АймақБалқаш

Көл жағасындағы керім қала

Тарих сорабына көз жіберсек, Прибалхашстрой поселкесі 1937 жылы 11 сәуір күні Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің шешімімен Балқаш қаласы атауын иемденген. Бұл өңірдің ғұндар дәуірінде орны елеулі болған. Тарихшылардың зерделеуінше, шапқыншылық заманда ғұндардың ұсталары кенді өлкеде соғыс пен еңбек құралдарын соққан көрінеді. Таза мысы арқылы даңқ тұғырына көтерілген қаланың ел аузында «Мыс шаһары» деп айтылуы да тегін емес. Балқаш көлінің жағасында іргесі қаланған қаланың береке-байлығын халықтың игілігіне айналдыру жолында ірі қадамдар жасалып, ілкімді істер қолға алынған. Аптап ыстық, аңызақ жел жерде сән-салтанаты келіскен қала тұрғызылады деп ойлау бір кезеңде аңыз болған шығар.

Қатпарлы тарихты парақтасақ, қаланың салынуына себепкер мыс кеніне бай Қоңырат кеніші екенін аңғарамыз. Сондықтан да, Балқаш қаласының тарихын Қоңыраттан басталатындығын анық айта аламыз. Сонау ерте заманнан адамдар Арқа төсінде мыс өндіріп, керегіне жаратқан. Қоңыратта кеннің бар екенін жергілікті жұрт білгенімен, жария етуді жөн санамаған. Өйткені, қонысынан айырылып қалудан қорыққан. 1901 жылы Қоңырат кен орны жайында тұңғыш ресми тұжырым айтқан – А.Деров деген көпес. Ал, геологиялық-экономикалық дәлелдемесін жасаған инженер-геолог М.Русаков. 1928 жылы барлау жұмысын жүргізу барысында Қоңырат қоры сол кездегі мыс кен орындарынан асып түсетіндігін дәлелдеді. 1929 жылы қазмойын бұрғылау мұнаралары барлау жұмысын бастады. Үш жылдық барлау ісіне екі жарым миллион сомға жуық қаржы жұмсалды. Кешікпей Қоңырат кен орнын игеру қолға алынып, 1931 жылы қазан айында «Прибалхашстрой» басқармасы құрылды. Оның басты мақсаты мыс қорыту комбинатын салу болатын. Ол уақытта елімізде мыс тапшы еді. Сол себепті, зауыт құрылысын жеделдету қолға алынып, 100 миллион сом бөлініп, 1932 жылы жұмысқа 450 құрылысшы тартылды. Жұмысшылар уақытпен санаспай жұмыс атқарды. Құрылыс жұмысы оңайға соқпады. Мыңдаған жұмысшы, білікті маман бел шешпей, тізе бүкпей жұмыс істеп, алып зауытты салды. Зауытпен қатар, түрлі ғимараттардың іргетасын қалады. 1933 жылы тәжірибелік кен байыту фабрикасының құрылысы аяқталды. Уақытша электр станциясы және Қарағандыдан Бертіске дейінгі 488 шақырым теміржол құрылысы тәмамдалды. 1938 жылы наурыз айында байыту фабрикасының механизмдері сынақтан өткізілді. Балқаш қаласында алғашқы концентрат алынып, шілде айында шағылу пеші іске қосылды. 24 қарашада алғашқы мыс алынып, жаһан назары Балқашқа ауды. Балқаш мысының тұңғыш құймасы Мәскеудің «Революция» мұражайына қойылды. Осылайша, еліміздің түсті және бағалы металдар өндірісінде аса көрнекті өнеркәсіпке айналды. Ел басына қара бұлт төнген соғыс жылдарында балқаштықтар әскерді керек дүниелермен қамтуда алғы шепте жүрді. 1941 жылдың көктемінде Шығыс Қоңырат кеніші ашылып, 1942 жылы молибден фабрикасы жұмысын бастады. Отан үшін отқа да күйіп, суға да түскен еңбеккерлер екі ауысымда жұмыс істеді. Соғыс уақытында КСРО-да өндірілген әрбір 100 тонна молибденнің 60 тоннасын кен қопарған, көл жағасын жайлаған жұрт беріп отырды. Сол жылдары қаһармандық еңбектің белгісіндей «Т-34» танкі зауыт алаңына орнатылды. Аталмыш танк Балқаш пен Ақшатаудың вольфрамынан, молибденінен құйылып, сауыт киген батырдай жаудың шебін бірнеше мәрте бұзып, талқандаған болатын. Оңайлықпен тізе бүкпеген ортақ жауды жеңуде жан аямай күрескен баһадүрлер де жетерлік. Санамаласақ, бір кітапқа жүк болады. КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туын 22 мәрте абыроймен көтерген металлургтерге айтулы жалау 1945 жылы біржола табысталды. Өнеркәсібі өрге домалап, жанқиярлықпен еңбектенген Балқаш қаласы «Халықтар достығы» орденімен 1987 жылы сәуірде марапатталды. Жыл өткен сайын шағын шаһардың шаруашылығы өркендеп, елдің дәулеті асып, бағы тасыды. Балық, құс шаруашылығын айтпағанда, құрылыс саласы, жеңіл өнеркәсібі де өркен жайды. Зауытта бірнеше цех іске қосылды. Балқаш қаласында бұл жылдары еңбек озаттары, мықты мамандардың саны артты.

Қазақстанның экономикасын өркендетуге лайықты үлес қосқан қаланың сәулетін көркейтуге көп қамқорлық жасалды. Атағы тарихтың терең тұңғиығынан мәлім қаланың бейнесін мейлінше өзгертіп, ажарына ажар, сәулетіне сәулет қосу мемлекеттік деңгейдегі жауапкершілігі аса зор міндет еді. Мұндай жауапты тірлікке қатардағы құрылысшы, сәулетшімен қатар әрбір тұрғын өзінің үлесін қосуға борышты болатын. Осылайша, қала тұрғындары мен қонақтарының көзін қуанышқа бөлеп, көңілдерін асқақтатып әкететін құрылыстарға тоқтала кетейік.

«Балқаш мына жерден басталған» монументі, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш «Мәңгілік алу», «Балқашқа 50 жыл», «Танк Т-34», «Паровоз «ЭМ-80», «Алғашқы құрысшылар» стелласы, «Тәуелсіздік» стелласы, «М.Русаков», «Мағауия Хамзин», «Самолет МиГ», «Репрессия құрбандары», «Ағыбай батыр», «Қаременде би», «Жидебай батыр» ескерткіштері, Совет одағының батыры В.Хоружая мен ақын Шашубай Қошқарбаевтың бюст ескерткіштері ерекше қалаға сән-салтанат беріп тұр. Мұны дәуірдің талабы мен талғамына лайықты салынған адам ақыл-ойының жемісі дерсіз.

Көл және көл маңындағы табиғат ескерткіштерінің (Бектау ата шатқалы, тоғайлы ормандар) рекреациондық қуаты туристерді қабылдауға таптырмас мүмкіндік береді. Балқаш көлінің жағасында танымал туризм түрлері – жағажай туризмі, спорттың су түрлері: желкенді қайық, байдаркамен және каноэмен есу, спорттық балық аулау. Балқаш көлінің жағалауында жылына 5 мыңға жуық адам демалады.

Бүгінде Балқаш қаласы – Қарағанды облысындағы қазіргі заманға сай инфрақұрылымы дамыған, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындар желісі, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру нысандары заман талаптарына сай жабдықталған өндірістік орталық. Шағын және орта бизнес күннен-күнге өркен жайып, туристік кластердің дамуы да қарқын алуда. Көшелері көріктеніп, тұрғын үйлер салынып, жаңа әлеуметтік нысандар қатарға қосылуда. Қалада 80 мыңнан аса халық тұрады.

Еңсе тіктеген елдің экономикада, білім мен ғылымда, мәдени салада, өңірде қол жеткен табыстар жетерлік. Сол жетістіктердің бәрі дерлік адам еңбегімен жүзеге асырылды. Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдықтар, салынып жатқан сәулеттік құрылыстар, жасыл алаңдар – балқаштықтардың игілігіне жарауда. Бұл – балқаштықтардың бекем бірлігінің, тынымсыз тірлігінің жемісі, Тәуелсіздіктің тартуы. «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ» дегендей, егер көп сырды ішке бүккен тарихты ақтарар болсақ, Балқаштан шығып спортта дара жол салған саңлақтарымыз көп. Республика мен облысты айтпағанда, алақандай ғана Балқаш қаласынан байрағымызды көкке көтеріп, ән ұранымызды асқақ шырқатқандар баршылық. Егемен ел ретінде тұңғыш рет Олимпиада ойындарына қатысқанымызда алғаш олжа салған әуесқой бокстан Атланта олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, Балқаш қаласының Құрметті азаматы Василий Жиров болатын. Десек те, Тәуелсіз елдің атын әлемге әйгілеуге Жировтың боксшы болып қалыптасуына, биік шыңдарды бағындыруына бапкері Александр Апачинскийдің сіңірген еңбегі ерен. Кеңес кезінде қанат қаққан қырандар спорттың қандай түрі болмасын, жерлестеріміз қайсарлық пен жігерімен көзге түсіп, сан сайыста жеңіс тұғырынан көріне білді. Тәуелсіздік жылы ту көтерген түлектер Ел спортшыларының сүбелі жетістігі тәуелсіздік жылдары да артпаса кеміген жоқ. Еліміз тәуелсіз мемлекет атанғалы қаншама жас Балқаш қаласынан түлеп, дүбірлі спорт додаларында атойлады. Балқаш жұрты бір ғана бокспен-ақ бәсі жоғары екендігін алғаш Тәуелсіздік алған жылы танытты. Жировтың жеңісті жолы кейінгі Олимпиадаларда да жалғасты.

Қазіргі таңда Балқаштың туристік мүмкіндіктерін арттыру мақсатында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму бағыттарына баса назар аударылып келеді. Абыройы асқақ елдің мақтанышына айналған шағын шаһар жыл өткен сайын көркейіп, ажары айшықтала түсуде.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button