Бас тақырыпРесми

Кәсіптен нәсіп тапқандар

Қарағанды облысында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асыру жалғасуда. Бағдарлама аясында мемлекеттік грант алып, кәсібін дөңгелеткендер саны артқан. Биыл осы мақсатта 191 грант беру үшін 263,58 миллион теңге қаражат бөлінді. Грант мөлшері 1 380 000 теңгені құрайды. Бүгінгі таңда грантқа қатысушылардың бизнес-жобаларын қарау жөніндегі қалалық және аудандық комиссиялардың шешімдеріне сәйкес жалпы сомасы 204,2 миллион теңгеге 148 адамға грант берілген.
Қарағанды қаласындағы мемлекеттік қолдауды көрген жас кәсіпкерлермен тілдесудің сәті түсті.

Кристина – әлеуметтік кәсіпкер

Қазақ тілінде оқытатын ерекше балаларға арналған ABA-терапия кабинетін ашқан Кристина Вороновская мемлекеттік грант бұрыннан ойда жүрген ісін ашуға септігін тигізгенін айтады.

– Мен өзім ерекше баланың анасымын. Қарағанды қаласында аутизм диагнозы бар балаларды қазақша оқытатын арнайы орталық болмағаннан кейін кабинет ашсам деген ой туындады. Алғашында «Бизнес бастау» курсынан өтіп, сертификат алдым. Бизнес-жобамды жасап, мемлекеттік грант алуға өтініш бердім. Жобам озып шығып, грант иегері атанып, 1 380 000 теңге қайтарымсыз қаражат алдым. Грант алу маған оңай болды. Өйткені, бұл саланы ұзақ зерттедім. Талдау жасадым. Баламды жетелеп, Қарағандыдағы аутизм дерті бар балаларды оқытатын барлық орталықтарды аралап шықтым. Төрт жылдай уақытым сонымен кетті. Маусым айынан бастап, осы арнайы кабинетті ашып, жұмыс істеп жатырмын. Бүгінде 10 бала оқиды. Әр балаға жеке уақыт бөлемін. Күніне бір бала 2-3 сағат тәлім алады. Кабинетті жалға алып отырмын. Ата-аналар оқу қаржысын төлеп тұ­рады. Бір үйде екі ерекше баласы барлар тегін оқиды. Бұл жобаның мен үшін ти­імділігі зор. Мен басқа балалармен қатар өз баламды да оқытып, жетілдіріп жатырмын. Екі-үш айдың өзінде біраз жетістікке жеттік, – дейді Кристина.

Мемлекет берген грантқа Крис­тина кабинетке керекті жабдықтарды сатып алған, ал, оқу құралдарына өз қаржысын жұмсаған.

– Бұл кәсіпті кеңейтіп, кабинетті арнайы орталыққа айналдырсам деген де ойым бар. Сол үшін тынбай еңбек етіп жатырмын. Қазіргі таңда ерекше балалары бар екі ана ABA-терапевт мамандығы бойынша білім алуда. Арнайы оқуды бітіргеннен кейін әлеуметтік кәсіпкер ретінде менің қарамағымда жұмыс істейтін болады, – дегенді айтады жас кәсіпкер.

Биге құштар Ақерке

Алты жасынан биге қатысқан Ақерке Зұлқарнайдың да өз кәсібін ашсам деген арманы орындалған. Бүгінде ол – «Асылым» би ұжымының көркемдік жетекшісі.

– Қарағанды қаласында­ғы №1 балалар өнер мектебін бі­тір­дім. Биді алты жасымнан меңгере бастадым. №86 мектептегі «Айналайын» би тобында өнерге қадам бастым. Мектеп бітіргеннен кейін жеке ансамбль ашсақ, өзіміз қаражат тапсақ деген ой маза бермеді. Кейін тәуекелге бел буып, осы «Асылым» би ұжымын құрдық. Топтың құрылғанына да алты жыл болып қалды. 10 биші қызымыз бар. Негізінен студенттер. Оларға бұл қосымша табыс көзі ғана емес, бидің түрлерін үйренуге зор мүмкіндік. Негізінен той, мерекелік концерттерде өнер көрсетеміз. Біздің басты мақсатымыз – дәстүрімізді насихаттау.
Кәсібімізді ұлғайту үшін биыл мемлекеттік грантқа құжат тапсырдық. Наурыз айында қаражат қолымызға тиді. Ұтып алған қаржыға ұлттық нақыштағы би көйлектерін алдық, – дейді Ақерке.

Жас кәсіпкерге Құдай қосқан қосағы Азиз әрдайым көмек қолын созып, бағыт-бағдар беріп келеді. Мамандығы экономист болғандықтан грантқа қатысқанда да бизнес-жобаны жазып-сызып, есеп-қисапты түзіп берген.

Үшінші лекте 55 грант

– Биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға ар­налған ұлттық жобаны іске асы­ру үшін 191 грантқа 263,58 миллион теңге қаражат бөлінді. Осы уақытқа дейін 148 грант иесін тапты. Алдымызда үшінші лек тұр. Онда 55 грант беру жоспарда. Гранттар кестесіне сәйкес business.enbek.kz. порталында өтінімдерді қабылдау 2023 жылдың 11 қыркүйегінен 22 қыркү­йегіне дейін жүргізіледі. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға грант халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға конкурстық негізде беріледі. Ол санатқа атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алу­шылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке жарамсыз көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырғандар жатады.
Ықтималды грант алушыларға, егер олар өтініш тапсырғанға де­йін ресми түрде жұмыссыз болған жағдайда беріледі. Үш жылдан аз уақыт жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер де мемлекеттік қолдауға ие бола алады, – дейді Қарағанды облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының бөлім басшысы Фараби Мұхтаров.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button