Бас тақырып

«Көздерінде от ойнар…»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деп еді. Расында, болар ел ертеңін ойлайды.

Облысымыздың жастары қолдаудан кенде емес. Өңірде жыл сайын жастардың форумы өтеді. Биыл да өз жалауын көтерді. Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді, білімді, талапты жастардың басын қосты. «Saryarqa Jastary» деп аталған форум үш күнге жалғасады. Форумға Ассамблеяның белсенді жастары, Жастар ұйымдарының өкілдері, облыстың түпкір-түпкірінен келген еріктілер қатысуда.

Үш күн ішінде шеберлік сағаттары, тренингтер, интерактивтер циклі ұйымдастырылды. Семинар-тренингтерде өз ісінің білгірлері, кәсіби мамандары еңбекке талаптанған жас буынға дәріс оқыды, тәжірибелерімен бөлісті.

Форумның шымылдығы шаңырақ астындағы дөңгелек үстелмен ашылды. Дөңгелек үстелде Ассамблея мен әкімдік өкілдері сөз алып, форумның мақсатын айқындап алды. Форумның мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі шеңберінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік негізінде жастарды дамыту және шоғырландыру, әлеуметтік белсенділігін арттыру. Одан бөлек, өңірдегі Ассамблея өкілдерінің мемлекеттік органдар институттарымен, білім беру ұйымдарымен іскерлік байланыстарын нығайту. Шара «ҚХА облыстық жастар қозғалысын дамыту» жобасы аясында өтіп жатыр екен.

– Мемлекетіміз жас буынға қалай көңіл бөлетінін жақсы білесіздер. Себебі, білімді, белсенді жастар – қоғамның қозғаушы күші. Саналы жастары көп елдің келешегі жарқын екені сөзсіз. Облысымызда 62 этномәдени бірлестік бар. Әрқайсының жанынан жастар қанаты құрылған. Бізде тілді, ұлттық мәдениетімізді дәріптейтін барлық мүмкіндік бар. Жастар қанаты өте белсенді. Еліміздің ұстанымына сәйкес барынша еңбек етіп, үлгі көрсетіп жүр. Мәселен, қарағандылық жастарды бүкіл республика жақсы таниды. Сіздерді өзге өңірдің азаматтары құрметтейді.

Бүгінгі форумға ел тағдырына алаңдайтын, «елім, жерім» деп жүрген жастар жиналды. Осында жаңа достар табасыздар, өзара диалогта білімдеріңіз артып, танымдарыңыз кеңейеді деп үміттенемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Әдепбеков.

Форум үшін арнайы алыстан ат арытып келген спикерлердің бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Руфина Усанова. Ол жастармен мотивациялық кездесу өткізді.

– Мен талапты жас өрендерге өзімнің қызметтік жолым хақында айтып бердім. Әсіресе, Ассамблеядағы өміріме ерекше тоқталдым. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар туралы толық ақпарат беруге тырыстым. Жастар өз мүмкіндіктерін білуі қажет. Көбісі хабарсыз. Қазір кәсіп ашуға да, жұмысқа тұруға да, идеяларды жүзеге асыруға да мүмкіндік мол. Менің дәрісім осындай маңызды мәселелерді қамтыды. Барынша мотивация бердім деп ойлаймын. Одан бөлек, елді кері кетіретін жемқорлықтың зияны жөнінде ой қозғадым. Қазақстанның келешегі жастар осы бір індетпен күресуі тиіс, – деді Руфина Қасымқызы.

Форум «Достық үйімен» шектелмеді. Жастар Қарқаралы және Абай аудандарының киелі, тарихи орындарына барды. Мұндағы мақсат – жастарға өлке тарихын дәріптеп, тұмса табиғатын көрсету.

Форумның бірінші күні қатысушылар Долинка кентіндегі Қарлаг музейін аралады. «Мамочкино зираты» мемориалына барды.

Қарқаралы сапары тарихи шаһардың кіреберісіндегі Қарқабат ананың ескерткішінен басталды. Одан әрі Құнанбай қажы мешітіне ат басын бұрды. Хәкім Абай тоқтаған үйге де барды.

Жалпы форумға 50-ден астам белсенді жас қатысуда. Солардың бірі – Приозерск қаласынан келген Жазира Жорабекова. Ол форумнан өзіне қажетті білім алып қана қоймай, жаңа ортамен танысуға мүмкіндік туғанына қуанышты. Қызықты сапарлар да әсер еткенін айтты.

– Осындай форумға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Өңірдің үздіктерімен танысып, дос болдым. Адамды шыңдайтын – өзінің жүрген ортасы, – деді Жазира Жорабекова.

Форумға келген Ақнұр Әбілованың да қатысудағы мақсаты айқын.

– Осы форумнан көп нәрсе үйренетініме күмән жоқ. Алғырлармен пікір алмасып, тұлғалық тұрғыда ілгерілеуге әбден болады. Әсіресе, семинарларда өз ісінің үздіктері дәріс оқиды. Мен үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Бастысы – жігерлендім. Өзіме деген сенімділік артты, – деді Ақнұр Әбілова.

Форумды ұйымдастырудағы негізгі ниетті аңдағандай болдық. Басты мақсат – жастардың көзіндегі және кеудесіндегі отты жағу. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп еді ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан. Рас, көзде от, кеудеде бұлқынған мінез болмаса, ұлтқа қызмет етем деу бос әуре секілді.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button