Күрежол – келешек кепілі
Майқұдық Майқұдық болғалы, күрежолын жағалай ел қонғалы орталық көшесінің күрделі жөндеу көріп жатқаны – осы. Сапасы ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Жерді 2 метр тереңдікке дейін қазып, оны заманауи технологиямен төзімді етіп қалпына келтіру, 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып, 150-ге жуық техника жұмылдырып, тозығы жеткен жолды жаңаша кейіпке енгізу – үлкен еңбек. Жақын күндері 10 шақырымы толық пайдалануға берілмек. Жыл сайын жыртық-жамау жолдан әбден қажыған ел мынадай үш жолақты жолға қолы жеткелі көзі ашылды. Өздерін іздейтін, қамын ойлайтын жандардың барын сезініп, риза болып отыр. Бұл маңызды күрежолдың құрылыс жұмысының тоқтап қалмай, сапалы жүріп жатқаны облыс басшылығының қатаң қадағалауының арқасы дер едік. Өйткені, жоспарлы түрде басталған жауапты істің сәтімен аяқталуы үшін үлкен жауапкершілік пен қатаң тәртіп керек. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жолдың негізгі үлкен бөлігінің пайдалануға берілуі – тұрғындарға үлкен сый болары анық.
Бүгінде жоспарланған 10,8 шақырымның 10 шақырымын жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. Бұл – «Завод СТО» маңынан Оңтүстік-Шығысқа бұрылар тұсқа дейінгі аралықты қамтып отыр. Тас жол төселіп болғанын көзіміз көрді. Енді суық түскенше жиектастарын орнатып, жарықтандырып және басқа да абаттандыру жұмыстарын тындырса, жол ашылады. Қалған 800 метр келесі жылы аяқталмақ. Көшенің сәнін кіргізетін әдемі ағаштар да отырғызылуда. Бағдаршамдар, жаяу жүргіншілер жолағы, көлік тұрақтары да жаңа кейіпке енуде. Жолаушылардың ықтап, көлеңкеліп тұратын павильондары да орнатылып жатыр. Сонымен қатар, аялдамалар адамдардың өміріне қауіпсіз аймақтарға көшіріліп, кептелісті болдырмау шаралары да ойластырылған. Су жиналмай, бірден сіңіп, өз арнасын табуы үшін орнатылған құдықтардың беті қалың тор темірмен жабылған. Бұдан бөлек, жолдың астында орналасқан су құбырлары тоқ желілері де адам өміріне қауіп төндірмейтіндей етіп жасалуда. Жол қауіпсіздігі белгілері күрежолға ғана емес, аулалардың ішіне де орнатылуда. Яғни, ауқымды жол құрылысымен бірге Майқұдық аулалары да жаңаша түрге енуде.
– Біз жолды сапалы жөндеумен қатар, оны заманға сай жабдықтап, жолаушылар қауіпсіздігін де ескеріп отырмыз. Аялдамаларды жылжытсақ та, басты назарда қауіпсіздік мәселесі тұр. 21 бағдаршам, 24 жаяу жүргіншілер жолағы қарастырылған. Енді, шамалы сабыр сақтасақ, кең әрі жайлы жолға қол жеткіземіз, – дейді Қарағанды қаласы коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рүстем Қожақапанов.
Сондай-ақ, қаланың тарихи келбетін сақтау мақсатында күрежолдың екі жағында орналасқан тұрғын үйлердің, мекемелердің қасбеті, төбесі, қабырғасы жаңадан жөндеуден өткізілді. Осылайша, Майқұдық тұрғындары өздерін бақытты сезінуде. Мұны олардың пікірінен байқауға болады.
– Майқұдықта тұрып жатқаныма 15 жылдай болды. Ауылдан көшіп келген сәтпен салыстырсақ, қазір жыл сайын жаңа ғимараттар салынып, гүлденіп келе жатыр. Осыдан 1-2 жыл бұрын ипотекамды жауып, Оңтүстік-Шығыс ауданына көшуді ойлағанмын. Орталық көшенің жөнделе бастағанын көріп, ойланып қалдым. Осында үйлі болдым, үйлендім, бала-шағам өмірге келді. Өніп-өстік, ел болдық. Майқұдық мен үшін құтты мекенге айналды. Енді көшпеймін деп шешім қабылдадым. Бастысы – жолымыз бітуге жақын. Оның үстіне жаңа қала орталығы өзі жылжып келе жатыр Майқұдыққа қарай. Ауқымды сауда үйлері салынуда. Көлік сататын автосалон, мектеп, балабақша, аурухана, кинотеатр, спорт кешені, бәрі бар. Қанша жылдан бері жөндеу көрмеген орталық көшеге қыруар қаржы тартып, тамырына қан жүгірткен аймақ басшылығына бек ризамыз, – деп ағынан жарылды Мұрат Тілеуберген.
Шынымен де, бұл сөздің жаны бар. Өйткені, жолы жасалған жердің жағдайы түзеліп, дами түсетіні анық. Бұған дәлелдер де көп. Мысалы, Ұлы Жібек жолы арқылы қаншама елдің еңсесі тіктеліп, мәдениеті дамыды емес пе? Орта Азиядан шыққан сауда керуендері бір шеті Үндістан, бір шеті Қытайға дейін жеткен.
Сол ұлы жолдың жағасында қаншама тарихи қала тұрғызылып, әдебиет пен руханият, өнер, қолөнер, сәулет өнері де өркендей түскенін тарихтан білеміз. Қазір Майқұдық күрежолының да екі жағына түрлі сауда орталықтары, жанар-жағар май құю бекеттері, қонақүй һәм тамақтану орындары бой көтеруде. Болашақта да талай игіліктің Майқұдыққа келері анық. Себебі, басты мәселе жол шешімін тапты. Тағы бір айта кететін жайт, Қарағанды қаласының жалпы, облысымыздағы игі істердің бастау алып, қарыштап дамып келе жатқанына ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласына жақын орналасқанымыздың да оң әсері деуге болады. Себебі, ел астанасының маңындағы аумақтардың да дамуы – заңды. Нұр-Сұлтан қаласы астана болса да, барлық міндетті өзі атқаруы қиын. Сондықтан, көптеген маңызды республикалық, халықаралық шаралар Қарағандыда өтеді. Мәселен, әлемнің санаулы елінде ғана бар алпауыт GLOBAL CITY көтермесауда орталығын алайық. Бұл орталық арқылы ауылшаруашылық тауарлары елімізге ғана емес, көрші елдерге де жөнелтіледі. Сонымен қатар, шет елдердің өз өнімдерін осында алдымен әкеліп, еліміздің басқа өңірлеріне таратуға мүмкіндік бар. Ал, Майқұдық күрежолының да осы ауқымды орталықтың пайдалы жұмыс істеуіне мол үлес қосары сөзсіз. Осындай қажеттілікті алдын ала сезген аймақ басшылығының біліктілігіне риза боласың.
Бұдан бөлек, Майқұдықта халық тығыз орналасқан. Ауылдан келген ағайын мен студент атаулының тұрақтайтын киелі мекені – бұл. Өйткені, мұнда пәтер табу оңай, бағасы да көңілге қонымды. Осы жағын ескерсек, жұмысқа, оқуға осы қарайған халықтың кешікпей жетіп, қайтқанда шаршамай келуі үшін де бұл күрежол ұзақ жылдар бойы қызмет ететініне сенеміз. Осы сапалы жол арқылы Майқұдық пен Сұрыптау елді мекенінің халқын әлі талай жақсылық пен қуанышты күндер күтіп тұрғанын ішіміз сезеді. Қазірдің өзінде Горняк аялдамасынан Сырдарияға дейін қиналмай жетесіз. Жақында қалған бөлігі ашылса, тіпті кептеліс жойылып, қатынау жеңілдейді. Мұны көлік жүргізушілері де растап отыр.
– Жол жасалғалы жақсы болды. Бұрын көлік тез сынатын және қалаға жету үшін 1 сағат уақыт кететін. Қазір жұмысқа жылдам барып, уақытылы қайтамыз. «Бұрын осы жол жасалса екен» деп армандайтынбыз. Сол арманға қол жетіп, риза болып жүрміз. Елдің жағдайын жасап жатқан облыс басшылығына алғысымыз шексіз, – дейді Қазбек Абдуллаев есімді көлік жүргізушісі.
Кешке осы көшемен жұмыстан қайтып келе жатып, көркіне көзің тояды. Құдды шет елдің көшелері сияқты. Әлі толық жасалып біткен соң, бұдан да шырайлана түсетініне сенім кәміл. Тәулігіне шамамен 220 мың жолаушы қатынайтын маңызды күрежолмен жүрген әр жолаушы жөндеу жұмысының сапалы болуы үшін тер төккен жандарға алғыс айтары анық.
Жәлел ШАЛҚАР.