Облыста 282 шақырым республикалық жол жөнделеді
Қарағанды облысында республикалық маңызы бар автожолдарды жаңарту және қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде Қарағанды – Жезқазған автожолын реконструкциялау жобасы алдағы жылдардың ірі бастамаларының бірі болмақ. Аталған жол құрылысын қаржыландыру туралы келісімге Вашингтон қаласында қол қойылды. Жоба 2026–2029 жылдар аралығында толық жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті бағыты бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Толық жаңғырту кейінірек басталатындықтан, әзірге ең күрделі учаскелерге басымдық берілген. Облыс аумағында бұл жұмыстар Топар кентінен Ұлытау облысының шекарасына дейінгі 122 шақырым жолды қамтиды.

Алдағы кезеңде қолданыстағы жолдың жанынан жаңа екі жолақты трасса салынып, кейін қазіргі жолды қайта жаңарту жұмыстары қолға алынбақ.
Биыл орташа жөндеу бағдарламасы аясында облыстағы республикалық трассалардың 282 шақырымы жаңартылады. Алғашқы жұмыстар басталып та кетті. Қарағандыдан Ақтас бағытына шығатын жолдағы теміржол өткелі маңындағы проблемалы бөлікке жаңа асфальт төселді.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалы директорының орынбасары Дінмұхамед Еркіннің айтуынша, биылғы жөндеу бағдарламасы тоғыз учаскеге бөлінген. Оның төртеуі бойынша мердігерлермен келісімшарттар жасалған.
Жөнделетін жолдардың қатарында Ақшатау – Ағадыр – Ортау бағыты, Молодёжный кентіне апаратын жол, сондай-ақ Қарқаралыдан Бүркіттіге дейінгі жол бөлігі бар. Көптеген жобалар екі жылдық мерзімге жоспарланған.

Қалған бес учаске бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда. Сонымен қатар Астана – Қарағанды – Алматы ақылы трассасындағы көпірлер мен су өткізу нысандарындағы шөгулерді жою жұмыстары жүргізіледі.
Бұдан бөлек, биыл Шілі және Шат өзендері арқылы өтетін екі көпірге, сондай-ақ Молодёжный бағытына апаратын жол өтпесіне күрделі жөндеу жасалады.
Мамандардың айтуынша, жолдардың сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Барлық нысандарда техникалық бақылау жүргізіліп, қолданылатын материалдар мен дайын жол жабыны арнайы тексеруден өтеді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



