Ресми

Кең өріске не кедергі?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында «Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет», – деді. Бұл – отандық өндіріске кең өріс беретін тұжырым. Қазіргі таңда ел аузында «біз түк өндірмейміз» деген жаңсақ пікір бар. Қарағанды облысында «Қазақстанда жасалған» деген атаумен өз өнімін өндіріп отырған бірнеше кәсіпорынның жұмысымен танысқаннан кейін бұл ойдың дәлелсіз екендігіне көз жеткіздік.

Маман – тапшы

Сөз басында «отандық өнді­ріске кең өріс» дегенді айтып қалдық. Осыдан барып, «Кең өріске жол ашу үшін не істеу керек? Неден ұтып, неден ұтылып жатырмыз?» деген сұрақ та қылаң берді.

Иә, бұл сауалдың жауабын өзіміз барып тілдескен зауыт, кә­сіпорын басшыларының аузы­нан шыққан сөзден тапқандай бол­дық.

Олардың айтуынша, бүгінгі бас­ты мәселе – кадр тапшылығы, тендердің уақытылы өтпеуі.

Шынымен де, қазіргі таңда жұмыссыздықпен күрес мемлекеттік деңгейде жүріп жатыр. Бірнеше бағдарлама түзілді. Жас та, зейнетке жасы келіп қалғандар да еңбекке араласып, нәпақасын таба алады. Соған қарамастан, кәсіпорындарда маман – тапшы. Ал, мыңдаған адам жұмыс сұрап, мекемелердің табалдырығын тоздыруда.

Бір ғана «Maker-KLMZ» ЖШС-іне фрезерлік оператор, компьютермен басқарылатын машина операторы, металл конструкцияларды құрастыру жөніндегі слесарь, электр және газбен дәнекерлеуші, автоматты және жартылай автоматты қондырғыларға электр дәнекерлеушілер қажет.

Мұндай кадр тапшылығы «Энер­госистемы ЭЛТО» мекеме­сінде де бар. Серіктестік басшысы Александр Ларионов:

– Біздің зауытта 120 адам жұмыс істейді. Дегенмен, басқа кәсіпорындардағыдай бізде де кадр жетіспеушілігі бар. Әрдайым мем­лекеттік «Еңбек» сайтына бос орындарды ұсынып келеміз. Иә, жұмыс істеймін деп келушілер көп, орнығып қалушы жоқ десек те болады. Мысалы, соңғы екі-үш жылда еңбекке аралассам деген ниетпен 100-ге тарта адам келді. Оның екеуі бізде қалды, – дейді.

Сонымен қатар, «КазПласт» ЖШС-де «мамандар керек» дейді.

– Жұмыстың жеңілі болмайды. Бізде өндіріс автоматтандырылған. Ең төменгі жалақы 250 мың теңгеден басталады. Солай болса да, маман тапшылығы сезіледі. Оқып диплом алған жастар неге келгісі келмейтіні түсініксіз. Жеңіл ақша табуға құмар болып кеткен бе? Құзырлы органдармен бірлесіп, осы мәселені шешуді де ойластырсақ екен, – дейді «КазПласт» ЖШС директоры Александр Иванов.

Сонымен қатар, біз, арнайы бар­ған «Қарағандыавтотранссигнал» ЖШС-де жүргізуші, электрожөндеуші, дәнекерлеуші, түрлі жұмыс істеушілерге бос орын бар.

 

«Тендерге тәуелдіміз»

Отандық өнім шығарып отыр­ған Қарағандыдағы компаниялардың дені тендерге тәуелді.

– Біздің өнім бүкіл Қазақстанға тарайды. Дегенмен, тендердің жұмысқа келтіретін зиянын да айтуымыз керек. Мысалы, оңтүстік облыстарда құрылыс жыл он екі ай салынады, ал, солтүстіктің жұмыс маусымы – жаз бен күз айлары. Тендер тұзағы осы уақытта білінеді. Неге екені белгісіз, мемлекеттік сатып алу конкурстары тек көктем шыққанда ойнатылады да, қаражат жаз уақытының ортасында бөлінеді, жырым-жырым қылып, бөліп береді оны. Тендер ұтып алған компания өзіне керек затқа тапсырыс беріп, оған қол жеткізгенше тағы айлар өтеді. Қыс та келеді осы уақытта, басталған жұмыс келесі жылға қалады. Сонымен қатар, тендер ақшасы жазда берілгеннен кейін өнім өндіретін кәсіпорынға кесірі тиіп жатады. Яғни, мердігер компаниялар мен делдалдар белгілі бір өнімге бір уақытта тапсырыс беріп, жұмысты тежеп тастайды, – дейді «Энергосистемы ЭЛТО» ЖШС бас директоры Александр Ларионов.

Бұл – пайда емес, таза шығын. Жанталасқан кәсіпорынға қосымша жұмыс күшін тартуына тура келеді. Ал, нарықта жоғарыда айтылғандай маман тапшы.

Ал кәсіпорын басшылары мемлекеттік тендер неге жыл аяғында ойнатылмайтынын білмей дал.

 

Түйін

Отандық өнім шығарып, салықты төлеп, елге қызмет етіп отырған кәсіпорындарға қолдау керек-ақ. Олай болса, кәсіпорын басшыларының сөзіне де құлақ түрген дұрыс-ау…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button