Келісім барда – келешек бар

     18 қазан – Рухани келісім күні қарсаңында Саран қаласының Мәдениет үйінде «Рухани келісім – бейбітшілік тірегі» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы шеңберінде ұйымдастырылған игі шараға қала әкімі Ержан ТЕМІРХАНОВ қатысты.

Осыдан тура 25 жыл бұрын 1992 жылы 18 қазанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматы қаласында Бірінші Бүкіләлемдік Рухани Келісім Конгресі өткен еді. Содан беріде, міне, ширек ғасыр өткен екен. Осы мерзім аралығындағы еліміз қол жеткізген басты жетістік – қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық орнатуы дер едік. Сөйтіп, ширек ғасыр бұрын елімізде адамзат тарихында тұңғыш рет барлық дін өкілдері, қоғамдық діни ұйымдардың өкілдері бас қосқан болатын. Конгрестің 18 қазан күні өтуі де кездейсоқтық емес. Себебі, 1893 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласында осы тектес съезді шақыру талпынысы болған еді. Содан бері мемлекетімізде 18 қазан – Рухани келісім күні ретінде атап өтіледі. Қазіргі күні елімізде 130-ға жуық этнос пен 17 конфессия өкілдері қоныс тепкен.

Шараға қатысушылар қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қарағанды облыстық «Вайнах» ше­шен-ингуш этно-мәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев, Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Дала казактары Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалының Атаманы Семен Раков, Саран қаласындағы этно-мәдени қоғамдық бірлестіктердің, конфессиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік мекемелердің, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдері болды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ең алдымен, атаулы күнге орай арнайы әзірленген бейнебаянға зер салды. Ұлт бірлігін ұйытқан келісім мен түсіністік һақында әзірленген сапалы дүние – ойландырмай қоймады. Елбасының көрегендігі мен ерен ерлігі нәтижесінде халықтың бірлігі мен ынтымағы нығайып, кемел келешекке деген сенім пайда болды. Бірлік жоқ жерде тірлік те жоғы аян. Сондықтан, Рухани келісім күні – арқалағаны атан түйенің жүгіндей белді де беделді мереке. Осы айтылған ой төркіні – үлкен экраннан ұсынылған бейнебаянда кеңінен көрсетілді.

– Қайырлы күн, құрметті қауым! Сіздерді келе жатқан Рухани келісім күнімен құттықтаймын. Әлемдегі бейбітшілікті сақтаудың бірден-бір жолы ретінде рухани келісім идеясын алғаш ұсынған ел – Қазақстан екені біз үшін аса зор мақтаныш. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Қазақстан топырағы ұлысы мен діни наным-сенімі әртүрлі адамдардың аққан терімен сусаған. Бірлесе жүріп біз қалалар мен кенттер тұрғызып, егін өсіріп, индустриямызды құрып, жол салып, шаңырақ көтеріп, бала тәрбиелейміз. Бірге қуанып, қиын-қыстау кезде бір-бірімізге қол ұшын созамыз» деген еді. Қазіргі күні түрлі ұлыстың азаматтары мемлекеттік қызметте, бизнесте, ғылым және білім саласында еңбек етуде. Бойдағы дарындарын өнер мен спортта көрсетіп, Қазақстанды бүкіл дүние жүзіне танымал етуде, – деді Ержан Темірханов.

Дөңгелек үстел барысында сөз алған азаматтар қатарына жоғарыда аты аталған  Увайс Джанаев,  Семен Раковпен қатар, облыстық ақпараттың топтың мүшесі, Қарағанды облысы әкімі аппараты мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау аймақтық орталығының аға оқытушысы Серік Мұстафин болды. Ержан Темірханов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған кириллица әліпбиінен латын қарпіне көшу мәселесіне ерекше тоқталды.  Бұл ретте Серік Хамзаұлы да аталған ойға қатысты кең ақпар беріп, латын әліпбиіне ауысудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, шара барысында Саран қалалық мешітінің имамы Мұхаметқали Саликов, Саран қаласындағы шіркеу басшысы Виталий Казанин, Рим-католикалық шіркеу қауымының басшысы Владимир Дзуренда сынды дін өкілдері де бұл күннің маңыздылығы туралы ой толғады.

Шара соңында концерттік бағдарлама ұсынылып, дөңгелек үстелге қатысушыларға ҚР Рухани келісім күнінің 25 жылдығына орай қала әкімі атындағы грамоталар мен естелік кәдесыйлар табыс етілді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

 

САРАН қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.