Мәселе

Көмір химиясының көкжиегі

Бүгінде елімізде көмір химиясының көкжиегін кеңейту ерекше маңызға ие болып тұр. Яғни, көмір өнеркәсібі жаңа бағыттарды игеріп, көмірді байытып, барынша терең өңдеуге бағдарланған жаңашыл технологияларға бет бұруда. Тиісінше, отандық бірнеше кәсіпорын сүбелі жобаларды жолға қойды. Бұл қатарда қарағандылық алпауыттардың шоқтығы биік көрінгені заңды, әрине.

«Шұбаркөл Көмір» АҚ – өнеркәсіп ошақтарын энергетикалық көмірмен қамтып отырған кәсіпорындардың бірі. Алдағы уақытта өндірістік қуаты еселене түспек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, жылына 200 мың тонна арнайы кокс өндіретін жобаны жүзеге асыруда. Биыл қазанда жаңа зауыт жұмысын бастап, компанияның өндірістік қуаты 400 мың тоннаға дейін артады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, кәсіпорын былтыр шілдеден бері белсендірілген көмірді өндіру жобасын бастаған. Биыл діттеген меже – 280 тонна.

Ел экономикасында белсендірілген көмірге сұраныс зор. Гидрометаллургия, алтын өндірісі, фосфат өнеркәсібі, су тазарту сынды салаларда кеңінен қолданылады. Осы уақытқа дейін шет елдерден тасылып келген-ді. Ендігі басты мақсат – импортты алмастыру.

Тағы айта кетері, кәсіпорын былтыр маусымда көмірден гуминді тыңайтқыш алуға кірісті. Шұбаркөл кен орнында тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғы жұмысын бастады. Зауыт жылына 900 тоннаға дейін өнім алуға қауқарлы.

Сондай-ақ, айына 1800 тонна кокс көмірін беретін зауыт іске қосылды. Бұл жобаны «Шұбаркөл Премиум» АҚ-ы мен «Теміркокс» ЖШС бірге қолға алды. Биыл екінші кезек те жұмысын бастаса, өндіріс қуаты еселеніп, бір айда 3600 тоннаны еңсереді.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін Sherubai Komir мен «Құлан көмір» серіктестіктері көмір кенішінде ұсақтау-сұрыптау кешенін орнатады.

Kazakhmys Coal ЖШС-де көмір химиясын ілгерілету ісіне белсене атсалыспақ. Кен өндіру келісімшартын ұзарту шеңберінде «Көмірді зерттеу, тәжірибелік өнеркәсіптік қондырғы дайындауға конструкторлық шешімдер әзірлеу және Борлы кен орнындағы көмірді байытуға арналған фабрика салу» жобасын іске асырады.

Айта кетейік, облыстың өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, бүгінде облыс аумағында 11,2 миллиард тонна тас және қоңыр көмір қоры бары мәлім. Республика көлемінде өндірілетін көмірдің үштен бірі және кокс көмірі толығымен Қарағанды облысына тиесілі. Қазіргі таңда аймақта 10 шахта және 13 разрез жұмыс істеп тұр. Өткен жылы 36 миллион тонна көмір өндірілді.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button