Келбеті – мәңгі жадымызда
Өмір – өзен, ағады да кетеді. Ешкім оны тоқтата алмайды. Ол өмірдің – Заңы. Осы өмірден қаншама жайсаң, ардақты да асыл азаматтар өтті. Соның бірі – қасиетті Қара Нұра бойында дүниеге келіп, сұм ажал арамыздан ерте алып кеткен Айдын Өмірбекұлы АБДЫҚАСТЫҢ да ел бесіктен жер бесікке аттанғанына да, міне, 40 күн толды. Зымырап қанат қаққан құс-ғұмыр, өтіп жатқан уақыт…
Әттең, өтпес өмір, тозбас темір бар ма?! Айдын да артына өзі жайлы біз айта жүрер естелігін тастап, ана дүниеге көшті. Қадамы тоқтағанша, қаламы қолынан түскенше қызмет жасаған Айдынның орны ортамызда ойсырап тұр. Сөзімен, ісімен, кескін-кейіпімен, жүріс-тұрысымен біздің көз алдымызда асқақ қалпында қалды. Бала сияқты аңғал, ақкөңіл, әр сөзінде жайдарлы ойын жататын. Ешқашан ешкімге ашуланбайтын Айдынды ажал шіркін осылай құрықтайды деп кім ойлаған?!
Әрине, бәрі бір Алланың қолында ғой. Әйтпесе, 45 жас деген немене?! Баладай аңғал бекзат мінез, дархан көңіл иесі болған Айдын өзіне тапсырылған тапсырмаларды тыңғылықты орындайтын. Өмір болған соң, әріптестер арасында түсініспеушіліктер болып жатса да, Айдынның ешкімге ашуланғанын көрген емеспіз.
Адам бойында бір керемет қасиеттер болса, сондай керемет қасиеттің бірі – оның ешкімге қабақ шытпай, бәрін көңілді күліп қабылдай беретіндігінде еді. Жұмыстың соңғы күні ерке мінезіне басып, кабинетке келіп, әріптестеріне «Сау болыңдар! Дүйсенбіде кездескенше күн жақсы!», – деп, ауыл әкімшілігімен күлімдей қоштасқан мырза жігітті соңғы рет көріп тұрғанымызды білмеппіз.
Бүгін біз Айдынды сағынамыз, іздейміз, оның тірлігінде айтқан әңгімесін еске аламыз. Арамызда жоқ болса да Айдынның қазақы кең кеудесі, жомарт жүрегі көңілімізге мәңгілік шуағын шашып тұрары ақиқат. Ортамызда бірімізге – іні, бірімізге – аға, бірімізге адал дос болған Айдын марқұмның қабірі нұрға толсын. Айдын өлген жоқ. Оның жарқын бейнесі біздің мәңгілік жүрегімізде. Артында шаңырағының түтінін түтетер, әке жолын жалғар екі кішкентай азаматы бар. Алла соларға ғұмыр бергей.
Кеншоқы ауылдық округінің әкімдігі және мәдениет үйінің ұжымы.