Облыс әкімі

Кәсіпкерлік қайтсе дамиды?

Қарағанды облысындағы бұқараның 40 пайызы кәсіпкер­лікте нәпақасын айырады. Бұл кәсіпкерліктің қандайлығын ай­ғақтаса керек. Ал, өңір бизнес­мендері бюджет бүйірін 40 пайызға бұлтитып отыр. Яғни, өңірде өндірілген өнімнің 40 пайызы осы кәсіпкерлердің еншісінде. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен әзірленген кәсіпкерлікті дамытудағы ұлттық жоба іске қосылғалы Қарағанды аймағында кәсіпкерлер қатары толыға түсіпті. Жыл басынан бері 166 шағын және орта бизнес ісін бастаған.

БИЗНЕС НЫСАНЫ КӨБЕЙДІ

Негізі, ұлттық жоба 2021-2025 жылдар аралығында кәсіпкерліктің кең тыныс алып, қанат жаюына тікелей қозғаушы күш болуы тиіс. Жоба аясында бизнесмендердің белсенділігін арттырып, кәсіпкерліктің өсуін жеделдету көзделгені мәлім. Бұған қоса, елге нәсіп бұйыртар үр жаңа кәсіпті анықтап, бәсекелестікті барынша дамыта түсу – мақсат. Жобаның діттегені – бизнеске қолдау және жан-жақты дамуына ықпал ету. Осы орайда Қарағанды облысында ұлттық жоба аясында 20 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға биыл 14 млрд. теңге бөлінген екен. Өткен 8 айда 864 жаңа жоба қаржыландырылса, олардың жалпы құны – 21,1 млрд.теңге. Ал, бұл жоспарланғаннан 4 есе артық дейді құзырлы орындар. 8 айда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнестің саны да әжептәуір өскен. Оның өсімі пайызға шаққанда – 9,5 пайыз. Жалпы, кәсіпкерлер 85,8 мыңға жеткен.

«Мұның ішінде, 450 жаңа жоба субсидияланды. Оның несие көлемі 16,7 млрд.теңге көлемінде. 414 жо- баға кепілдік берілді. Кепілдік берілген жобалардың жалпы құны – 4,4 млрд.теңге. Сонымен қатар, 2021 жылдан ауысқан 2 мың жобаны субсидиялау жалғасуда», – дейді Қарағанды облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов.

Басқарма басшысының айтуынша, кепілдік беруде және субсидиялауда облыстың бар өңірі қамтылған. Қалыс қалғаны жоқ. Жыл соңына дейін 3 мыңнан астам жобаға кепілдік және субсидия беру жоспарда.

Кеншілер аймағында кәсіпкерліктің жаңа нысандары да көптеп ашылуда. Айталық, 8 айда шағын және орта бизнестің 166 нысаны жұмысын бастаған. Мұнда құйылған инвестиция да қомақты – 15,9 млрд.тең- ге. Нәтижесінде 850 қарағандылыққа нәпақа табу мүмкіндігі бұйырды.

ТУРИЗМ – ТЫҢ КӘСІП

Аймақта кәсіпкерліктің тың көздерін тауып, жаңа бастамаларды қалыптастыруда туризмнің өркендеуіне бағытталған бірқатар шаралар қолға алынып отыр. Онда ішкі және сырттан келетін туристердің санын арттырудың жай-жапсары әбден ежіктелген. Бұл орайда мұнда салынатын инвестицияны да ұлғайту міндеті белгіленді.

«Бірінші жарты жылда 118 мың туристке қызмет көрсетілді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға артық. Сырттан келген туристер саны 4 мың шамасында. Былтырғыдан 128,2 пайыз көп. Туризмге инвестиция құюдың да маңызы зор. Құйылған инвестиция – 4, 6 млрд.теңге», – деді Нұрлан Әлімжанов.

Сонымен қатар, биыл тұңғыш рет республикалық бюджеттен туризм саласын ынталандыру үшін 5,4 млрд. теңге қарастырылған. Аталған қаражат кәсіпкерлердің санитарлық-гигиеналық шығындарының жартысын субсидиялауға жұмсалады. Бүгінде Осакаров және Бұқар жырау аудандарының екі нысанын қаржыландыру басталды», – деді Нұрлан Әлімжанов.

Кәсіпкерлік саласының өндірген 8 айдағы өніміне келсек, аймақтағы өндірілген өнім үлесінің 32,2 пайызын алады екен. Яғни, аймақтың бизнесмендері 439,8 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Шағын және орта бизнесте нәпақасын тауып жүргендердің үлесі 6,9 пайызға артып, 247 мың адамға жеткен. Бұл – облыстағы жұмыспен қамтылғандардың 40 пайызы.

ҰЛТТЫҚ ЖОБА 31 МЫҢ АДАМДЫ ҚАМТИДЫ

Кәсіпкерлікті дамытудағы ұлттық жобаның бір міндеті – нәтижелі жұмыспен қамту. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова ұлттық жоба аясында биыл 31 мың адамды қамту көзделгенін жеткізді. 8 айда 22 мың адам қамтылып үлгерген. Мұнда 20 мың адам жұмысқа тұрды.

«Былтырдан бастап, жұмыс берушінің өтініші бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқыту жүзеге асуда.

Мұндай оқудан өткендер 100 пайыз жұмысқа орналасады. Кәсіби жұмысшы мамандыққа 570 адам жолдама алды. Бүгінде 168 адам аяқтап, оның 54 пайызы ендігі жұмысқа тұрды.
Жұмыс тәжірибесі жоқ жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар «Бірінші жұмыс орны» жобасына қатысады. Өту мерзімі 1,5 жылға дейін ұзартылды және жалақы 91 890 теңгені құрайды. Жобаға 201 адам қатысты. Зейнеткерлік жасқа толған жұмыс істеп жүрген жұмыскерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыру үшін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бар. «Күміс жас» жобасы зейнеткерлікке шығуға аз уақыт қана қалған адамдарды жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Бұл арқылы 129 адам жұмысқа орналасты», – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, биыл 510 грант беру жоспарда. Оның 270 гранты – жастарға, қалған 240-ы қоғамның әлжуаз топ өкілдеріне тапсырылады. Бүгінде 133 грант иесін тауып үлгерді. Жыл соңына дейін 377 грант берілмек. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік курстары да сұранысқа ие.

«ДАМУ» ДАЙЫН

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қарағанды облысы бойынша аймақтық филиалы басшысы Әсет Тілемісов банктермен келіссөздер жүргізіліп, мәселенің талқыланып, бағдарламаның іске қосылуына дайын екендігін мәлімдейді.
«Шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасы аясында банктермен, қордың бас кеңсесімен келіссөздер жүргізілді. Онда 5 пайыз көлеміндегі түпкілікті ставка және бағдарламаның іске қосылуы туралы жан-жақты талқыланды. Белгіленген уақытта бағдарлама іске қосылады», – деді Әсет Тілемісов.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасында көрініс тапқан барлық жоспардың орындалуы керектігін құзырлы мекеме басшыларының есіне тағы бір салды.

«Кәсіпкерлікті дамытудың ұлт жобасындағы барлық жоспарланған шаралар іске асуы тиіс. Барша аудан-қала әкімдері, кәсіпкерлік басқармасы оның жүзеге асуына мүдделі болуы керек», – деді Жеңіс Қасымбек.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button