Жаңалықтар

Республика күніне орай «Саған кітап арнадым» акциясы басталды

Республика күні қарсаңында «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында «Саған кітап арнадым» акциясы басталды. Бастама кітап сыйлау мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Сурет ұйымдастырушылардан

Ұлттық мереке – ел бірлігі мен мемлекеттіліктің маңызын айшықтайтын ерекше күн. Осы орайда ұйымдастырушылар мерекені кітап сыйлау арқылы атап өтіп, білім мен рухани құндылықтарды бөлісуге шақырады.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошевтің айтуынша, кітап сыйлау – адамдарды жақындастырып, оқуға деген қызығушылықты арттыратын игі бастама.

Акцияға қатысу үшін жаңа немесе жақсы сақталған кітапты таңдап, оның алғашқы бетіне жылы лебіз жазып, жақын адамға, досқа, әріптеске немесе танысқа сыйлау ұсынылады. Сондай-ақ қатысушылар сыйлықтың кімге арналғанын және дәл осы кітапты неліктен таңдағанын түсіндіре алады.

Ұйымдастырушылар кітап сыйлау сәтін әлеуметтік желілерде жариялап, марафонның ресми @kitap_oqityn_ult аккаунтын белгілеуге шақырады. Жазбада #СағанКітапАрнадым, #КнигаДляТебя, #BookForYou, #Republicday хэштегтерін пайдалануға болады.

Акцияға қатысушылар достары мен әріптестерін де бастамаға қосылуға шақырып, кітап сыйлау эстафетасын жалғастыра алады. Ұйымдастырушылардың мақсаты – кітапты күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдырып, оқу мәдениетін кеңінен насихаттау.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button