Қарағандыда ерекше жандарға жаңа жұмыс орындары ашылды
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесі қаралды. Өңірде бұл бағытта мемлекеттік қолдаудың бірнеше тетігі іске асырылып, азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастырумен қатар, жаңа кәсіп меңгеруге, өз ісін бастауға мүмкіндік беріліп келеді.

Жиында атқарылған жұмыстар туралы облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Спабеков баяндады.
– Бүгінде аймақта 54,5 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 27 мыңға жуығы – еңбекке қабілетті жаста. Қазір 10,7 мыңнан астам адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Яғни, еңбекке қабілетті мүгедектігі бар азаматтардың жұмыспен қамтылу үлесі 39,8 пайызды құрайды. Бұл – республикалық көрсеткіштен 9,8 пайызға жоғары. Жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларына 1382 адам тартылып, соның 887-сі жұмысқа орналасқан. Олардың бір бөлігі бос жұмыс орындарына қабылданса, өзгелері субсидияланатын жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, «Күміс жас», «Алтын жас» жобалары мен әлеуметтік жұмыс орындары арқылы еңбекке араласты. Жаңа кәсіп игеруге ниетті азаматтарға да мүмкіндік қарастырылған, – деді Ғалымжан Спабеков.
Басқарма басшысының баяндауынша, кәсіпкерлікке бет бұрғандар үшін қайтарымсыз грант тетігі бар. Биыл мұндай гранттардың саны былтырғы 225-тен 510-ға дейін ұлғайған. Алғашқы лекте мүгедектігі бар 32 адам және мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын 26 азамат грант иеленді. Олар қоғамдық тамақтану, тігін ісі, автокөлік жөндеу, сұлулық индустриясы, білім беру, мал шаруашылығы секілді түрлі бағытта кәсіп бастауға мүмкіндік алды.
Жұмыс берушілерге қойылатын талап та күшейіп келеді. Биыл өңірде мүгедектігі бар азаматтарға арналған квоталық жұмыс орындарының саны 291-ден 562-ге дейін артты. Квота облыстағы 53 жұмыс берушіге белгіленген. Бірінші жартыжылдықта осы орындарға 230 адам жұмысқа орналастырылған.
Сонымен қатар, мүгедектіктің сипатына қарай бейімделген арнайы жұмыс орындарын ашуға да басымдық берілді. Биыл олардың санын 13-тен 20-ға жеткізу жоспарланған. Жыл басынан бері есту және көру қабілеті осал азаматтарға арналған 11 арнайы жұмыс орны құрылды.
Мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін жиында кәсіпкерлер де бөлісті. Арнайы және формалық киім өндіретін «Дедал» фирмасының басшысы Равиль Шаипкин кәсіпорында 60-қа жуық адам еңбек ететінін айтты.
– Мемлекеттік қолдау шаралары мұқтаж азаматтарға нақты мүмкіндік берумен қатар, бизнесті әлеуметтік бағытта жұмыс істеуге ынталандырады. Бізде мүгедектігі бар екі адам тұрақты түрде жұмыс істейді, жеті адам арнайы жұмыс орны арқылы, тағы бір қызметкер субсидияланатын жұмыс орнында еңбек етеді. Бұдан бөлек, Қарағандыда құлақ мүкістігі бар азаматтарға тағы үш арнайы жұмыс орнын ашу мақұлданған. Абай ауданында да кәсіпорынның арнайы жұмыс орындарында үш азамат еңбек етуде, – деді кәсіпкер.
Өңірде жұмыспен қамтуға көмектесудің жаңа тәсілдері де енгізіле бастады. Шілде айынан бері «JOB COACH» жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында Тең мүмкіндіктер орталығы ашылып, онда арнайы даярлықтан өткен мамандар, ым тілі маманы мен психолог қызмет көрсетеді. Орталыққа осы уақытқа дейін 50 адам жүгініпті. Олардың екеуі тұрақты жұмысқа орналасып, тағы бірнеше азамат жұмыспен қамту шараларына қатысуға жолданған.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мүгедектігі бар азаматтарды еңбекке тарту жұмысын одан әрі жандандыру қажеттігін атап өтті. Жұмыс орындарын ашу, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану және жұмыс берушілермен байланысты күшейту бағытындағы міндеттердің орындалуын бақылауды орынбасары Ораз Тәуірбековке жүктеді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»




