Жаңалықтар

Көшбасшы таңдау – келешектің жолы

Кеңестік империя күйреп, Қазақстанның тәуелсіз елге айналғанына санаулы жылдар ғана өтті. Тарих көзімен қарасақ, мемлекет үшін отыз жылға жуық мерзім – аса ұзақ уақыт емес. Осы жылдар аралығында Қазақстан уақыт өткелегінен сүрінбей өтті деуге болады. Бүгінде өркениетті отыз елдің қатарына жуық тұрмыз. Еліміздің еңсесі – биік, іргесі – берік. Аллаға шүкіршілік етуіміз керек.

Біздің басты байлығымыз – тәуелсіздік пен бейбітшілік. Ішкі тұрақтылық қалыптаспаған жерде ештеңе де өнбейді. Еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешімді мен осы құбылыстарды баянды ету мақсатында жасалған шешім деп білемін.

Қазақта тоғыз деген сан бар қасиетті. «Үйірімен үш тоғыз» дейді. Елбасы бірінші тарихи мәлімдемесін наурыз айының 19 күні жариялады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президентінің кезектен тыс сайлауын маусымның 9 жұлдызына ұйғарып отыр. Биыл – 2019 жыл. Қазақ жақсы ырымға балайтын «үйіріңмен үш тоғыз» деген – осы.

Біз Қазақстанның Мәңгілік Ел болуы үшін, Қазақстан тәуелсіздігінің баянды болуы үшін дауыс береміз. Басымызда азаттық бағы тұрғанда, тайсалатын түк те жоқ. Ең қиын жағдай – елдің бір формациядан екінші формацияға өтіп, қалыптасуы. Аллаға шүкір, біз социализмнен капитализмге аман-есен жетіп, елдік еңсемізді түзедік. Кезектен тыс өткелі отырған мына сайлау – осы күнге дейін жеткен жетістіктерімізді одан әрі дамыту деген сөз. Басқа түк те емес. Бастысы бір-ақ нәрсе – тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа табыстау. Ал, оны сақтап, баянды ету үшін халық өз көшбасшысын дер кезінде сайлап алуы керек.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button