Жаңалықтар

Тәрбие темірқазығы

Қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі – жас ұрпақтың елге, жерге деген жауапкершілігін қалыптастыру. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан білім ордасының бірі – Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп. Мұнда әскери-патриоттық тәрбие нақты жоспар мен серіктестікке негізделген.

Аталған мектепте әскери бағыттағы сынып 2015 жылы әскери қызметтегі ата-аналардың ұсынысымен эксперименттік алаң ретінде алғаш рет ашылған. Бұл бастама жасөспірімдердің тәртібі мен жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың болашаққа деген көзқарасын айқындау­ға бағытталды. Ұландардың алғашқы ант қабылдау салтанатына қазақтың біртуар перзенті, Халық қаһарманы, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров қатысып, жас сарбаздарға елге қызмет етудің биік үлгісін көрсетті.

Бүгінде «Жас Сарбаз» сынып тәрбиеленушілері бірқатар әскери құрылымдардың тікелей қамқорлығында. Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардия­сының №5451 әскери бөлімі мен оның құрамындағы «Бүркіт» арнайы жасағы, Қазақстан Республикасының Қарулы күштері санатындағы №31 775 әскери бөлімі, Әуе қорғаныс күштерінің №50 185 әскери бөлімі, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі, сондай-ақ, Әлихан Бөкейхан ауданы ардагерлер кеңесімен тығыз байланыста.

Сонымен қатар, мектеп Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің алғашқы әскери дайындық кафедрасымен әлеуметтік әріптестік орнатып, меморандумға қол қойған. Бірлескен жоспарлар негізінде әскери сабақтар, кездесулер, тәжірибелік жұмыстар жүйелі түрде өткізіледі.

Әскери-патриоттық тәрбие­нің маңызды бағыттарының бірі – тарихи жадыны сақтау. Осы мақсатта Әлихан Бөкейхан ауданы ардагерлер кеңесі мен ауған соғысы ардагерлері кеңесінің қолдауымен көгілдір тоған шағынауданында тұратын екінші дүниежүзілік соғысы және Ауған соғысы ардагерлері туралы мәліметтер жинақталып, мектеп қабырғасында «жауынгерлік даңқ» залы ашылды. Бұл жас ұрпаққа ел қорғаудың мәнін түсіндіретін тарих алаңына айналды.

2025-2026 оқу жылында мектепте «Жас Сарбаз» және «Жас құтқарушы» сыныптарына арналған арнайы кабинеттердің салтанатты ашылуы өтті. Материалдық-техникалық базаның нығаюы әскери даярлықты тереңдетуге, практикалық сабақтардың мазмұнын арттыруға мүмкіндік берді.

«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Жас Сарбаз» сынып тәрбиеленушілері республикалық, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі түрлі байқаулар мен жарыстарға белсене қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Онлайн форматта өткен «Айбын-2020» VI республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында Руслан Атантаев I орынды иеленді. Республикалық «Жас ұлан» әскери әндер фестивалінде «Жас Бүркіт» вокалдық тобы II орынға ие болды. «Мен «Жас сарбаз» қатарына қалай келдім» атты республикалық бейнеролик байқауында Арман Мейрамбай дипломант атанды. Тоқтар Әубәкіровке арналған I қалалық «Батырлыққа тағзым» шығармашылық фестивалінде «Жас Сарбаз» командасы I орын иеленді.

Қалалық білім бөлімі ұйымдастырған «Әскери үш сайыстан» XIX дәстүрлі қалалық жарыста жалпы есепте Арыстан Джиенов мен Алинұр Сансызбай жеңіске жетіп, жеке есепте үздік атанды. Облыстық «Қасым оқулары» байқауында Арман Мейрамбай ақын әндерін орындау номинациясы бойынша I орын алды. «Жас офицерлер балы – 2024» облыстық іс-шарасында Нәби Мұқаман жұбы I орын, Мансұр Мақсатұлы жұбы II орын. Нұрәли Бейбіт жұбы III орын иеленді.

Жалпы алғанда, «Жас Сарбаз» сыныптарында қалыптасқан әскери-патриоттық тәрбие жүйесі жасөспірімдердің табысты әлеуметтенуіне, ел тарихын құрметтеуге, әскери салт-дәстүрді сақтауға негізделген. Қайсар мінезді, білімді, жауапкершілігі жоғары, тәртіпті әрі отансүйгіш жас ұрпақты тәрбиелеу – бұл бағыттағы басты мұрат.

Дархан Жұмажанов,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Басқа материалдар

Back to top button