Жаңалықтар

Көктемгі су тасқыны: аймақтағы ахуал

Наурыз айының соңғы күндерінде аймағымызда су деңгейі көтеріліп, жұртты әбігерге салды. Әлеуметтік желіде түрлі қауесет тарап, онсыз да алаңдап отырған елді қобалжытып қойды. Әйтсе де, жергілікті билік өкілдері мен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері қол қусырып, қарап отырған жоқ. Облыс аумағында қауіптің алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде.

Қызылқойда жағдай тұрақты

Қардың күрт еруі мен өзендегі мұз кептелісі Шет ауданына қарасты Қызылқой ауылына да қауіп төндірді. Еріген қар суы тоғыз үйдің ауласына жайылып, екі үйге кірген. Ауыл іші болғандықтан, өзендегі мұзды ыдырату үшін жарылғыш зат қолданылмады. Құтқарушылар мен ауыл тұрғындары мұзды қол күшімен жарған. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің 30 қызметкері мен 13 техникасы жұмыс істеп, тасқынның бетін қайтарды. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Қызылқой ауылына арнайы барып, жағдайды жеке бақылауына алды. Тасқыннан келген шығындар есептеліп, зардап шеккен азаматтарға өтемақы төленеді.

Жалған ақпарат…

28 наурыз күні әлеуметтік желіде су басу қаупі төнген Атасу ауылының тұрғындарын эвакуациялау кезінде құтқарушылардың қайығы істен шыққаны туралы ақпарат тараған болатын. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл хабар шындыққа жанаспайды.

– Су басу қаупі төнген үйлерден 4 бала мен әйел адам қауіпсіз жерге көшірілді. Эвакуациялық жұмыстарға жүзу құралдары тартылды. Қайықтардың барлығы жарамды күйде. Тек, су деңгейінің төмен болуы қайық моторын іске қосуға мүмкіндік бермеді. Сондықтан, арқанды өткелдер пайдаланылды, – делінген ТЖД хабарламасында.

Құтқарушылар адам мәйітін тапты

29 наурыз күні Жаңаарқа ауданына қарасты Атасу ауылының тұрғыны мал іздеп шығып, үйіне қайтып оралмаған. Жоғалған малшыны іздеу шараларына облыстық ТЖД қызметкерлері мен ауыл тұрғындары тартылды. Ауа райының қолайсыздығы мен жолдың езіліп жатуы іздеу жұмыстарына айтарлықтай кедергі келтірген. Ер адамның мәйіті 30 наурыз күні Атасу ауылынан 6 шақырым қашықтықтағы жазық даладан табылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі ер адамның өлімінің нақты себебі сот-медициналық сараптама нәтижесінен кейін белгілі болатынын хабарлады.

Алты адам құтқарылды

29 наурыз күні Жаңаарқа ауданына қарасты Целинный ауылында 2 трактор балшыққа батып қалған. Еріген қар суы мен жолдың лайсаң болуы ТЖД арнайы тобының діттеген жерге дер кезінде жетуіне қиындық туғызғандықтан құтқару ісіне «Қазавиақұтқару» АҚ «Еврокоптер-145» тікұшағын тарту туралы шешім қабылданды. Орынбай ауылынан 19 шақырым жерде 5 адам табылып, Атасу ауылына жеткізілді. Дәл осы күні Абай ауданында жедел медициналық жәрдем бригадасы еріген қар суының көп болуына байланысты Алғабас ауылына жете алмай, құтқарушылар көмегіне жүгінді. ТЖД құтқарушылары медициналық қызметкерлермен бірге «Трекол» жол талғамайтын техникасымен көмекке мұқтаж ер адамды медициналық мекемеге жеткізді. А

Автожолдарда су деңгейі төмендеді

1 сәуір күнгі ақпарат бойынша республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар тасжолдардың учаскелерінде су деңгейі төмендеп келеді. Су басу қаупі төнген өңірлерде полиция, жол қызметі және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылып, ескерту белгілері орнатылды. Негізгі қоймалардан су жіберу жалғасуда. Төтенше жағдайлар департаменті су тасқыны жағдайын бақылауда ұстап отыр.

Басқа материалдар

Back to top button