Үйірменің үйретері көп
Ұлытау аудандық білім бөлімі ғимаратында Балалар өнер мектебі мен Оқушылар үйі орналасқан. Қосқабатты алып ғимаратта екі үлкен рухани орда иық тірісе жұмыс істеуде. Мақсаты – ел ертеңі саналатын өскелең ұрпақты білімді, өнерлі әрі рухты етіп тәрбиелеу. Жаңа отырғызылған жас көшет әу бастан қисық өссе, оны үлкен ағашқа айналғанда түзету қиын. Оның негізінен қисаймай түзу өсуі үшін күнделікті күтім жасап, су құйып тұру қажет. Екі білім мен өнер ошағындағы жұмыстың негізі – осы. Біз бұған өнер мектебі мен оқушылар үйін аралап шыққанда куә болдық.
Дерекке сүйенсек, білім алушылардың өз қабілетін анықтау, шығармашылығын дамыту, қоғам өміріне бейімдеу, азаматтық сана-сезімін, жалпы мәдениетін, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру үшін жағдай жасауға бағытталған оқушылар үйінде биылғы оқу жылында барлығы 35 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде, Жезді кентіндегі филиалда 6 үйірме, мектеп базаларында 14 үйірме бар. Оқушыларға қосымша білім беріп жүрген жоғары білімді педагогтар саны – 31, арнаулы орта білімді 4 педогог бар.
Білімді ту еткен оқушылар үйін аралап шыққанда балалардың талпынысы мен қабілетін көріп, іштей қуандық. Себебі, «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық, Аздырар адам баласын» (Абай) демекші, түрлі жаман әдеттер баланың селтеңдеп бос жүргенінде үйір болады ғой. Бос уақыты жоқ үнемі пайдалы дүниеге әуес жасөспірімнің түрлі зиянды әдеттерден аулақ болып, тұлғалық қасиеттері қалыптасады. Қоғаммен араласып, өзін сол қоғамның бір мүшесі екенін сезініп, елдің дамуына үлес қосуға, адал еңбек етуге дағдыланады. Ондай баланың болашағы жарқын болары анық. Өзіне де, өзгеге де пайдалы атпал азамат болып қалыптасады. Оқушылар үйінде құммен сурет салу, робот құрастыру, кескіндеме, қол өнер, дойбы, тоғызқұмалақ, сәндік өнер сынды үйірмелер оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда таптырмас мүмкіндік болып тұр.
– Мұнда 1 сыныптан бастап қабылдаймыз. Таңертең оқитын балалар түстен кейін келсе, түстен кейін оқитын оқушылар таңертең келіп, сабақтан тыс үйірмелерге қатысады. Көріп отырғаныңыздай, балалардың қызығушылығы жоғары. Енді, робот құрастыру үйірмесі бойынша жаңа роботтарды сатып алуымыз қажет. Мына роботтар сәл ескірді. Ол әжептәуір қаржыны талап етеді. Десек те, балалардың құлшынысы бөлек, бұл үйірмеге. Сонымен қатар, ұлдар дойбы мен тоғызқұмалақты да жақсы көреді. Қыз балалар көбіне құммен сурет салу, кескіндеме, сәндік өнерге қызығады. Ұстаздар олардың қызығушылығына қарай бағыт-бағдар беріп, қабілетін ашады. Бұл жерден қосымша білім алып өскен балалар көптеген ірі байқаудың лауреаты атанып, жоғары оқу орындарының грантын да жеңіп алып жатады, – дейді Оқушылар үйінің директоры Қанат Аубакиров.
Ал, Өнер мектебінде 2021-2022 оқу жылында 27 мұғалім қызмет атқарады. Оның жоғары білімдісі – 13, арнаулы орта білімдісі – 14 мұғалім екен.
– Өнер мектебінде үш бағыт бойынша 10 үйірме жұмыс істейді. Домбыра, қобыз, фортепиано, жетіген, вокал, театр өнері бөлімдерінде 106 оқушы, хореографиялық бөлімде 80 оқушы, көркем өнер бөлімінде 74 оқушы, хор бөлімінде 60 оқушы білім алады. Барлығы – 320 бала. Ал, Ұлытау селосында – 151 оқушы. Оқушы саны былтырғы жылмен салыстырғанда 94%-ға өсті. 2020 жылдың қазан айында Жезді кентінің мектеп интернат базасындағы жатахананың екінші қабаты жөнделіп, қосымша білім беру бағдарламасымен Жезді кентінде «Балалар өнер мектебі» филиалы ашылды. Жезді филиалында былтыр 7 мұғалім қызмет атқарып, үш бағыт бойынша 8 үйірме жұмыс істесе, биыл 3 бағыт бойынша 5 үйірме жұмыс істейді. Білім алушылар саны – 75. Басқа ауылдарда да үйірмелер жұмыс істеп тұр, – дейді Өнер мектебінің директоры Әмірхан Алпысбаев.
2020-2021 оқу жылының Балалар өнер мектебінің «Хореография» сыныбының «Шаттық» бишілер тобы облыстық «Ақ шағала» хореографиялық фестиваль-байқауына қатысып, облыстық білім басқармасы «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының сертификатымен марапатталған. Бұдан да басқа жетістігі көп. Балалар өнер мектебімен танысқанда, бейнелеу өнерімен айналысып жатқан балалар, суреттерін көрсетсе, домбырашылар күмбірлете күй тартты. Бишілер мың бұралып билесе, ән үйірмесінің білім алушылары «Дайди-дау» әнін тамылжыта орындады. Бұл өнер түрлерін меңгеру үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Қажетті музыкалық аспаптармен қамтылған. Ұстаздар да көптеген байқауларда лауреат атанған балаларға үлгі болардай жас дарындар. Осы өнер мектебінен түлеп ұшып, оқуын аяқтап, осында келіп ұстаздық етіп жүргендері де бар екен.
Қорыта айтсақ, аудандық білім бөлімі әкімшілік ғимарат қана емес, өнер мен білімнің қара қазаны бұрқылдап қайнап жатқан киелі ошақ екен. Бұл аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымовтың іскерлігі мен біліктілігінің нәтижесі деп ұқтық.
Ал, осы жердегі өнер мен білімге құштарлық тұтас аудан жастарының назарын бұрғызып, бос уақытын тиімді ұйымдастырып отыр.
Жәлел ШАЛҚАР.