Жаңалықтар

Ыбырай алауы

Қазақтың аса көрнек­ті ағартушы-педагогы, жа­зушы, этнограф, фольклоршы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай Қарағанды қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінде елең еткізерлік тың жоба жүзеге асты. Мектеп ұжымы «Ыбырай алауы» аталған мюзиклді көпшілік назарына ұсынды. Ы.Алтынсарин атындағы мектеп директоры Раиса Кенешованың айтуынша, мюзиклға мектеп ұжымы төрт ай дайындалған. Екі ай сценарий жазылған екен. 100-ден астам мектеп оқушылары мен ұстаздары тартылыпты.

Суреттерді түсірген автор

Мюзиклда бастауыш сынып оқушылары өлең оқып, мұғалімдер жанды дауыста ән шырқады. Кейін Ыбырай Алтынсариннің хрестоматияны қалай жазғаны жайлы қойылым қойылып, мектептің іргесін қалай салғандығы назарға ұсынылды. Мюзиклда бастауыш сынып оқушылары Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» өлеңін хормен орындады.

Мектеп директоры Раиса Кенешова аталған шараға атсалысқан №2 балалар музыка мектебі – ЮНЕСКО клубының директоры Марат Қапенұлына алғыс білдірді.

Осы орайда композитор Әблахат Есбаевтың бейнесін жасанды интеллект сөйлетіп, оның әннің тарихы туралы баяндауы көрермен көңілінен шықты.

Қарағанды білім бөлімі басшысы Есентай Әшім жобаның ұрпақ үшін аса маңызды, ұлы тұлғаны дәріптейтін ерен жоба екендігін атады. Ал, Қазыбек би ауданы кәсіподағы мектепке 100 000 теңге сыйақы табыстады.

– Мұндай қадам зияткерлік модернизация жобасының мюзикл бағыты бойынша мектептің шығармашылығын дамыту бағытында жасалды. Ыбырай Алтынсариннің туғанына биыл 185 жыл толуына орай, ағартушылық және еңбек жолына арналған «Ыбырай алауы» мюзиклін ұйымдастыруды жөн көрдік. Мюзиклге 100-ден астам оқушылар мен мұғалімдер қатысты. Біз ұлы ағартушыны дәріптей береміз. Осы мақсатта «Ыбырай тағылымы» деген облыс­тық конкурстар мен еңбектеріне арналған стемп бағытта бейнежазба форматындағы сайыстар да бар, – деді мектеп директоры Раиса Кенешова.

Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің бірінші қабатында арнайы стенд ұйымдастырылған. Онда ұлы ағартушының еңбектері, шығармалары мен өмірбаяны жазылған кітаптар, алғаш ашқан мектебінің макеті де қойылған.

«Ыбырай Алтынсаринді дәріптеу мақсатында тарихты бейнелегіміз келді. Әрине, образ сомдауда, дайындық барысында қиындықтар кездесті. Дегенмен, жұмыла жұмыс істедік», – деп ойларымен бөлісті мюзиклге қатысқандар.

«Педагогикалық жұмыстағы шешуші нәрсе – ең жақсы оқыту әдістерін таба білуде», – деп Ыбырай атамыз айтып кеткендей, мюзикл көпшілікке тәлім мен тәрбиенің тереңдігін насихат қылды.

Динара ҒАБДЫҒАЛЫМ,
ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button