Жаңалықтар

Көңіл тербеген көрме

Бейсенбі күні облыстық зағип және нашар көретін жандарға арналған арнайы кітапханада ілкімді шара өтті. Несімен ерекше дейсіз ғой?! Кітапхана басшылығы «Сарыарқа – сүйікті өлкем» жобасы аясында ҚР Ішкі істер министрлігі Қарағанды облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, меморандумға қол қойды. Бұл ынтымақтастық негізінде енді зағип жандарға арналған көрме ұйымдастырылып тұрады. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандар енді жазасын өтеушілердің қолынан шыққан туындылармен танысатын болады.

Меморандумға қол қойған сәтте алғашқы көрменің тұсаукесері өтті. Яғни, кітапханаға арнайы келушілер шеберлердің қолынан шыққан еңбектермен танысты. Шарапатты шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов кітапхана ұжымына алғыс білдірді.

– Кітапхана ұжымы осындай ілкімді іс ұйымдастырып жатқаны бізді қуантады. Кітапханаға келушілер тамаша көзтартар макеттермен танысып, көкжиектері кеңейеді. Сондай-ақ, меморандумға қол қойып, ынтымақтастыққа ынта білдіріп жатқан азаматтарға да айтар алғысымыз зор, – деді құттықтау сөзінде басқарма басшысы.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің сотталғандар арасындағы әлеуметтік-психологиялық және тәрбиелеу бөлімінің басшысы, әділет подполковнигі Еркебұлан Карғалтаев та бүгінгі шараның мән-маңызына тоқталды. «Түрмедегі жазасын өтеушілердің қолынан небір тамаша дүниелер шығады. Құр жасап қоймай, осындай кәдеге жарағаны үшін қуаныштымыз. Шеберлер де өздерінің еңбектері кітапхана көрмесіне қойылғанына бек қуанышты. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әлі де тамаша макеттерді әкеліп, көрмені ұйымдастырып тұратын боламыз», деді – Еркебұлан Қарғалтаев.

Көрмеге қатысушылар макеттермен тактильді түрде танысты. Бұқар жырау ескерткіші, «Кеншілер даңқы» монументі, батыр Нұркен Әбдіровтің ескерткіші, Қарағанды циркі, Кеншілер мәдениет сарайы мен С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының ғимараты көрме қатысушыларының көңілінен шықты.

– Бүгінгі іс-шараға қатты ризамыз. Бізді елеп-ескерген кітапхана ұжымына, оның ішінде директоры Айнұр Шаймұханбетова ханымға үлкен рақмет. Қуаныштымыз. Осындай көрмелер көптеп өтсе деген тілегіміз бар, – дейді кітапхананың тұрақты келушісі Күлпәш Сәрсекеева.

Иә, біз тек Күлпәш ханымның жанарынан ризашылық сезімін байқамадық. Түгелі дерлік алғыстарын жаудырды. Шарапатты шара көңілдеріне шуақ сыйлады. Көрменің басты мақсаты да осы емес пе еді?!

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button