Кәсіпорынның тың тынысы
Мемлекет басшысының экономиканы өрістету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиісті тапсырмаларының бірі – кәсіпкерлікке кең тыныс беру, оның ілгері басуына мемлекеттік тұрғыда демеу жасау. Жезқазғандағы «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдауды иеленген «Самға» ЖШС «Темір-бетон зауытын жаңғырту» жобасы сол бағыттағы әлеуетті әрекеттердің бірегейі.
Аймақ экономикасын түлетудің тың тәсілі ретінде қабылданған жоба Қарағанды облысының 2015-2019 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Зауыттың жаңаша сипатта жаңғыртылған цехының ашылу салтанатында қала әкімі Батырлан Ахметов кәсіпорынның жұмысшы-қызметшілерін мерейлі сәттерімен ақжарыла құттықтады. Кәсіпкерлік саласын одан әрі дамыту үдерісінде аталған зауыт ұжымының қарқынды қимылы өзгелерге өнеге-үлгі боларын атап өтті. Бәтуалы іске батыл бет бұрған қауымға толайым табыс тіледі.
Қала басшысы мен кәсіпорын директоры Мұхтар Үңгітбаев лента қию рәсімін жүзеге асырған соң тұсаукесер салтанатына жиылған жұртшылық мүмкіндігі молайған цехтағы Испаниядан сатылып алынып, өндіріс желісіне жаңадан қосылған қондырғының жұмыс үстіндегі ерекшеліктерімен танысты. Жалпы еңбек тынысын, темір-бетон бұйымдарын құю шарттылықтарын тереңірек зерделеді.
Айтса, айтқандай-ақ, құны 240 млн. теңгені құрайтын жаңа жобаның іске қосылуы еңбек өнімділігін жоғары деңгейге жеткізумен қатар, шығарылатын өнімдердің саны мен сапасын айрықша арттыруға, сондай-ақ, қауіпсіздік шараларын ширатуға да берік негіз қалаған екен. Зауытта қазіргі таңда халық шаруашылығында қолданылатын барлық маркалы бетон бұйымдары – үй құрылысына арналған желдеткіш қуысы бар блоктар, бөлмеаралық қабырғалар, іргетас құймалары, кірпіштердің бірнеше түрі, бетоннан құйылған алуан түрлі жол төсеніші тақталары, автокөлік жолдары мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың ернеутастары шығарылады.
Өндіріс көлемінің ұлғаюы, әрине, жаңа жұмыс орындарының ашылуының алғышарты. Соған орай, мұнда 180 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Біздің мақсатымыз – алғашқы кезекте өндірілетін өнімдердің тұтынушылар талғамына сай болуын қамтамасыз ету. Сол мақсатта олардың сапасына ерекше мән береміз. Жаңа жоба іске қосылғаннан кейін сұранысқа ие бұйымдарға тапсырыс берушілердің қатары арта түсерінен үміттіміз, – деді бізбен аз-кем сұхбаттасу барысында зауыттың бас инженері Әмірбек Қозыбаев.
Жауапты тұлғаның айтуынша, кәсіпорын шығарған өнімдерге Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларынан сұраныс тұрақты түрде түсетін сыңайлы. Мәселен, Сәтбаев қаласында жаңадан бой түзеген «Нұрлы мекен» шағынауданындағы көпқабатты сәулетті үйлердің құрылысына темір-бетон бұйымдары зауытының қосқан үлесі ересен. Әлеуетті тұтынушылар санатында, сонымен қатар, «Қазақмыс» корпорациясы да бар. Бұдан тысқары, өздеріне жеке баспана салу ісін қолға алған жергілікті тұрғындар да зауыттың қызметіне жиі жүгіне бастапты.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.
Суретті түсірген Ғ.ӘБДІҒАППАРОВА.