Карантин күндері: «Оптимистерді құтқару» операциясы

Саяжай қоғамынан шыға алмай қалған күзетшілер азық-түліксіз қалып қойды. Жас кезінен мүгедек болып қалған қарағандылық бала, карантиндік аймақтан қажетті дәрісін ала алмауына байланысты қиындыққа тап болған. Қарағанды облысының әкімдігінде іске қосылған жедел әрекет ету орталығы осы және басқа да келеңсіз жағдайларды шешуге көмектесті.

Бір тәулік ішінде жедел әрекет ету орталығына тұрғындардан мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Оның ішінде, коронавирусқа байланысты жағдай, әлеуметтік қолдау шаралары және қажетті елді мекенге қалай жетуге болатынымен байланысты сұрақтар жиі қойылады.

Мысалы, жедел әрекет ету орталығына Теміртаудан келген мүмкіндігі шектеулі жан коңырау шалды. Ол өзіне қажетті дәрі-дәрмекті Қарағандыдағы жалғыз дәріханадан алады. Таксиді блок-посттан өткізбейді. Енді не істеймін? – деп жүгінді ол карантиндік аймақтан.
Орталық қызметкерлері жағдайды жедел шешуге көмектесті. Дәрі-дәрмекті алып қайту үшін ер адамға арнайы көлік ұсынды.
Жұмыс бабымен қаламыздың бірнеше тұрғындары карантин аймағынан тыс жерде азық-түліксіз қалып қойған. Қарағандыдағы блок бекеттің арғы жағында адамдарға көмек қажет екенін орталыққа қарағандылық журналист мәлім еткен.
– Саяжай қауымдастықтарының бірінде күзетшілер ауысып, төрт адам азық-түліксіз қалып қойды. Адамдар ол жерге бір апта бұрын келген. Ал қазір күзететін орындарын тастап кете алмайды. Біз де ол жерге бара алмаймыз. Себебі, ол саяжай блок бекеттің арғы жағында орналасқан, – деп мәлімдеді «Оптимист» саяжай қоғамынан хабарласып, көмек сұрағандар. 
Өтініш білдірушілерге азық-түлік жеткізу туралы түсіндірілді және мәселе шешілді.
Естеріңізге сала кетейік, жаңа құрылым аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің тапсырмасымен құрылған болатын. Бұл өңірлік жедел штабтың негізгі орталығы. Жедел әрекет ету орталығы тәулік бойы және демалыссыз қызмет көрсетеді. Онда барлық облыстық басқармалар мен департаменттердің, санитарлық қызметтің, полицияның қызметкерлері жұмыс істейді.
Орталыққа Senim 109 қызметіне келіп түсетін барлық сауалдар жіберіледі. Бұл сұрақтар бойынша түсініктеме және кеңес беріледі.
Кейбір мәселелерді қолмен атқарып, шешуге тура келеді.