Көне Тараздан – асқақ Астанаға

   Жамбылдықтар «ЭКСПО–2017» Халықаралық көрмесіне көлікпен емес, түйе, жылқы және атарбалармен бара жатыр. Өткен ғасырдағы Ұлы Жібек жолын көз алдымызға елестеткен керуеншілер Сарыарқа даласын әсем күйге бөледі. Тараздан шыққан сол керуен сенбі күні кеншілер қаласына табан тіреді.

60ea05fa550265305abe25374e8823ef

Көне Тараздың бай тарихын, өнері мен мәдениетін паш еткен «Ұлы Жібек жолы» керуенін қала жұртшылығы ыстық ықыласпен қарсы алды. Керуеншілер көпшілікке шаһарлы шежіренің қаһарманы атанған көне Тараздың биік мәртебелі өркениетін дәріптеді. Ата-баба жолын жалғаған керуен де ежелгі ел тарихын елге таныстыру мақсатында көш бағытын Елордамызға бұрыпты. Бұл туралы Жамбыл облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсен Бықыбаев айтып берді.

 Дүйсен БЫҚЫБАЕВ, Жамбыл облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы:

– Керуен 25 түйе, 50-ге жуық жылқы және 6 атарбамен жолға шықты. Құрамында  өңірдің белгілі тарихшылары, өнерпаздары мен өлкентанушыларынан 150-ге жуық адам бар. Өнерпаздарымыз Астанада «ЭКСПО» көрмесін насихаттауға бағытталған іс-шаралар аясында концерттік бағдарламалар ұсынады, театрландырылған қойылымдар қойып, ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырады. Сондай-ақ, «ЭКСПО» аумағындағы «Амфитеатрда», «Этноауылда» іс-шаралар өткізеді.

Қарағандылықтар керуеншілер өнерінен шудасы желмен желкілдеген түйелердің тарпаң бейнелері мен сән-салтанатын келтіріп тұрған бұйымдар арқылы көне тарихымызға куә болды. Қарағанды орталық мәдениет және демалыс саябағында қазақтың ұлттық киімдерін киген жамбылдық ағайынмен емен-жарқын араласып, ұлттық дәстүрдегі арба, күймелерді тамашалады. «Көзкөргендер» ардагерлер ансамблінің әжелері ауылдың алты ауызын айтып, қымыз-қымыран ұсынып, шашу шашты.

Кейбір қала тұғындары керуеншілердің өнерін тамашалау мақсатында «ЭКСПО» көрмесіне баратынын айтты. Сөйтіп, 500-ге жуық жамбылдық өнерпаз 26-30 шілде аралығында Астанадағы Жамбыл облысының мәдени күндерін өткізу мақсатында Қарағандыдан Елордаға жол тартты.

Аяулым СОВЕТ

Сурет ғаламтордан алынды.

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.