Жаңалықтар

Әйелдің миссиясы – ана болу

XXI ғасырдағы қазақтың әйел затында көп өзгеріс бар. Бағзыдан қалған бұйығы тұрмыс, ұяң тірлік жоқ қазір. Қоғамның кез келген буынында әйел билік айта алатын заман. Азат ойлы, ерікті. Тіпті, кейде ер алып жүре алмас жұмысты диірменнің тасындай шыр айналдыратынын да көріп жүрміз. Қуанарлық жайт. Бірақ, осы арада бір сұрықсыз сұрақ туады. Ал, әуелгі әйелдің Ана болу миссиясы неге екінші кезекке шегерілді? Және ол қашан, қалай ысырылды?

Түзде қызмет жасап, тау қопарып, тас үгітіп жүрген қыз-келіншектер мұны ойламайды емес, ойлайды. Негізі, ежелден ер табысы далада болса, әйел орны отбасы, ошақ қасы еді. Қазір сол теңдік бұзылып, үйірдегінің бүйірге шыққанына куәміз.  Әлбетте, әлеуметтік ортада тең құқылы. Десек те, отбасына келгенде, бұл теңдік сақталуы тиістігін ғалымдар да айтады.  

Мұнымыз қара аспанды төндіру емес. Шынтуайтында, осы күні кез келген қызметтегі әйелдің таза бала тәрбиесімен айналысқысы келмейді деу бекер болар. Қайсыбірі амал жоқ, енді бірі солай болуы тиістіктен жұмысбасты. Ал, баланың қарны тоқ, көйлегі көктігі тәрбиеден қағылған бос кеңістікті толтыра алар ма екен?!

Осыдан соң, қазір қоғамда балалардың арасында көптеген келеңсіздіктер орын алатыны рас. Балаға ананың мейірі, әкенің қайыры жетпеген тұсты әлеуметтік желінің зиянды ақпараттары толтырып алғандай. Бұл туралы Қазим Мұстахимұлының «Жұбайлар құпиясы» кітабында жан-жақты жазылған екен. Мұнда автор біздің көкейіміздегіні тап басыпты. Біздің ішкі ой осы автордың ойымен үндеседі. Ол нәзік жаратылысты әйелді ерлермен тең қоямыз деп, теңгерімді бұзып алғандығымыз хақында. 

«Әрине, әркімнің әйеліне жұмыс істетіп, істетпеу құқығы өзінде. Ешкім ешкімге олай істе, бұлай істе деп айта алмайды. Бүгінгі біздің заманымызда әйел адамдарға еркектермен тең құқық әпереміз деп жаратылысы нәзік жаратылған әйелдің әлсіз физиологиясына шамасынан артық жауапкершілік жүктеп, жұмыс істетіп, жалақысын еркектердің жалақысының жартысындай ғана беріп жатқан оқиғалар қаншама, әне, соның кесірінен қаншама әйел үйсіз-күйсіз, жарсыз, баласыз қалып қоғамда жүр», дейді автор. Бұл шындық емес деп кім айтады? 

Дегенмен де, қазіргі қоғамды қарап отырсақ, автор айтқандай, бүгінгі әйелдердің жұмыс істеуінде екі кілтипан бар екенін аңғарамыз. Біріншісі, баланы асырайтын өзгедей табыс болмаған соң амалсыз кез келген жұмысқа шығуға мәжбүрлік. Екіншісі, материалдық жағдайы жақсы, ішкені алдында, ішпегені артында қалған әйелдердің өзге біреуге өзін дәлелдеу үшін, атақ, мансап үшін жұмыс істеуі. 

Алғашқысы адами қажеттіліктен шықса, екіншісі батыстан, бөтеннен алған әдет. Бұл арада мәселе әйелдердің жұмыс істеуінде емес. Оның төркінінде ұлттық құндылықтармен қабыспайтын жайттар бар. Батыс қанша жерден өркениетті болса да, оның бәрі қазақтың менталитетіне дәл келе бермек емес. Қазір жұмыстағы әйелдің жағдайы көбіне сол батысты еске салады. Ал, оның ананы баладан, жұбайды жардан, келінді ата-енеден айырып жатқанын да айту міндет. 

«Әйелдердің жұмыс істеуі де, міне, осындай жан-жақтылы ойланып өлшеммен, қоғамға да, отбасыға да, бала тәрбиесіне де, ұлттың келешегіне де пайдалы болатындай етіп алуымыз керек. Себебі, біздің түсінікте әйел адамның ең үлкен міндеті – «ана болу», деген Қазим Мұстахимұлының пікірін ескеретін уақыт әлдеқашан келген. 

Сонымен, біз бой түзеген батыстағы ахуал қазақтың таным-түсінігіне жат екен. Зер салсақ, расында да оларда ана болу  мақсат емес. Соның салдарынан Еуропаның кей елдерінің тым қартайып кеткені белгілі. Жасынан қариясы, кейуанасы көп елдер бар.

Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын Англияда жалғызбастылар министрлігі құрылыпты. Неге? Өйткені, отбасы құндылықтары бұзылған. Соның кесірінен жалғыз­басты шолжаң әйелдер көбейген. Батыс үшін осы бір қасіретті салдармен күресу мақсатында үкімет деңгейінде министрлік құруға мәжбүр екен.

Азуын айға білеген АҚШ-та отбасы құндылығынан түп-тамырымен айырылған. Мысалы, ажырасу мен кәмелет жасқа толмағандар қылмысы басым. Деректерге сүйенсек, ол жақтың неке шартында барлық жағынан «демократия» көрінеді. АҚШ-та «теңдік» бар екен. Олардың тіліндегі «теңдік» әр адам жынысына қарамастан отбасын басқара алады. Сондай-ақ, әр отбасының өзінің жекеменшік психолог маманы болады. Маман отбасының ішкі және сыртқы құқығына бірдей жауапты екен. Бұл дегеніміз, психолог сол әулеттің отбасылық құпияларынан, ішкі сырларынан хабардар дегенге саяды. Санаға сия ма?…

Бір айта кетерлігі балалар құқығы ересектерге ұқсас. Қазіргі уақта АҚШ балалары үлкенге құрметті мүлде білмейді десек артық емес. Себебі, оларды солай тәрбиелеген «арнайы мамандар». Иә, кәдімгі бала күтуші маман. Ол жақта екінің-бірі бала күтуші жалдайды.

Тіпті, жас баланы көпшіліктің алдында ұрып, соғу, қала берді сотқа беру де қалыпты жағдай. Ювеналды әділет заңы солай бұйырған көрінеді өйткені. Осыдан кейін америкалық ата-аналар балаларына толықтай еркіндік беруге тырысатын секілді. Ал, бұл нағыз қазақы менталитетке қаншалықты жақын-алыс­тығын әркім өзі бағамдар…

Шындығында, әйелдер кейде, мүмкін көбіне қоғамда ауыр жұмысқа жегіліп, отбасынан алшақтап қалғанын айту керек. Оның салдары дәл қазір көрінбегенімен, келешекте күрделі болуы мүмкіндігін де естен шығармаған жөн-ау! Ол үшін не істеу керек дегенге келсек, бұл өз алдына әлеуметтік зерттеуді қажет етіп тұрған  дербес тақырып.

Жан АМАНТАЙ.

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button