Бас тақырып

«Көлеңкелі экономикамен» күрес – таңбалау

Бұрын шетелден келген, немесе өзімізде өндірілген (бар болса) аяқ киім ешқандай таңбалаусыз сөрелерге қойылатын. Бұл контрафактіге жол ашты. Өйткені, оны саудалаушылар да тұтынушы да қай жерде, қай уақытта жасалғанын білмесе, жасырын келген тауардан бюджетке салық түспеді. «Қашанғы бұлай болады?» деген осы сала өкілдері, арнайы кеңесте 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап таңбаланбаған аяқ киімдерді өндіруге және елімізге әкелуге тыйым салынады деген шешімге келді. Алдағы уақытта сүт өнімдері де таңбаланбақ…

Аяқкиім таңбаланады

Қазақстан «көлеңкелі экономикамен» күрестің бір жолы ретінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауарларды таңбалауды бастады. Аяқкиім саласы елімізде міндетті цифрлық таңбалау енгізілетін алғашқы салалардың бірі. Бұған дейін Қазақстанда темекі мен тері өнімдерін міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта дәрілік препараттарды, алкоголь өнімдерін, жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау бойынша қанатқақты жобалар іске асуда. «Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша аяқкиімнің көлеңкелі нарығы жалпы көлемнің шамамен 48,5%-ын құрайды», – деп жазды inbusiness.kz.

Ал, аяқкиімнің цифрлық таңбалануы нарықты «ағартуға» және оны контрафактіден тазартуға ықпал етпек.

Бұған дейін аяқкиімді міндетті цифрлық таңбалау 2021 жылдың шілдесінде енгізіледі деп жоспарланған болатын. Алайда, импорттаушылардың көбі күз-қыс маусымына арналған тауарларға шетелдік өндірушілерден алдын ала жарты жылға ертерек тапсырыс береді. Сондықтан, көктемде тапсырыс берілген таңбаланбаған аяқкиімдер 1 шілдеге дейін Қазақстан шекарасынан өтпей қалуы мүмкін деген қауіп туындаған.

Осылайша, 2021 жылғы 1 қарашадан бастап таңбаланбаған аяқкиімді өндіруге және ел аумағына әкелуге тыйым салынады. Ал, бөлшек сауда өкілдері таңбаланбаған тауар қалдықтарын 2022 жылдың 1 қарашасына дейін сатып үлгеруі керек.

Енді нарықта жаңа нормаларға мұқият дайындалу үшін тағы бес ай және таңбаланбаған тауарлардың қалдықтарын сату үшін бір жылдан астам уақыт бар. Бизнес үшін тәулік бойы цифрлық таңбалау бойынша жедел желі жұмыс істейді. Цифрлық экономиканы дамыту орталығы үнемі мамандандырылған вебинарлар өткізеді, сала өкілдеріне жеке кеңестер береді. Аяқкиімді цифрлық таңбалау туралы пайдалы ақпарат markirovka.kz порталында бар. Сондықтан, әрбір кәсіпкердің нарықтағы жұмыстың жаңа ережелеріне мұқият дайындалу мүмкіндігі мен уақыты жеткілікті, – дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева.

Мамандардың айтуынша, аталған шара қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы тұтынушы таңбаланған тауардың түпнұсқалығын оңай тексере алады.

Сүт өнімдеріне де кезек келеді

Сонымен қатар, елімізде 2022 жылы сүт өнімдеріне де цифрлық таңбалауды енгізу жоспарланып отыр. Қазір бұл жобаға отандық 7 өндіруші қатысып жатыр. Яғни, кәсіпорындарда өнімді таңбалау процесі сынақтан өткізілуде. Жоба шеңберінде жабдыққа арналған шығындарға есептеу жүргізілген екен. Атап айтқанда, бір желі үшін таңбалау жабдықтарының құны кәсіпорын мен өнімнің көлеміне байланысты 0,5 млн. теңгеден 9,2 млн. теңгеге дейін өзгеріп отырады.

Мұндағы негізгі әңгіме кез келген жағдайда мерзімді түрде жүргізіліп отыратын өндірістік желілерді жаңғырту жайында болып отыр. Бұл жағдайда компаниялар қаптамаға цифрлық таңбалау кодын қолдануға мүмкіндік беретін жабдықты сатып алуы қажет. Яғни, қосымша жабдықты сатып алу өнімнің түпкілікті құнының қымбаттауына әкелетіні шарт емес. Өнімнің түпкілікті бағасындағы жабдық шығындарының үлесі әдетте 0,06-0,15 пайызды ғана құрайды. Бөлшек сауда бағасына әсер ететін факторлар көп. Соңғы 5 жылда сүт өнімдері құнының орташа жылдық өсу қарқыны таңбалаусыз-ақ 6 пайыздан 13 пайызға дейін өзгерді. Бұл бағаның тұрақты өсу тенденциясын айқындайды. Сондықтан, тауарларды таңбалау мен қадағалауды енгізу өнімнің түпкілікті құнына айтарлықтай әсер етпейді. Керісінше, бұл жерде тұтынушы тарапынан өнімнің шығарылуына және жарамдылық мерзіміне қатысты сенімділік пайда болады. Осының өзі үлкен табыс, – дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры Олжас Бектұров.

Сондай-ақ, сүт өнімдерін өндірушілер үшін таңбалау жабдықтарына және кодтарға тапсырыс беруге жұмсалатын шығындардың 50 пайызына дейін өтемақыны қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Шағын өндіріске арналған тағы бір жол бар. Ол – өндірістік желіге таңбалау кодтарын енгізетін жабдықтарды орнатпай, кодты баспахана арқылы орнатуға тапсырыс беру. Бұл жағдайда таңбалау шығындары тағы 2,5-4 есе азаяды. Бөлшек сауда нүктелері Data Matrix кодымен белгіленген өнімдерді сканерлеу үшін 2D сканерлерімен жабдықталған. Өткен жылы темекі өнімдеріне міндетті цифрлық таңбалау енгізіліп, олар таңбаланған өнімдермен жұмыс істеуде. Бұл ретте таңбалауды енгізудің бастапқы кезеңіндегі бизнес шығындарына қарамастан, келешекте орта және ұзақ мерзімді таңбалау жүйесі елеулі пайда әкелмек.

Біріншіден, цифрлық таңбалау арқылы біз жосықсыз бәсекелестіктің алдын алып, тұтынушыға тауардың түпнұсқалығын растауға мүмкіндік береміз. Сонымен қатар, тауарлардың қозғалысын есепке алу рәсімдері стандартталып, біріздендіріледі. Таңбалау арқылы біз сүт өнімдерінің өндірушіден бөлшек сауда дүкеніне жетуіне дейінгі аралықта қадағалауды қамтамасыз етеміз. Бұл өз кезегінде өндірушілерге де, мемлекетке де белгілі өңірде нақты өнімге сұранысты және өндірісті жоспарлауды қамтамасыз етеді, – дейді Олжас Бектұров.

Түйін

Міндетті цифрлық таңбалауды енгізуге кеден қоймалары да дайындалуда. Қойма аумағында кедендік рәсімдер кезінде шетелдік зауыттарда таңбаланбаған тауарға Data Matrix цифрлық коды бар стикерлер немесе этикеткалар орнатылатын болады.

Ойлап қарасаңыз цифрлық таңбалау тұтынушыға да пайдасын тигізеді. Мысалы, тандаған аяқкиімді бір дүкеннен қымбатқа көрсеңіз, дәл сондайын басқа жерден таңбалау арқылы арзанға аласыз. Өйткені, ол жерде өнім туралы білгіңіз келген ақпараттың барлығы жазулы болады. Сондайақ, жаңашылдық нарықтағы өндірушілер мен кәсіпкерлер үшін адал бәсекелестікке жол ашатын орта қалыптастырады. Мемлекет үшін де пайдасы зор. Бірінші кезекте қазынаға түсетін салықтық түсімдер көбейеді. Сонымен қатар, нарықтағы мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру шығындары азаяды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button