Бас тақырып

Қияр бағасы – мезгіл мәселесі

КӨКТЕМ КЕЛГЕНДЕ КӨКӨНІСКЕ БАС ҚОЙҒЫМЫЗ КЕЛЕТІНІ БАР. «ЖУАННЫҢ ЖІҢІШКЕРІП, ЖІҢІШКЕНІҢ ҮЗІЛЕТІН» ШАҒЫНДА ДӘРІГЕРЛЕР ДЕ АҒЗАДАҒЫ ЖЕТІСПЕЙТІН ДӘРУМЕНДЕРДІ КӨКӨНІСПЕН ТОЛТЫРУҒА КЕҢЕС БЕРЕДІ. БІРАЗ ЖЫЛДАН БЕРІ КҮЗДІҢ ҚАРА СУЫҒЫ ТҮСКЕННЕН ҚЫС БОЙЫ ҚИЯР МЕН ҚЫЗАНАҚТЫҢ БАҒАСЫНА ҚАРАП, «БЕТТІ БАСЫП, ТҰРА ҚАШАТЫН» ЖАҒДАЙҒА ЖЕТКЕНІМІЗ РАС. «СОНДА ЖЕГЕНІМІЗ «АЛТЫНМЕН АПТАЛЫП, КҮМІСПЕН КҮПТЕЛГЕН» КӨКӨНІС ПЕ? БАҚСАҚ, ОЛАЙ ЕМЕС, КӘДІМГІ, ЖЕРГІЛІКТІ ЖЫЛЫЖАЙДА ӨСІРІЛГЕН ҚИЯР…

Шынымен де, қыс түсе, әсіресе, жаңа жыл мерекесі алдында көкөністердің, қияр бағасының шарықтап кететіні қалыпты құбылысқа айналған. Көктемде сәл де болса, құны түскенімен, жаз шыға оңтүстіктен зарықтырып жететін көкөністер келгенше тұрғындардың көретін күні осы. Қалтаңды қанша қақса да, мерекелік дастарханы, той-томалағы бар тұрғындар бағасы «алдына келгенді тістеп, артына келгенді тепкенімен», алуға мәжбүр. Оның үстіне, күнкөріс себетіндегі 43 түрлі тағамның қатарына кіре алмай қалған көкөністің құнын да анықтайтын өндірушінің өзі. Сөйтіп, әлеуметтік маңызы жоқтықтан, қияр мен қызанақ жеңсік асқа айналып шыға келді. Жесең де, жемесең де ерік – өзіңде.

Мәселен, қиярдың 1 келісін ірі супермаркеттерден 600-700 теңгеге алуға болады. Ал, шағын дүкендерде одан да жоғары. Қыста әр келісі 2000 теңгеге дейін шарықтайтын қияр бағасымен салыстырғанда, бұл бағаға шүкір дейсің. Яғни, осыған қарап, бағаның бір емес, екі емес, үш, тіпті төрт есеге қымбаттайтынын бағамдай беріңіз.

 Бір қарасақ, 95 % судан тұратын қиярдың орнына күніне 2-3 стақан су ішкен пайдалы ма дегендейсің. Әрі арзан. Бірақ, бір қызығы қиярдың құрамындағы су тірі су болып табылады екен. Сондай-ақ, ақуыз, аз мөлшерде көмірсу, В және С тобындағы дәрумендер, калий, фосфор, кальций, магний және басқа да микроэлементтер мен асқазан қорытуын жақсартатын органикалық қышқылдар бар. Демек, қияр жеген – пайдалы. Оның үстіне, өзімізде шығарылады, экологиялық таза.

Қалай десек те, ұшақпен мұхит асып келетін экзотикалық банан баға жағынан қаланың іргесіндегі жылыжайда өсірілетін қиярға жете алмай келеді…

 Әлбетте, экзотикалық жемістердің арзандығы ауа-райының жылылығына да байланысты. Қарағандының қақаған қысында жылыжайды жылыту, электр энергиясы, тыңайтқышы бар, барлығы тауар құнына әсері болатыны сөзсіз. Негізі, қала дүкендері сөрелеріндегі қиярдың дені – қала іргесіндегі «Green Technology» ЖШС жылыжайларында өсірілген. 2011 жылдан Индустриялдандыру картасына еніп, Қазақстан Республикасын үдемелі индустриалдық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылған жоғары технологиялық жылыжай кешені 3 га жерді алып жатыр. Қарағанды қаласын жыл бойы 100% қиярмен қамтамасыз етуді мақсат еткен кәсіпорынның жылу электр станциясы жанында орналасуы да электр шығынан азайтуға мүмкіндік береді. Оның үстіне, тамшылатып суару суға да үнем. Сонда, кезінде уәдені үйіп-төккен жылыжай бағаны осынша секіртпей, ұстап тұра алатындай көлемде өнім шығаруға қауқарсыз болғаны ма?

Тіпті, ат арылтып, алысқа барудың да қажеті жоқ. Жол шығыны жоқ. Демек, бағасы да қалта көтеретіндей болуы қисынды. Бірақ, қисынға да келмей, ақылға да сыймай тұрған – құны ғана. Тіпті, көтерме бағамен сатып алатын ірі сауда орындары баға құнын көтеріп жібереді ме деген ойға қалғанымыз да бар. Жергілікті өнімнің жергілікті тұрғындарға жоғары бағамен жетудегі мақсатын білмекке «Green Technology» ЖШС хабарласқанымызда, жауап беруден бас тартты. Тек, жылына 1100 тонна қияр өсетінін білу бақыты ғана бұйырды. Неге екенін бағасын айтудан бас тартып, «бұл – нарық, бүгін басқа баға, ертең басқа баға. Оған болжам жасай алмаймыз» деген уәжбен қысқа қайырды.

Сонымен, жергілікті өнім өсіргеннен, өзге елден жеткізу анағұрлым арзан ба деген ойға қалдық. Өзіміздің қияр тәрізді бағасы да көзге ұрмайды. Бірақ, экологиялық таза өнім екеніне еш күмәнданбастан, көкөністі мейілінше тоя жейтін күн әзір жоқ сияқты. Дәруменіңізді толықтырам десеңіз – экзотикалық жемістен салат жасауды үйрену керек секілді. Болмаса, жаз ортасында оңтүстіктен келетін қиярмен «жылап көрісетін» күнді күтуден басқа амал жоқ-ау…

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button