Жаңалықтар

Көрермен көзайымына айналғандар

«Ошақтың бұты – үшеу, жағар оты – біреу». Қарағандыдағы бір  облыстық, екі қалалық телеарнаның да тірлігі  – бір отты маздатып, ақпараттың қара қазанын қайнату. Дәмдеп, тұздап, қырнап-қашап, әдемі кейіпке келтіріп ұсынатын үш арнаның ұстанымы –  біреу. Ал,  ақпаратты беру тәсілі –  әр түрлі. Көш басында мүйізі қарағайдай «Қазақстан-Қарағанды» тұрса, халықтық арна аталған «5 арна» да қалыс қалмайды. Тележурналистер фабрикасына айналған «1 Қарағандылық» туралы да айтылар ой өз алдына.

“Қазақстан-Қарағанды” – қашанда көш басында

_MG_5041«Қазақстан-Қарағандының» заман талабына сай  телебағдарламалары – облыстық филиалдың өзіндік туындылары. Әр түрлі жанрды қамтып қана қоймай, барлық жас санаттарына арналған. Ресей бағдарламаларын ретрансляциялаумен айналыспайтын жалғыз арна екендіктерін мақтан етеді.

«2050», «100 қадам», «Шаңырақ», «Это наша с тобой биография», «Ойталқы», «Арена», «Уақыт.kz» сияқты бағдарламалары мемлекеттік саясатты насихаттаумен қатар, көпшілік көрерменнің көңілінен шығып та үлгерген.

Небары 20 минутқа созылатын «Дат» бағдарламасында облыстың тарихи, мәдени ескерткіштер туралы білер болсаңыз, айына екі рет шығатын «Шаңырақ» бағдарламасында облыс көлеміндегі үлгілі отбасылар қонаққа шақырылып, үлгі-өнегелері тыңдалады.

Қағаз бетіне түсірілетін газетпен салыстырғанда, жеделділікті талап ететін телевизия жанры болғандықтан оқиғаны ізін суытпай жаңалықтан береді. Сонымен қатар, жаңалықтың кейіпкерін студияға шақырып, бетпе-бет тілдесу, көрерменнің ойында жүрген сұрақтарға жауап алу –  «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының  ерекшелігі. Айтылмай қалған ой, көңіл сыздатқан көп сауал осы жерде тарқатылмақ. Дәмін жоғалтқан жылытпа тағамдай емес, ыстық күйінде ұсынылатын өзекті тақырыптар – міне, арнаның көрерменін жоғалтпауының, халық арасында беделге ие болуының бірден-бір көрінісі. Демек, билік пен халық арасындағы алтын көпір. Басшылық қызметтегі шенеуіктен бастап, қоғам қайраткерлері, мәдениет қайраткерлері, әр түрлі салада жеңіске жеткен, облыстың абыройы мен беделін асқақтатып жүргендердің барлығы «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының студиясынан көре аласыз.

Қалай болғанда да, «Қазақстан-Қарағанды» нарықтық қатынасқа бейімделген. Телеарна  – ұжымдық жұмыс болса, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған телеарна ұжымының бірлесе атқарған қызметі арқасында облыс көлемінде жоғары беделге ие.

«1 Қарағандылық» –  тележурналистер_MG_5077 фабрикасы

Кез келген дүниеден қазаққа тән ерекшелікті тауып, соған баса назар аудару арқылы ақпарат беруге тырысатын «1 қарағандылық» телеарнасының  көзқарасы да, саясаты да таза қазақи. Ұлттық құндылықтарды насихаттауға мейілінше тырысып жүрген арнада жұмыс жасайтындардың сексен пайыздан астамы жастар. Содан да болар, әзілі мен қалжыңы қоса жарасып, көңілді атмосферада жазылған ақпарат та көрерменге жағымды көңіл-күй сыйламақ.

Осы жерде журналист ретінде алғаш тұсауы кесіліп, ащы тері алынған жастардың көпшілігі бұл күні республикалық телеарнада қызмет ететіндер. «Астана», «КТК» сияқты белді республикалық арналарда қызметте жүргендер де еңбек жолдарын осы арнадан бастаған. «1 қарағандылық»  – тележурналистердің алғашқы баспалдағы. Арна басшылығы өздерінен тәжірибе жинап, мықты маманға айналып, арман қуып, Астанаға кеткен қарлығаштарын мақтан еткенімен де, қынжылатын кездері жоқ емес. Тележурналистиканың жілігін шағып, майын ішкен дайын маманды жіберу – өз қолыңды өзің кескенмен бірдей.  Бірақ, көмекке келетіні ҚарМУ-дың журналистика кафедрасы. Тәжірибеден өтуге келген студенттер дипломдарын алғаннан кейін қайтып келіп, өздерінің тақырыптарын ұсынып, жұмыс жасауға мүдделі.

Хабар жүргізуі республикалық деңгейдегі дикторлардан еш кем түспейтін «Бағыт» бағдарламасының, жаңалықтардың жүргізушісі Гүлнұр Жәкен телеарна мақтанышы. Себебі – ол дикторлар мектебі жақсы қалыптасқан Жезқазғандағы «Дидар» телеарнасының түлегі.

Қарағандыны шулатып, шенеуіктердің бәрінің мазасын алып, қырандай шүйлігіп жүретін «31» телеарнасының қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Мейрамгүл Салқынбекова да осы жердің түлегі. Біздің арнаның «қасқыр журналисі» дейді оны әріптестері. Осыдан-ақ, Қарағандының журналистика кафедрасының осал емес екені байқалады. Заңгер боламын деп жоспар құрағынмен, журналистикаға аяқ-асты келген Мейрамгүл таңдауы үшін еш өкінер емес. Жақсы заңгер де шығар ма еді бірақ, қазір мықты журналистердің бірі. Ол үшін ұстазы, марқұм Мартбек Тоқмырзаға алғысы шексіз.

«Экспо-2017» төңірегінде көрсетілетін барлық дыбыстық жарнаманы үш тілде жасап жатқан да осы арна.

Диалог түрінде жүргізілетін «Бағыт» бағдарламасы қаламыздағы мәдениет, өнер саласына, күнделікті өмірге қатысты елеулі оқиғалар көрсетілсе, «Шаһар» ток-шоуында республикалық деңгейдегі мәселелер де талқыланатын кездер аз емес. Ал, кәсіптік бағдар беруге арналған «Давай попробуем» бағдарламасында болашақ кәсібін таңдауда мектеп оқушыларына көмек жасап, сала маманының қасында жүріп, мамандықтың қыр-сырын меңгереді. Авторы Алмас Мұсабеков болып табылатын, мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында жарыққа шыққан «Тіл дамыту» бағдарламасы осыдан екі жыл бұрын Мемлекеттік тіл және БАҚ байқауында бас жүлдені жеңіп алған. Қазір ғаламтордағы көрермендерге бағытталған бағдарламалар жасауға тырысып, көрермендерін көбейтуге ұмтылуда. Содан болар, басқа арналармен салыстырғанда жазылушылары, шынымен,  көбірек.

Әзіл-қалжыңы жарасқан шағын ұжымда ресми формат жоқ, бір отбасына айналған.  Жұлдыз ауруына да шалдықпаған. «Біз – бірінші адамбыз, содан кейін ғана журналиспіз» дейді олар.

«5 арна» – Қарағанды бренді

_MG_5164«5 арна» «Сіздің күніңіз» музыкалық бағдарламасымен қарағандылықтардың есінде қалғаны жасырын емес. Жақынының суретін беріп, сүйікті әнін арнау арқылы телеарнаға шығып, төбелері көкке жеткендей болатын.

1994 жылдың 7 ақпанында «ИнтерКараганда» деген атпен эфирге шыққан телеарна алғашқы күнінен бастап көрермен сүйіспеншілігіне осылай бөленген еді. Ал, «бренд» мәртебесін берген де көрермендердің өздері. Олар – Қарағандының білім деңгейі жоғары, белсенді азаматтары. Әлемде болып жатқан өзгерістен қалыс қалмайды. Әлеуметтік, қоғамдық маңызы бар тақырыптар арнадан ешқашан түскен емес.

Әділетсіздікке тап болса, «5 арнаны» шақыртамыз» деген сөз ел арасында мәтелге айналған. «Бұрын халық «Нұр Отанға» жүгінсе, қазір «5 арнаға» хабарласатын болған», –  деп қалжыңдайды билік басындағылардың өздері. Коммерциялық телеарна болғанымен, мақсаты – халықтың назын билікке жеткізу, көкейде жүрген проблеманың шешілуіне ықпал ету.  Ал, «5 арна» журналистерінің өздері елдің әлеуметтік мәселелерін шешуге ат салысып жүргендіктерін мақтанышпен айтады. «Біз – халықтық арнамыз» деуден ешқашан танған емес. Бұл – олардың ұрандарына айналған.

«Әрине, «билігі жоқ төртінші билік» атанса да, бар мәселенің түйінін шешіп тастау қолдан келе бермесі анық. Күнделікті жұмысымыз телефоннан көмек сұраған жандармен тілдесуден басталады» – дейді арнада бірнеше жылдан бері редакторлық қызмет атқарып келе жатқан Рушан Бараев.

Көпшіліктің ықыласына бөленген, қала тарихына бейжай қарай алмайтындарға арналған «Однажды в Караганде» бағдарламасының қонақтары – әр түрлі мамандық иелері. Олардың әрқайсысы туған қаламыздың тарихынан сыр шертетіндер. Қарағанды тарихына қатысты қызықты әрі бірегей  ақпарат білгіңіз келсе 5 арнаны қоссаңыз болды.

Қарағанды, Шахтинск, Саран және басқа да елді мекендердің имамдарын қонақ етіп, телекөрермендердің көкейде жүрген әр түрлі  сұрақтарына жауап беретін «Ислам: сұрақтар мен жауаптар» бағдарламасы болса Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының қолдауымен жасалған.

Көпшіліктің сүйіп көретін «Книга жалоб – Шағым парағы» толғақты мәселелерді толғаудан жалықпайды. Балалардың шығармашылығын дамытуға арналған «Время творить – Өз қолыңмен жаса» бағдарламасын балалар сүйіп көреді.

Өмірдің өзінен алынған шынайы дүниені бағдарламаға айналдырып, тарихтан бастап, уақыт талабына жауап беретін бағдарлама дайындау – «5 арнаның» басты   талабы.

ДЕРЕК

Қазақстанда 11 телекомпания мен 7 радиостанция республикалық мәртебеге ие («Қазақстан» РТРК» АҚ, «Хабар» агенттігі» АҚ, «КТК» АҚ, «НТК» ЖШС, «Рахат-ТВ» ЖШС,   «Астана қ. телевизиясы» ЖШС, «31 канал» ТРК ЖШС, «Эра» телерадиокомпаниясы» ЖШС, «Европа плюс Қазақстан», ЖШС, «Русское радио-Азия» ЖШС және «NS радиосы» ЖШС  т.б.).

Қазақстанның аумағында қызмет көрсету сапасы мен деңгейі жоғары ақылы көп бағдарламалы қызметтер ұсынатын эфирлік-кабельдік телевизия желісінің 108 операторы жұмыс істейді. Олардың қызмет саласы, әдетте, жергілікті сипатқа ие. Бұл ретте, арналардың пакеті 14-тен 130-ға дейінгі телевизия бағдарламасы аралығында болады. Бұл спектрді «Алма-ТВ», «DIGITAL TV», «ID TV» және «ICON» сияқты бірқатар ірі операторлар ұсынған.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button