Аймақ

Jasyl el Qaragandy қанат қағады

Биылдан бастап, өңірде пилоттық режимде Jasyl el Qaragandy автоматтандырылған цифрлық ақпараттық жүйесі енгізіледі. Бұл жастардың «Жасыл ел» жергілікті есептеу жүйесіне қатысу үдерісін едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен аппараттық жиында мәлім болды.

Өңірде «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының 19 маусымына қатысу үшін құжаттарды қабылдау аяқталды. 15 наурыздан 15 сәуірге дейін үш мыңнан астам өтініш түсті.

Қарағанды облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары сарбаздарының жалақысы артты.

Енді олар 70-тен 105 мың теңгеге дейін алады.

– Бұл – 14 жастан бастап, барлық әлеуметтік аударымдармен жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін жалғыз жоба, – деп атап өтті жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Рауан Таран. – Биылғы жылы біз жұмыспен қамтылғандар санын өткен жылмен салыстырғанда шамамен 70% арттырдық. Ең көп жасөспірімдерді Қарағанды, Теміртау, Балқаш және Бұқар жырау аудандарында қамтамасыз ету жоспарлануда. Аталмыш жоба жастарға қаржы табу көзі ғана емес, сонымен қатар өзара қарым-қатынас құру, әлеуметтену, байланыс орнатуды үйретеді.

      «Жасыл ел» қатарына қабылдау басымдығы халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларына берілді. Жаңа маусымда қатысушылардың 40%-ға жуығы – көпбалалы, толық емес, аз қамтылған отбасылар мен «қандастар» санатындағы жасөспірімдер және жетім балалар, сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Бағдарламаға қатысушылардың жалақысы да жыл сайын артып келеді. Биыл 14 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер 70 мың теңге алады (күніне 4 сағат жұмыс істейді), 16 жастан бастап – 105 мың теңге (күніне – 6 сағат). Олар аймақты көгалдандыруға, арамшөптерді жұлуға, гүлдерді суаруға, саябақтар мен гүлзарларды қоқыстардан тазартуға қатысады. Биыл «Жасылелдіктердің» барлығы жаңа бірыңғай арнайы киіммен қамтамасыз етіледі.

– Бұл елге кеңінен белгілі бағдарлама, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. – Біз өтініш бергендердің барлығын жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл – жастар үшін тиімді тәжірибе. Барлық ұйымдастырушылық мәселелерді ойластырып, оларды ерекше бақылауда ұстау қажет.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button