Күміс әшекейдің қасиетін білесіз бе?
Кейінгі кездері күмістің адам денсаулығына пайдасы бары жөнінде жиі айтылып жүр. Бұл тектен-тек емес. Күміс адам ағзасына расында да шипа бере алады. Күмісті адамдар бағзы замандардан бері қолданып келеді. Ол тұрмыстың барлық дерлік салаларында пайдаланылады. Одан ақша, әшекей бұйымдар, ыдыстар жасайды. Қысқасы, күміс – өте ерекше металл. Оның сирек кездесетін бірегей қасиеттері бар. Төменде біз оны барынша ашып көрсетуге тырысамыз.
Мысалы, халық медицинасын алайық, бүгінде оған қызығушылар көп. Ал онда күміс кеңінен қолданылады. Неліктен? Күмісте қандай шипалық қасиеттер бар? Оны қолдану ағзаға зиянын тигізбей ме?
Жалпы, адам ағзасында күміс әрқашанда бар, әсіресе мида, жүйке жасушаларының ядросында, сүйек ұлпаларында, ішкі секреция бездерінде, көздің құбылмалы қабықшасында көп кездеседі. Ол ағзадағы физикалық процестердің қалыптылығына, органдардың дұрыс жұмыс істеуіне қызмет етеді. Күміс зат алмасуына, қан түзілуіне атсалысады, ағзаны жасартады. Өйткені күмістің иондары жасушаларға тез енеді, бұдан жасушалардың өміршеңдігіне нұқсан келмейді, бірақ олардың ары қарай бөлінуі шектеледі. Күміс иондары микроағзалардың ферменттік жүйесін зақымдайды, сондықтан да ол ағзаны зиянды нәрселерден залалсыздандыра алады, бактерияларға қарсы тұрады, жарақаттардың тез жазылуына әсер етеді.
Күміс адам денесімен әрекеттескенде ағзадағы ток күміске қарай бағытталып, сол арқылы аурулар да оған қарай тартылады.
Күміс әшекейлер тек сәндік бұйымның ғана емес, жүйке жүйесінің теңдігін сақтайтын, күдік-күмәннан, шүбәланғыштықтан, тітіркенуден, тынышсыздықтан қорғайтын емдік тұмардың да қызметін атқарады. Мойынға тағылған алқадағы немесе «шылдыр шүмекке» тағылған жүзік құрамындағы күміс қан қысымын түсіреді. Егер жүзікті сұқ саусаққа тақса, ол ішектердің жұмысын жақсартады, әжімдердің жоғалуына әсер етеді.. Ал оны шынашаққа тақса, ол жүректі түрлі аурулардан қорғайды.
Күмістің мынадай да ерекшелігі бар: Егер құрамында мыс бар күміске тер, ылғал тисе, тағы да басқадай сыртқы жайлар әсер етсе, ол тотығып, қараяды. Ал таза күміс өз құрамындағы күміс сульфидінің әсерімен ғана қараюы мүмкін.
Бауырда, бүйректе кінәрат болса да күміс қараяды (мұндай жағдай адамда эндокриндік дерт пайда болғанда да бой көрсетеді), сондай-ақ егер азоттық заттар бөлінген жағдайда күміс керісінше, жарқырап, ағара түсуі де мүмкін.
Қысқасы, күміс әдемі әшекей бұйым ғана емес, иесін қорғайтын тұмар, диагноз қоюшы, тіпті емші де бола алады. Күмістің осындай ерекше қасиеттері жөнінде біле жүргеннің зияны жоқ.
Шәрипа ТӨРЕҚҰЛОВА,
Халықаралық психология ғылымдары
академиясының корреспондент-мүшесі