Кәсіпкерлерге несие беріледі

Облыстың Кәсіпкерлер палатасы қазіргі уақытта «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру аясында «Еңбек», «Бастау бизнес» оқыту жобасы бойынша тренингтер өткізуде. Аймақтың 9 өңірінде ұйымдастырылатын тренингтерде үздік жоба авторларына грант тағайындалып, шағын несиелер берілмек.

Биылғы жылдың соңына дейін бес мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқиды. Оқу бағдарламасы «Бизнес бастау» және «Жас кәсіпкер» сынды екі бағдарламадан тұрады. Бірінші бағдарлама 17 жастағыларға арналса, екінші бағдарлама 18-29 жас аралығындағы қатысушыларды қамтиды. Тренинг спикерлері – арнайы оқудан өткен бизнес саласының мамандары. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жастардың экономикалық белсенділігін арттыру.

– «Бастау бизнес» оқу жобасы 25 күнге жоспарланған. Оқу барысы тек теориялық тұрғыда емес, сондайақ, жоғары оқу орындары мен колледж мекемелерінде тәжірибе алмасу жұмыстары қарастырылған. Жобаның 20%-ы оқу теориясын құраса, 80 %-ы практикалық тренинг түрінде өтеді, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Меруерт Қасымова.

Жоспарға сай жыл соңына дейін екі бағыт бойынша өңірде 5000 адам оқытылуы тиіс. «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 2634 адам курстан өтіп, оның 2197-і өңірлік кәсіпкерлер палатасы филиалының аудандық комиссиясында бизнес жобаларын қорғаған. 1,9 млрд. теңге сомасында 822 қатысушы несиелер мен гранттарды иеленген. Ал, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша облыста 1359 адам оқу курсын аяқтаған. 790 жас кәсіпкер грант түрінде 397,4 млн. теңге сомасында қаржыландырылса, 14 млн. теңгенің шағын несиелері берілді.

2016 жылы іске қосылған «Бастау бизнес» жобасы ауыл тұрғындарын, аудан орталықтары мен моноқалаларды қамтыды. Ал, 2017 жылы республикамыздың 80 ауданы, 2018 жылы 180 ауданында тренингтер өткізілген болатын. Биылғы жылғы қатысушыларға облыс әкімі мен аудан әкімдері тарапынан қайтарымсыз 1673 грант қарастырылып отыр. Бөлінген гранттарды 18-29 жас аралығындағы жастарға, аз қамтылған, көпбалалы отбасылары мен мүгедек жандарға беру жолдары қарастырылатын болады.