Бас тақырып

Көгілдір отын көк түтіннен құтқарады

Еліміз – газ қоры бойынша әлемде 22-ші, ТМД елдері арасында Түркіменстан мен Ресейден кейінгі 3-ші орында. Ал, халық үшін газдың қолжетімділігі жағынан өзгелермен салыстырғанда алдыңғы қатарда. Яғни, отандық экономикада газ саласы қарқынды өсіп келе жатыр. Ашық дереккөзіндегі мәліметке сенсек, елді мекендерді табиғи көгілдір отынмен қамтамасыз ету көрсеткіші 60%-ға жуықтаған. Жекелеген аймақтарда газдандыру жұмысы қауырт жүруде. Қарағанды қаласында басталған кешенді бағдарлама да қарқын алды. Бірнеше кезеңнен тұратын жоба қаладағы экологиялық мәселені шешуде оң нәтиже бермек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев газдандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлді.

– 2030 жылға қарай газ өндіру көлемін 1,5 есеге – 21-ден 33 миллиард киловатт-сағатқа дейін арттыруды тапсырамын. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің кемінде төрттен бір бөлігі газға тиесілі болуы керек. Менің тапсырмама сәйкес, сол уақытқа қарай жаңартылатын қуат көздерінің көлемі 15 пайызды құрауы тиіс. Осылайша, осы он жылдықтың соңына қарай еліміздегі электр қуатының жартысына жуығы мейлінше экологиялық таза энергия көздерінен өндірілетін болады, – деді Мемлекет басшысы.

Кенді аймақты газдандыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бес жылға жоспарланған кешенді бағдарламаның басты мақсаты – қаланың экологиясын жақсарту. 65 млрд. теңге қаржыны игеруде бірнеше кезеңнен тұратын жұмыс барысы жүзеге асуда. Бүгінде жобаның екі кезеңі толық іске қосылған. Үшінші кезеңін жүзеге асыру мақсатындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.

Мұнай мен газдың үстінде отырған мемлекеттің халқы толықтай көгілдір отынның пайдасын көруі қажет. Мемлекет басшысы әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көміртегінен ада етудің үрдісі байқалғандығын айта келе, Қазақстан да бұл игі істен сырт қалмай, 2060 жылы толықтай қалдықсыз, таза табиғи газды кәдеге жарататынына тоқталды. Бұл тапсырманың орындалуы үшін дер уақытында қажетті шараларды жүзеге асыруды тиісті дәрежедегі әкімдерге қатаң қадағалау қажет екендігін қадап айтты. Қазақстан көмір өндірісі бойынша әлемдегі 10 елдің қатарына кіреді. Оның ішінде қара алтынның қарашаңырағы Қарағандының бәсі басым. Солай бола тұра, жаппай газдандыруға қанша қаражатты шашып қажеті не деген сұрақ туындайды.

– Еліміз үшін қаланы, жалпы, кенді аймақты газбен қамтамасыз етудің маңызы зор. Қарағанды – ірі өнеркәсіпті аймақ, қуатты индустриялық орталық. Өнеркәсіп тау-кен, металлургиялық кешенінен тұрады.

Ал, осындай аймақтың экологиялық жағдайы, халықтың денсаулығы туралы айтпаса да түсінікті. Сондықтан, Мемлекет басшысының елді толықтай газдандыру бағдарламасы дұрыс. Əрі оның толық жүзеге асуына халық мүдделі болуы керек. Газдандырудың басты үш ерекшелігі бар. Біріншісі – қолжетімділігі. Біздегі көмір өндіретін өнеркəсіп орындары сапалы көмірді экспортқа шығарады. Халыққа күкірті жоғары, сапасы өте төмен сортын сатады. Оның исі жағымсыз, түтіні сары болып шығады. Əрі азот жəне күкірт диоксиді жоғары болады. Екіншісі – экологиялық тиімділігі. Яғни, ауаның ластануы мен қалдықтардың қалмауы. Ауа арқылы таралып, қоршаған ортаға зиянын тигізетін зиянды газдардың таралуы тоқтайды. Сонымен қатар, күл азаяды. Бұрынғыдай күлге утилизация жоқ. Яғни, құрылыс материалдары ретінде пайлануға тыйым салынған. Сондықтан, қала сыртына апарып, тау-тау қылып үйіп тастайды. Үшіншісі – қауіпсіздік. Өрттің алдын алудың бірден-бір жолы. Қазіргі уақытта тұншықтырған газ салдарынан қайтыс болғандар, үй-жайлары өртеніп жатқандар көп. Төртіншісі – шағын жəне орта бизнес дамиды. Газ жеткізуші жəне қызмет көрсететін бірнеше мекемелер пайда болады. Сайып келгенде экологиялық жəне экономикалық тиімділігі жоғары, – дейді эколог Көпжасар Қыстаубаев.

Жылыту маусымында қаланың көк түтінге қақталып жататындығы тұрғындар арасында алаңдаушылық тудыруда. Білікті мамандар дабыл қағып, түтін құрамындағы улы элементтердің адам ағзасына зияны туралы айтуда. Ал экологтар айтқан күкірт жəне азот диоксидінің зияны шаш етектен. Нақтырақ айтқанда, күкірт диоксидінің артық мөлшері адам ағзасына өте зиянды. Ол тыныс алу жүйесінің жұмысын нашарлатады жəне одан да маңыздысы, ағзадағы В1 дəрумені деп аталатын биологиялық белсенді зат – тиаминнің мөлшерін азайтады. Көп мөлшердегі азот диоксидінің ең ауыр салдары – гастрит, асқазан жарасын тудырады. Азот диоксидінің адам ағзасына тигізетін зияны – тыныс алу жолдарында тітіркенушілік реакциясын береді əрі өкпедегі ісік ауруының тууына бірден-бір себеп. Осындай көмірді тұтынудан келетін зиянды ескеретін болсақ, тоғыз ай пеш жағатын Қарағанды қаласының экологиялық жағдайы тым мүшкіл деп айтуға əбден болады.

Газдандыру мəселесіне қатысты жиналыстарда аталмыш бағдарламаның баяу жүріп жатқандығы мен қала тұрғындарының белсенділігі туралы жиі айтылады. Түрлі мəселелер сыныққа сылтау болғандай. Дегенмен, алдыңғы жылдарға қарағанда биыл белсенділік жоғары.

– Бағдарламаның басты мақсаты – жер үйлерді, қарапайым халықты табиғи газбен қамтамасыз ету. Ал, біздің ұлттық компанияның негізгі міндеті газды тасымалдау жəне сату. Газды еліміздің оңтүстік өңірінен жеткіземіз. Газбен қамтудың пайдасы көп. Жыл он екі ай пешпен алыспайды. Газды қара суық түскеннен бастап, күн жылынғанша пайдаланады. Ешқандай қалдықтары жоқ. Газдың бағасы да қарапайым халықтың қалтасы көтеретіндей дəрежеде. Бүгінгі күні 1400-ден астам үй газбен қамтылды. Түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Метан газы көмірмен салыстырғанда қауіпсіз. Егер пештің мұржасы бітеліп қалса, адам иіс тиіп, уланып қалады. Ал, газ қосылған үйлерде егер оқыс жағдай орын алса, оның иісін адам сезіп те үлгермейді, автоматты түрде сигнализаторға қосылған клапан өшіп, үйдің ішіне газ кірмейді. Сигнализатор, қазандықтан арнайы авариялық қызметке дабыл түсіп, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Əрі қазандықта қай жерде ақау шыққандығы да жазылып тұрады. Бұл процестер автоматты түрде жүзеге асады, – дейді «ҚазТрансАймақ» АҚ-ның халыққа қызмет көрсету жөніндегі операциялық қызмет басшысы Манас Баймамыров.

Аталмыш компания қызметкерлері газдандырудың тиімділігі жөніндегі халық арасында түсіндіру жұмыстарын түбегейлі қолға алған. Күніне 100 үйге дейін қамтиды. Нəтижесінде халық алдыңғы жылдардағыдай тосырқай қарамайды, керісінше, қарқынды түрде газға қосылуға ынталы.

Мемлекеттік бағдарламаның негізінде халықты газбен қамтуда əлеуметтік қолдаулар да бар. Мəселен, пайызсыз несие берумен қатар, əлеуметтік осал топ өкілдері үшін шыққан шығынның 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі қаражаты қайтарылады.

– Үйімнің жалпы ауданы 100 шаршы метр. Жылыту маусымында 350-400 мыңға теңгеге дейін көмір аламыз. Отын көп кетеді. Себебі, үйдің қабырғасы жұқа, жылуды сыртқа сорып əкетеді. Газдандыруды естігенде бастапқыда тосырқағаным жасырын емес. Биыл қосылуға бекіндім. Маңайымдағы екі үй қосылды. Айына газға орта есеппен 10-13 мың теңге көлемінде ақы төлейді. Егер пешті тоғыз ай жағамыз деп есептесек газбен жылытудан əжептəуір ұтатыным анық, – дейді Михайловка ауданының тұрғыны Жасұлан Оңғар.

Кеншілер қаласын көгілдір отынмен толық қамтып, қолқаны қабар түтіннен арылар күн алыс емес.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button