Көктемгі егіс науқанына дайынбыз ба?
Өңірде көктемгі егіс науқанына дайындық жүріп жатыр. Биыл Қарағанды облысында 1,1 млн. га алқапқа дән сіңіріледі. Картоп пен көкөніс алқабының да көлемі артады. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров көктемгі егіс науқанына дайындық барысы туралы айтты.
– Биыл көктемде дәнді дақыл егілетін алқап 1 105,5 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 43,7 мың гектарға артық. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 957,2 мың га, майлы дақылдар – 59 мың га, жемшөп дақылдары – 76,2 мың га жерге егіледі. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында картоп отырғызу 12 мың га алқапқа жоспарланған – өткен жылмен салыстырғанда 526 га, көкөністер – 1,7 мың га артық, – деп хабарлады басқарма басшысы Асқар Санаубаров онлайн режимде өткен аппарат жиынында.
Оның айтуынша, тұқымға қатысты мәселелер жоқ. Бірінші репродукциялы және элиталы тұқымдарды пайдалану артады. Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштарды қолдануға басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде жерді ұтымды пайдалану және өнімділікті арттыру үшін қажет.
Өңірде суармалы жердің көлемі де ұлғайтылады.
Сондай-ақ, көктемгі егіс науқанына 10 мыңға жуық трактор, 248 егіс кешені және 4774 сепкіш қолданылады.
Арзандатылған дизель отынын бөлу қарастырылған. Егін егу үшін фермерлер «Кең дала» жеңілдікті несиелеу бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауды пайдаланды. Бұдан басқа, бюджеттен субсидиялар беруге, оның ішінде тұқым шаруашылығын дамытуға, пестицидтер мен минералды тыңайтқыштар сатып алуға қаражат бөлінді. Қарағанды облысында көктемгі егіс науқаны мамыр айында басталады.
– Агротехнологияларды сақтау маңызды. Тұқымның сапасын уақытында тексеріп, минералды тыңайтқыштарды қолдануды арттыру қажет. Өсімдік өсірушілерді арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету бақылауда, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.