келді. Ұлттық-мәдени орталықтарды бірыңғай «этномәдени бірлестіктер» терминімен атау ұсынылып, қабылданды. Ал, 2007 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясы атауы өзгертіліп, ол Қазақстан халқы Ассамблеясы атанды. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның шынайы болмысы – азаматтардың біртұтастығын одан әрі бекіте түсті.

Этно-мәдени бірлестіктердің қызметін ғылыми қолдау мақсатында құрамына белгілі ғалымдар кірген ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесі құрылды, одан бөлек, аймақтық ҚХА жанында да ғылыми-сараптамалық топтар пайда болды.

Біздің облыста ҚХА мүшесі, ІІ дәрежелі «Достық» орденінің иегері, медицина ғылымдарының кандидаты В.Молотов-Лучанский жетекшілік ететін ғылыми-сараптамалық топ 2010 жылдан бері этносаралық қарым-қатынас саласындағы ғылыми зерттеулерді үйлестіріп, бірлестіктердің тәжірибесін зерттеумен айналысып келеді.

Ассамблея мемлекетпен бірге даму үстінде, оның қызметі қоғам дамуының кез-келген бағытында сұранысқа ие. Жұмыс әдістері мен формалары да жетіле түсті. Бүгінгі таңда Қоғамдық келісім, Аналар кеңесі, Журналистер клубы тәрізді құрылымдары бар. Облыстық Ассамблея бұдан бөлек, аймақтағы қайырымдылық қызмет пен медиация жұмысын үйлестіріп қана қоймай, қоғамдық-саяси жұмыстарға атсалысып, уақытпен бірге тыныстауда. Осы орайда, бір ғана КХА мүшесі, Қарағанды облыстық КХА төрағасының орынбасары, мерейлі меценат Бекзат Алтынбековтің жомарт жүрегінің жоралғыларын атаса жетіп жатыр. Бірнеше рет ұйымдастырылған «Қайырымдылық керуені» шарасының көшін бастап, қаншама отбасыға, ондаған жас маманға жүрек жылуын сыйлаған Бекзат Қомарұлының ізгі істері – көпке үлгі боларлық.

Бүгінгі таңда қоғамдық бірлестіктердің қадамы – нық, қызмет ауқымы – кең. Олардың оң имиджін қалыптастыру этномәдени бірлестіктер көшбасшыларының жауапты міндетіне айналды. Азаматтық қоғамды дамытудағы рөлдері – саяси элита мен масс-медианың ғана емес, тұрғындардың да қырағы назарында.

Мысалы, 1988-1990 жылдары ұлттықмәдени орталықтарды құру кезінде өз этностарының өкілдерін тарту, тарихи дәстүрлерді жаңғырту, ана тілін үйрену тәрізді міндеттер қойылса, қазір ол күрделене түсіп, біртұтас Қазақстан халқын дамытуға қосқан үлесі ретінде тұжырымдалады. Орталықтардың өздері де, көшбасшылары да өткізілетін іс-шаралардың сапасы мен мазмұнына ерекше көңіл бөліп, олқы тұстарын жетілдіруге қатысты айтылған пікірлерді ұдайы назарда ұстайды.

Біз, әлбетте, ҚХА-ның құрылғанына 25 жыл толғаны жайлы сөз қозғағанда, оның басы-қасында болып, рухани дәстүрлерді қалыптастыруға үлес қосушылар – беларусь этно-мәдени бірлестігінің негізін қалаған Анатолий Майсюк, Қарағанды еврейлер қоғамының төрағасы Михаил Фаликович, «Полония» этно-мәдени орталығының негізін қалаған Александр Сваричевский, «Намус» әзірбайжан бірлестігінің жетекшісі Агиф Мамедов, «Рiдне слово» украин тілі қоғамдастығының төрағасы Мирослав Зеленяк, «Видергебурт» неміс орталығы құрылғалы басшылық еткен Қазақстанның бұрынғы сенаторы Виктор Кист туралы айтпай өтуге болмайды.

2019 жылы 30 жылдығын тойлаған корей этно-мәдени бірлестігі облыс орталығында «Қазақ Еліне – мың алғыс!» ескерткіш белгісін орнатты. Литва бірлестігі қаланың қақ ортасынан түрлі әлеуметтік және қайырымдылық акциялары өткізілетін мәдениет және бизнес орталығына айналған «Литовский двор» ғимаратын салды.

Бүгінгі таңда этно-мәдени бірлестіктердің жұмысы мәдени-сауық, білім беру және патриоттық тәрізді үш бағытта жүргізіледі. Жастардың патриоттық тәрбиесі – облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің маңызды міндеттерінің бірі. Белсенділер жастармен кездесіп, мектептерде Ассамблея жұмысы жайлы айта отырып, этносаралық және конфессияаралық келісім саясатының негізгі қадамдарын түсіндіреді. Азаматтық қоғам қалыптастырудағы этно-мәдени бірлестіктердің үлесі хақында әңгімелейді.

Ассамблеяның сан қырлы жұмысы туралы хабарлар бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрініс табады. Соңғы бес жылдың өзінде облыс БАҚ-тарында 500-ге тарта мақала, сұхбаттар мен репортаждар жарық көрді. «Хабар» агенттігі, «24KZ», Орталық коммуникациялар қызметінің жаңалықтары арқылы облыстық Ассамблея жұмысы республикаға да танымал.

Этно-мәдени бірлестіктердің жетістігі – барша қазақстандықтардың мақтанышы. Олардың ішінен азаматтық институттар бірлестігін, жастар қозғалысын, басқа да мемлекеттік этносаясат төңірегіндегі өзге де қоғамдық құрылымдарды атап көрсетуге болады. Этно-мәдени бірлестіктер де осы бағытта жұмыс жасауда. Мәселен, бірнеше жыл қатарынан Қарағандыда қоғамдық резонансқа ие болған «Фрейлехе Киндер» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының халықаралық фестивалі, «Мэрцишор» румын фестивалі өткізіліп келеді.

Әлеуметтік бағыт – бірлестіктер қызметінің маңызды бөлігі. Ассамблеяның даму векторы ретінде этно-мәдени бірлестіктер әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамды біріктіруге бағытталған жобаларды қолға алған. Мәселен, облыстағы су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарына көмек көрсетуді армян, шешенингуш, өзбек этно-мәдени бірлестіктері, «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» филиалы өздерінің борыштары деп есептейді. Одан бөлек, Арыстағы оқыс жағдайда да тысқары қалмай, гуманитарлық көмек қолын созды.

Ал, «Видергебурт» неміс орталығы бірнеше жыл мүмкіндігі шектеулі жандарға үйлерінде көмек көрсететін әлеуметтік қызметкерлерді қайта даярлауды қамтамасыз ететін жобаны жүзеге асырса, «Хэсэд Полина» еврей қайырымдылық қоры жанында жиырма жылдан аса уақыттан бері жалғызбасты қарттарға көмек көрсету орталығы бар.

ҚХА тарихындағы маңызды істердің бірі – этномәдени бірлестіктер мүшелерінің тарихи Отанының ресми өкілдерімен өзара тығыз қарым-қатынаста болуы мәселесі. Тарихи Отанындағы кәсіпкерлермен және қоғамдастықтармен экономикалық және мәдени байланысты дамыта отырып, облыстағы этно-мәдени бірлестіктер Қазақстанның көпвекторлы саясатының беделін халықаралық деңгейде нығайтуға үлес қосып келеді. Осы қарым-қатынас арқылы Ресей, Германия, Польша, Израиль, Армения, Грузия, Түркия, Әзірбайжан тәрізді бірқатар елдердегі дипломатиялық өкілдіктермен, шығармашылық зиялы қауыммен іскерлік байланыстар нығайып, жұмыс сапарлары жоспарлы негізде жүзеге асырылуда.

 Жаңа тарихи кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі арта түсері күмәнсіз. Қазірдің өзінде әлеуметтік жаңғыру міндеттеріне сәйкес, этно-мәдени бірлестіктердің жастармен жұмыс тәсілдері, стандартты емес жұмыс түрлері – сұранысқа ие.

Демек, Қазақстан халқы Ассамблеясы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын, Тәуелсіз Қазақстан – Мәңгілік Елімізді қалыптастыратындар қатарында болары сөзсіз!

Гүлфайруз Рымбекова,

Қарағанды облысы әкімі аппаратының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button