Жаңалықтар

Күрескер

Бірде досымның үйінде құдалық болып, қол ұшын беруге бардым. Құдаларды күтіп алып, төрге жайғастырдық. Сөздің реті келіп, екі жақ танысуды бастады. Құдалар сөзді төрде отыр­ған кең маңдайлы ақсақалға ұсынды. Оның шешендігі мен білімі бізді таң қалдырды. «Осымен қырық бірдеңесінші рет бас құда болып келіп отырмын» деп әзілдеп те қойды. Құдалардың шыққан тегін мысалдармен көмкеріп шебер таныстырды. Сөз соңында байыпты түрде «Мен осы әулеттің үлкені – Жарылқасын деген құдаларыңыз боламын» деді. Ділмарлығына таң қалғаным сонша, есім-сойы жадымда сақталып қалды. Сол тектінің тұяғы, жақсылардың сарқыты Жарылқасын Бикенұлы туралы жазбаққа қолға қалам алдым.

Зымырап өтіп бара жатқан өмір-ай, десеңші. Атпал азамат, ақылшы аға, асқар тау әке, қамқор жар, ардақты ата бола білген Жарылқасын Бикенұлының өмірден өткеніне 2 жылдан асты. Кеше ғана ағайын-туыс­тың арасында түйдек-түйдек сөйлеп, төрде бата беріп отырған абыз ақсақалдың асыл бейнесі бүгінде сағынышқа айналған.

Жарты ғасырға жуық уақыт бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешкен асыл жары Әнияш Бикенова сағынғанда жарының кітап, фотоальбомдарын ақтарып, мауқын басады.

– 17 жыл Қарағанды кооперативтік институтында мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болды. Іштарлық, көреалмаушылық, өтірік айту дегенді білмейтін. Балаларына да «Өтірік айтпаңдар, мансап пен байлыққа қызықпай, таза жүріп-тұрыңдар» деп үнемі құлағына құйып отыратын. Маған тілін тигізіп, балағаттап, ауыр сөз айтқан кісі емес, – дейді Әнияш апай.

Аңқылдаған кең жүректі Жарылқасын Бикенұлының балалық шағы соғыстан кейінгі дүрбелең шаққа дөп келді. Жастайынан үлкендердің батасын алып, кәріқұлақ болып өсті. Әкесі Бикен сұрапыл соғысты бастан өткерген азамат еді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, кейіпкеріміз бала кезінен әкесіне еріп жүріп, еңбекке ерте араласты. Руы – Қуандық – Алтайдың Мойын бұтағынан тарайды.

– Анамыз Зағипа тоғыз құрсақ көтерген. Зейнеп, Дәметкен, Әуес, Мәуеш, Бекболат, Жұмабек, Жарылқасын, Рахметолла (Рахат) Мерқасым. Өкініштісі Зейнеп, Дәметкен, Бекболат, Жұмабек төртеуі екі-үш жастарында әлдебір аурудан шетінеп кеткен. Апам Әуес, Мәуеш пен қос інім көз алдымда өсті. Әкемнің үш-төрт сыныптық білімі бар, шешей оқымаған. Бірақ, қазақы тәрбие, ата дәстүр, салт-санасымен өскен жандар. Әке-шешем нұқып қалып немесе қатты сөйлеп көрген емес. Мен оларды сыйлай білдім. Айтқанын екі етпедім. Оқуда, еңбекте дұрыс жүріп, дұрыс тұрған адаммын, – деп еске алыпты бір сұхбатында Жарылқасын Бикенұлы.

Жарылқасын Бикенұлы Бикенов – 1943 жылдың 9 сәуірінде Нұра ауданы, Көбетей ауылында өнегелі отбасында туған. Ынтымағы жарасып, ырысы шалқыған Көбетей ауылының таза ауасын кең тыныстай жұтқан өрелі бала туған өлкенің көкорай шалғынына көз тоқтатып, кіршіксіз көңілі тояттап өсті. Абыз кеуделі азаматтың ел құлағын елең еткізетін естеліктері том-том кітапқа жүк болады.

Бала кезінен ғылым атаулының атасы математиканың жанындай сүйіп, қосу, алу, көбейту, бөлу амалдарын өмірінің бір бөлігіне айналдырған. Оның ізденімпаздығы, алғырлығы болашақ жетістіктерінің іргетасына айналды. Жаны жайсаң Жарылқасын Бикенұлы – Калинин орта мектебін үздік аяқтаған талапты шәкірттің бірі. Көзінде от ойнап, жүзін жалын шарпыған жасында «Шахтер» ауылындағы жұмысшы кооперативінде қатардағы бухгалтердің шәкірті болып еңбек ете бастады. Азаматтық борышын адал атқарады да, әскер қатарында жүріп, әуе қорғанысы авиациясында механик болып еңбек етеді. Жан-жақтылығымен жалпақ жұртты таң қалдырады. Новосібір кеңес және кооперация саудасы институтын үздік аяқтап, қызметте қырағылығымен ел ықыласына бөленді.

– Әскерде жүріп, сырттай оқыды. Кеңес үкіметі кезінде мұндай жағдай сирек кездесетін. Білімділігі, адамға деген жанашырлығы, елге көмектескісі келіп тұратыны елден ерек. Кез келген ортада қысылмай, ойын еркін жеткізетін. Сөзге шешен әрі шежірені жетік білетін. Ән айтқаны, бата бергені тіпті бөлек, – депті бір сұхбатында мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов.

Орда бұзар отыз жасында екі көзі көрмей қалып, үлкен қиындыққа тап болды. Десек те, тағдыр басқа салған сынаққа мойымай, мұқалмас туа біткен ерік-жігерінің арқасында ауқымды істердің басы-қасынан табыла білді.

– Жұмыста жүр едім. Маған телефон соғып, көзінің көрмей қалғанын айтты. Ол кезде 25-темін. Өзі бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан еді. Жедел ауруханаға алып бардық. Жылдам ота жасалды. Наталья Борисовна деген білікті дәрігер бар еді. Ол Жәкештің адамгершілігі мен азаматтығын бағалап, туған бауырындай қарады, – дейді Әнияш анамыз.

Жарылқасын ағамыз сауығып шыққан соң жұмысына деген ынтасын жоғалтпай, тиянақтылықпен қарап, біліктілігімен жұртты тәнті етіп, аз уақытта Нұра аудандық тұтынушылар одағы бас бухгалтерінің орынбасары қызметіне жоғарылады. Есепке келгенде мүдірмей, қателікті кешірмейтін мамандықтың жілігін шағып, майын ішті, майталманына айналды. Ауданнан облысқа жоғарылап, 28 жас­ында көп адам 40 жаста әзер алатын қамалды бағындырады. Тұтынушылар одағында бас есепшінің орынбасары болғанда Мәскеулік басшылар оның қырағылығын жоғары бағалап, көп ұзамай бас есепші болып бекітіледі. Іргелі облыстың есеп-қисабы бір адамның миына сыйғаны ел сүйсінерлік құбылыс емес пе?! Осылайша, Алла берген дарынымен, кеуде кернеген жалынымен 40 жылдай уақыт бас есепші қызметін адал атқарған бірегей тұлға.

Әскерден келісімен ауылдың аймаңдай аруы Әнияш анамызбен көңіл жарастырып, отау құрады. Сегіз қыр­лы, бір сырлы ағамыз өнерден де құр алақан емес. Сөйлегенде сөздің майын тамызып, отырған ортасын сілтідей тындыратын. Ашық-жарқын дауысымен елді өзіне қаратып, ғибратты әңгіменің тиегін ағытқанда кешегінің би-шешендеріндей көсіле жөнелетін. Білікті экономист кесе-көлденең келген қиындықтардан да асқан білімдарлығының арқасында шығып кетіп отырған.

– Қасында көп жүрдім. Өте жақсы сыйластық. Бір айта кетерлігі есте сақтау қабілеті керемет еді. Осыдан 30-40 жыл бұрынғы оқиғаларды күні мен уақытына дейін дәл айтып отыр­атын. Шежірені сұрай қалсаң, тереңнен қозғап бәрін түгендеп, әр рудан шыққан жақсы-жайсаңдарды атап береді. Жүрген жерінде «Жәкең келді» деп, ел жаны қалмай сыйлап, батасын алып, Құран оқытып жататын, – депті бір естелігінде отставкадағы полковник Есентай Шәйменов.

Жарылқасын Бикенұлына берілген «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағы да иесін тапқан марапат. Өйткені, ол бухгалтерлік есепке алуға бағытталған тұшымды, сана сілкінтер сауатты тұжырымдар жасаған білікті маман. Бөлек дарын иесі. Тіпті, бүкілодақтық басқосулар мен конференцияларда атағынан ат үркетін замандастарын өткір пікірімен тосылдырып, сын садағына алатын өткірлігі бөлек әңгіме. Достыққа адал, сөзіне берік азаматтың ел ішінде құрметі бөлек, орыны қашанда төр болыпты.

Қарағанды кооператив институтының бухгалтерлік есеп кафедрасында аға оқытушы болып, талмай ізденудің арқасында «Бухгалтерлік есеп», «Ақпараттық-есептегіш жүйесі» атты еңбектердің шығуына үлес қосқан. Сол кездің өзінде ақпараттық технологияны құптап, насихаттаған көреген маман.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген ол болашағынан үміт күттіретін жастарды жанына жақын тартып, бағыт-бағдар көрсетіп, шәкірт тәрбиелеген. Бүгінде шәкірттері баршылық. Осындай ел дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін «Нұра ауданының Құрметті азаматы» атанған.

– Үлкен астар мен жиындарда Жарылқасын ағаға бата жасататынбыз. Батаны жүрекпен беруші еді. Хан баласындай тік, би баласындай нық сөйлейтін. Ол кісіні батагөй абыз ақсақалдықтың символы десек, артық емес. Өмірден өтсе де, ұмытылмайды. Адал жүрегі, ақ пейілі мәңгі жүрегімізде. Біреу туралы сыртынан жаман сөз мүлдем айтпайтын. Жұмбақтап сөйлеп, зиялы екенін көрсететін, – дейді сол кездегі ҚМДБ облыстағы өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа.

Ал, соңына рухани мұра болып қалған «Өмір сынақтарының сыны» кітабына өмірбаяны, әр кездері түрлі деңгейлі басылымдарда жарияланған мақалалары, өзі туралы замандастарының естеліктері, арнау өлеңдері және ыстық лебіздері топастырылған.

Сондай-ақ, осы кітапта қазақтың белгілі ақыны Қайрат Жұмағалиевтің Жарылқасын Бикенұлы туралы «Нұра перзенті» атты деректі поэмасы берілген. Көз жанарының сәулесі сөнсе де, көкірек көзі ояу арда азамат осы кітапқа енгізген құнды деректерді диктофонға 30 сағат сөйлеп жазыпты. Осыдан-ақ, оның еңбекқорлығын, қайсарлығын көруге болады.

Туысқанға бауыры елжіреп тұратын ел ағасы Құдай берген дарыны мен ешкімге ұқсамайтын пайым-парасатының арқасында «Қарпық шежіресі», «Қарпық және қожа шежіресі», «Алтай Қалыбек шежіресі», «Тоқа шежіресі» сынды құнды кітаптардың жазылуына бастамашы болып, сұңғылалығын дәлелдеді.

Адал қызметі үшін берілген «Құрмет», «Парасат» ордендері оның шынымен құрметті, парасатты жан екенін аңғартады. Солардың ішінде, халық берген «Жаны жайсаң Жарылқасын» деген ең биік атағы бар.

Әкесі Бикен ақсақал майданға аттанып бара жатып, жарына «Ұл туса, есімін Жарылқасын қой» деп аманаттаған. Баладай көңілі мен ақ жүрегін шынымен Алла жарылқады. Өмірде адаспай, өз сара жолымен жүріп, әке үмітін ақтады. Жүріп өткен күреске толы өмір жолына қарап, шын мәнінде «Күрескер» деуге тұрарлық жүрегі түкті азамат. Дені сау жандардың өзі аздаған сынаққа шыдамай, сынып жатқан заманда, көз нұрынсыз-ақ еңсесін тік ұстап өмір сүру, адал еңбек ету Жарылқасын Бикенұлы сынды арда туған азаматтардың ғана қолынан келеді.

Осы сөздердің бәрін өткен шақпен айту бізге оңай емес. Соңында қалып, Жарылқасын Бикенұлының ошағының отын сөндірмей түтінін түндігінен түзу ұшырып отырған Әнияш анамызға Алла қуат бергей! Ұл-қыздары мен немерелеріне бар жақсылықты тіледік. Жаратушы иеміз жарылқап, жаныңыз жәннатта болғай, Жарылқасын аға!

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button