Күмбірлеп күн астында күй-құдірет!

«Әуелі сөз жаралса», жанмен бірге туған үн мен дыбыс аспан астын кеңіткен сияқты. Өмірдің құны – көңілдің күйі қазақ үшін. Ақындық та, батырлық та жүректің ісі десек, сол жүректен әуелі күй тарайтынын қайда қоясыз?.. Қарағандыдағы «Достық» үйінде дүркіреп кісен ашқан күйші Мадияр Сүлейменовтің «Күмбірле, күй – «қосбасар» кешінде туған ойдың бір легі осы еді.

Иә, Қазақ Ұлттық өнер университетінің түлегі Мадияр бүгінде Тәттімбет атындағы өнер колледжінің оқытушысы. Күй кешінің шымылдығын осы мұраның тәңірісіндей Тәттімбет Қазанғапұлының «Бестөресімен» түрді. Кезінде күйші Бегімсал Орынбек «Кенесары-Наурызбай» деп тартатын бұл күйдің біз біле бермейтін сыры көп. Таласбек Әсемқұл, Жанғали Жүзбай күйшілер осы пікірді қуаттай отыра, арасында қырғыз әуенінің ұшырасатынын айтатын. Кенесары-Наурызбай өліміне тартылған реквием болуы әбден мүмкін. Осы жолғы Мадиярдың шертуі де сол ойдан алыстатпады. Алпыс екі тамырды солқылдатып алып, бір сәтке домбыраның өксіп, жылағанын қалай айтпай кетеміз? Оны жылатып отырған кеш иесі Мадиярдың шертісін естіген жұрт тәнті. Атасы Шегебай күйшіден тумаса, олай шерте ме домбыраны?! Қыздарбек Төребайұлының «Жұбатуы» мен Әбди Ырысбекұлының «Тәуба» қосбасарына келгенде, тыңдарман тебіреніп кетті, білем. Зал бір қозғалып, қайта тынып, қол соқты. Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, қазақ күй өнерінің бағына біткен Жанғали Жүзбай келіпті Астанадан.

«Мен білетін Мадияр табиғатынан күйші. Өздеріңіз де куә болып отырсыздар. Мынадай заманда мұнша халық жинап, күй кешін өткізу де ерлік. Қазақтың жаны мен ары тоғысқан күй өнеріне құрмет көрсеткен елге алғысым шексіз» деп бір қойды Жанғали ұстаз. Шәкіртінің шығармашылық кешінде тарту жасап, тыңдарманның құрметіне күй шертіп, көңілді бір өсірді.

Тәттімбет, Тоқа Шоңманұлы, Итаяқ, Қыздарбек, Әбди, Айдостың Сембегі, Аққыз Ахметқызы, Сүгір Әлиұлы, Төлеген Момбеков, Дәулетбек Сәдуақасұлы, Мұхамеджан Тілеуханов сынды дала даңғайырларының шығармашылығынан 12-ден астам күй шерткен Мадиярдың кешін ұйымдастырып, қолдау көрсеткен – облыстық жастар ресурстық орталығы мен қоғамдық келісім мемлекеттік мекемесі екенін айта кеткен жөн. Терең ой, кемел сезімге жетелер шертпе күймен қатар, төкпе күйді Қазақ Ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, Мәдениет қайраткері, Мадиярдың ұстазы Құрманбай Ғабделов тартса, қазақ классикалық ән өнерінің өкілі, белгілі әнші Құрмаш Ыбышев «Екі жирен» (ІІ түрі) мен Иманжүсіптің әнін қалықтатты. Тәттімбет өнер колледжінің қобызшылар ансамблі мен оркестрі өнер көрсетіп, бір серпілтті. Мадиярдың саз сауған саусақтарына тәнті ақын Әділет Шопен күйшіге арнау өлеңін оқыды.

Кеш соңында ұлы Нұрғиса Тілендінің «Әлқисса» күйін Мадияр оркестрдің сүйемелдеуімен тартты. Оркестрдің бір шетінде дәулескер күйші Жанғали Жүзбай отыр домбырасымен. Күйге деген махаббат осындай болса керек-ті.

Шымылдық!

Жәнібек ӘЛИМАН