АймақШет

Кәсіпкерлік әлеуеті артып келеді

Шет ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында қарқын бар. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы аудан экономикасын дамытып, аудан бюджетінің кірісін ұлғайтуда бірқатар жұмыстар жүргізілді. Бұл туралы бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров мәлім етті.

 

– Экономиканың негізін құраушы нақты сектор саласында былтыр – 137 млрд. 758 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, жоспар 116 пайызға орындалды. Айғақтық көлем индексі 96 пайыз болды. Биыл «Нова Цинк», «Бапы», «Алмалы» сияқты ірі кен орындарын игеруші компаниялары жыл соңына дейін 140 млрд. теңгенің өнімін өндіреді деген жоспар бар. Тұрғын үй саласында да өткен жылы 8890 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 102 пайызға орындалды. Биылғы жоспарды бюждет қаржысына салынатын арендалық және жекеменшік құрылысы салынып тапсырылатын үйлерді қабылдау арқылы 9354 шаршы метрге орындау жоспарланып отыр. Ауданымыздың негізгі бағыттарының бірі – ауылшаруашылығы саласы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндірілген өнім көлемі 63 млрд. теңгеге жетті. Құны 2 млрд. 110 млн. теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске асырылды, – деді Мұхит Мұхтаров.

Аудан басшысының айтуынша, биыл ауданға қарасты 10 ауылда жолдар жөнделеді. Барлығы 24 шақырымнан астам асфальт ретке келтіріледі. Сондай-ақ, аудандағы облыстық маңызы бар жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. 2023-2024 жылдарға ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында С.Сейфуллин және Ақсу-Аюлы ауылдарында барлығы 500 орындық екі мектеп салу жоспарланған. Биыл ауданда 10 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 11 медициналық пункт құрылысы басталады. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен Мойынты кенті мен Босаға ауылының Мәдениет үйлерін күрделі жөндеуге қаржы бөлінген. Аудандық бюджет есебінен Ақсу-Аюлы, Ақой, Бұрма ауылдарының мәдениет үйлерінің жылыту қазандықтарын көшіру жоспарланған.

Сонымен қоса, биыл Ақадыр, Ақсу-Аюлы, Босаға, С.Сейфуллин, Мойынты елді мекендерінде 164 жарықтандыру тірегі орнатылады.

Аудан орталығы мен Ақадырда үш көпқабатты үйдің қасбеті мен шатыры жөнделеді. Аудан тұрғындары әлеуметтік желілерде сауал жолдап, жауап алды. Сұрақтардың басым көпшілігі инфрақұрылым, электр желісі, қоғамдық көліктер, жол мәселесі төңірегінде болды. Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаровтың мәлімдеуінше, аталған мәселелерді назарға ала отырып, алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылмақ.

Нұрдос КӘРІМ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button