Қарағанды

Келешек кілті – жастарда

     IMG_8854Қарағандыға іссапармен келген Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал НҮКЕНОВ облыстың белсенді жастарымен кездесті. Жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысып, азаматтық қоғам мен жастар саясаты саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Айта кеткен жөн, еліміздегі ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өткен жылдың қыркүйек айында құрылған болатын. Жаңа ведомство 3 негізгі бағытта, дін істері, қоғам және жастар саясаты негізінде жұмыс жасайды. Қарағанды облысының жастарымен кездесудегі басты тақырып – жастар саясаты төңірегінде болды.

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы М.Құттыбай: «Қазіргі таңда Қарағанды облысында 14-29 жас аралығындағы 4629 жас бар. Жастардың ахуалын реттеу саласына облыстық және жергілікті бюджеттен біршама қаржы бөлінген. Облыстағы 70-тен астам топтар жастар саясаты төңірегінде жұмыс жасауда», – деп атап өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын тілге тиек еткен вице-министр еліміздің жаңа дәуірдегі жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Жастарды Елбасы мақаласындағы идеяларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуға шақырды. «Азаматтық қоғам туралы айтқанда Елбасының мақаласына тоқталып өткен жөн. Бұл ретте министрлік тарапынан «Атамекен» жобасы жұмысын бастап, өңірлерде «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. «Азаматтық бағдарламалар картасы» – жергілікті жерде жаңадан орын тепкен нысандарды ынталандыру мақсатында ашылып, онлайн түрде жүзеге асады», – деді.

Абзал НҮКЕНОВ, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі:

Жастарда Отанға деген сүйіспеншілік бірінші орында тұруы тиіс. Жастар үшін бұл жолда сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Жастар дұрыс бағыт-бағдар алып, «Дипломмен ауылға», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» сынды жобаларға атсалысуы тиіс. Мысалы, мектепті үздік бітірген оқушылар үшін жыл сайын еліміздің аймақтарын аралауға арнайы тур ұйымдастыру қажет. Бұл жастарға жақсы серпін береді деп ойлаймын. Сондай-ақ, біздер жылына бір рет еліміздің барлық білім ошақтарында отбасы сағатын өткізуді қолға алдық. Бұл – әрбір оқушының ертеңін дұрыс қалыптастыруына жағдай жасайды.

Сондай-ақ, вице-министр қазіргі таңда елімізде белең алған әлеуметтік мәселелерге де тоқталды. Күйзеліске ұшыраған жастардың 90 пайызы суицидке баратынын ескертіп, әлеуметтік проблеманың Қарағанды өңіріне де қатысы барын айтып, жол бермеу үшін жастар орталықтарының жұмысы белсенді болу қажеттігін ескертті. Әр жас ата-баба дәстүрін сақтау арқылы үлкендер салған сара жолдан адаспайтынын айтқан вице-министр діни экстремизм тақырыбына тоқталды. «Аймақта көзі ашық, белсенді жастар көп. Бұл ретте өңір жастары дін төңірегінде орын алып жатқан жағдайлардан хабардар деп ойлаймын. Қандай жағдай болмасын, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет екенін айта отырып, зайырлылықты бірінші орынға қоюымыз керек. Әрбір жас ұлттық дәстүр, мәдениетімізді сақтай отырып, қазығы қағылған имандылық жолымен жүруі тиіс», – деді.

Жиын барысында жастар көкейде жүрген сауалдарын қойып, «Жастарға мейірімді мекен» республикалық жобасын талқылады. Жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жетілдірудің, болашақты басқара білу жолындағы тиімді ұсыныстарын айтты.

Сондай-ақ, Абзал Нүкенов ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған «Спасск» оқу-жаттығу орталығында өткен «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының жабылу салтанатына қатысып, жастарға алғыс білдірді. «Өз еліне, жеріне, ұлтына қорған болатын еліміздің осындай жас азаматтармен кездескеніме қуаныштымын. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің жаңа белестерге қол жеткізуі жолында жастардың да үлесі мол екенін айтты. Әрбір жас ел мүддесі үшін аянбай еңбек етуі тиіс. Бұл жолда барлық мүмкіндіктер жасалған, – деп атап өтті. Сонымен қатар, вице-министр Теміртау қаласындағы волонтерлер корпусының жұмысымен танысты.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button