Ресми

Көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі талқыланды

Су тасқыны мен көктемгі дала жұмыстары – басты назарда. Тұрғын үйлер мен нысандарды су басу жағдайы жоқ. Егін егу жұмыстарының басталуына да аз қалды. Фермерлер тыңайтқыштарды, сапалы тұқымдарды және жанар-жағармай сатып алуды айналым қаражатымен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігінде селекторлық режимде өткен аппарат кеңесінде айтылды.

«Егіс науқанына дайындықты кешікпей ұйымдастыру керек» –  деп тапсырма берді жиында аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.
– Біз ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіспіз. Бұл үшін барлық жағдай бар. Арзандатылған дизель отынын да жеткіземіз. Жедел шешім қабылдау және олардың орындалуын бақылау қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.

ҚазАгро филиалдары Қарағанды облысының егіс жұмыстарына несие беру үшін 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген.

Сондай-ақ, әкімдіктен хабарлағандай, облыста су тасқыны кезеңі ресми түрде аяқталды. Төтенше жағдайлар тіркелмеген. Наурыз айында облыс өзендерінде мұз кептелісін болдырмау үшін 17 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, автомобиль және темір жолдардағы 4 900-ге жуық су өткізу құрылыстары тазартылды.
Облыстың елді мекендерінде қар шығару, арықтарды, каналдарды тазалау, су бұру траншеяларын орнату бойынша жұмыстар ұйымдастырылып, барлығы 2 млн 855 мың текше метр қар шығарылған.

Басқа материалдар

Back to top button