Дін-діңгек

Ізгілік ізсіз қалмайды

Қарағандыға Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ жұмыс сапарымен келді. Хазірет сапары облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКПЕН кездесуден басталды. Бұдан кейін облыстағы діни нысандарда болып, «Әнет баба» мешітінде медиа-орталықтың ашылу салтанатына қатысып, басқа да ізгілікті шаралармен танысты.

«Ihsan media» – сапалы контент үшін

Бас мүфти әуелі «Әнет баба» мешітіндегі медиа-орталықтың лентасын қиды. Мүфтият жанынан құрылған «Halyq arna» арнасының жұмысын жандандыруға мүмкіндік беретін медиа-орталық түсірілімге қажетті техникамен толық жабдықталған. Мұнда тәулік бойы хабар таратып, тіпті, тікелей эфир жүргізуге де мүмкіндік бар. Сонымен қатар, сұхбаттар, уағыз-насихаттар студия ішінде түсіріліп, көрерменге сапалы күйде жол тартады.

Қоғамның сұранысы, өміріміздің бір бөлшегіне айналған телевизия, онлайн хабар тарату ісінде жаңашылдыққа бет бұрып, студия ашу – біздің төл телеарнамызға дем береді. Қазіргі ақпараттық қоғамда насихат шарасын күшейтпесе болмайтынын имамдар жақсы түсінді. Өйткені, жұмысыңды көрсету, уағызыңды жеткізу электронды желі арқылы жүріп жатыр. Жаңа студиядан жақсы хабарлар, сапалы уағыздар, мағыналы сұхбаттар күтеміз, – деді Бас мүфти.

Қайырымды істің қайыры бар

Ізгілікті шараның ең үлкені – «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Бас мүфти 10 пәтердің кілтін табыстады. Және баспана иелеріне кілем сыйлады. Бас мүфти мүфтияттың негізгі жұмыстарының бірі – қайырымдылық екенін атап өтіп, қуаныш иелерінің шаңырақтарына шаттық тіледі. – Дінімізде «тозаңның салмағындай жақсылық жасасаң да, қайырымын көресің» дейді. Тозаңның салмағын өлшеп көрдіңіз бе? Оның өлшемін, оның қайтарымын Алла Тағала ғана біледі. Біздің бұл жердегі шынайы ниетіміз сақталуы керек. Бүгінге дейін «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен 400-ден аса пәтер берілді. Бұл – үлкен көрсеткіш. Осынша отбасыға қуаныш сыйлап, үй-жайлы болуына ықпал еттік. Міне, бүгін осында келген мұқтаж отбасылар тағы да қуанышқа кенелді. Біз үшін одан асқан бақыт жоқ, – деді ҚМДБ Төрағасы.

Баспана кілті көпбалалы отбасыларға, ауыл имамдары және баспанаға мұқтаж өзге ұлт өкілдеріне де табыс етілді.

Сондай-ақ, жиында 150 мұқтаж отбасыға азық-түлік салынған қораптар жөнелтілді. Дінбасы қайырымдылық шарасын түйіндей келе, сауапты іс жолында жарысқан барша ақеділ азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Қарабастағы кездесу

Бас мүфти Қарабас кентіндегі 159/18 түзету мекемесіне барып, «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы елге оралған азаматтармен кездесті.

Қазақта «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген жақсы сөз бар. Сіздерді мемлекет қамқорлығына алып, қияннан елге алып келді. Бұл – үлкен қамқорлық. Мұндай гуманитарлық операцияны жасау арқылы еліміз әр азаматтың қымбат екенін көрсетті. Сіздер елге келген соң дін маманынан сабақ алып, туралықты ұстауға тиіссіздер. Біз жазасын өтеуші азаматтармен жиі кездесеміз. Имамдарымыз келіп тұрады. Қажетті кітап, дәріс аламын десеңіздер, мүмкіндік бар. Сондықтан, әр сәтті құр жібермей, ілім алып, ақида, фиқһ мәселесінде білікті имамдармен кеңесу қажеттігін қаперге саламын, – деді Бас мүфти.

Кездесуде жазасын өтеушілер ұсыныс-тілектерін жеткізді. Әсіресе, отбасыларына көмек күтетінін айтты.

Мешіт пен медресе тұрғызылуда

Бас мүфти Бұқар жырау даңғылы бойында бой көтеріп жатқан жаңа мешіттің құрылысымен танысты. Мұндағы құлшылық үйінің сыйымдылығы – мың адам.

Екі жыл бұрын басталған құрылыс жылдың аяғына дейін аяқталып қалады, – дейді кәсіпкер Қуантай Мұхтарұлы.

Айтпақшы, жаңа мешітке Бұқар жырау Қалқаманұлының аты беріледі. Бас мүфти кәсіпкерге мешіт ішінен жолаушылар бөлмесін қарастыруды тапсырды. Өйткені, мешіт Нұр-Сұлтан қаласынан Қарағандыға кіретін күрежолдың бойында орналасқан.

Сондай-ақ, Хазірет Бұқар жырау ауданы, Үштөбе ауылындағы медресе құрылысымен де танысты. Үштөбе ауылының бас имамы Жандос Нығыман «жаңа нысан жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі» дейді. Үш қабатты медресе ішінде жатын орын, оқу залы, спорт залы, асхана болады. Медресе 100 балаға лайықтап салыныпты.

Жаңа оқу орталығының құрылысымен толық танысқан соң Бас мүфти мүфтият діни білім беру саласына баса көңіл болып отырғанын жеткізді.

Діни басқарманың тағы бір міндеті – үздік оқыған балаларға тегін білім беруді жалғастыру. Олардың діни білім алуына, өзге де пәндерді қатар оқуына жағдай жасау, – деді. Қазіргі таңда мүфтияттың еліміз бойынша жиырмадан астам шәкірттің оқу ақысын төлеп, оларға қамқорлық жасап келе жатқанын айтты.

Теміртауда – жаңа медиа-орталық

Наурызбай қажы Тағанұлы сапардың екінші күні «Әнет баба» мешітінде қала, аудан имамдарымен кездесті.

Кездесу барысында аймақтардағы діни ахуал, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі сөз етілді. Имамдар өздерінің өтініш-тілектерін жеткізді. Оларға бірқатар міндеттер жүктелді.

Мәжілістен соң Хазірет «Әнет баба» мешітінің жанынан ашылған «Бірлік» қоғамдық қорының жұмысымен танысты. Және қордың қадамына дұға жасап, ел игілігіне қызмет ете беруін тіледі.

Сонымен қатар, Теміртаудағы Әлихан Бөкейхан атындағы мешітте медиа-орталықтың тұсауын кесті. Мұнда да уағыз-насихат роликтері түсіріліп, тікелей эфир ұйымдастырылады.

Сапар соңында Бас мүфти облыстағы жұмыс ауқымын оң бағалады. Қолға алынған барлық шара дер кезінде орындалуын міндеттеді.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button