«ІШКІ ТҰРАҚТЫЛЫҚ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ТЕТІГІ»

   Гүлжахан ШӘРБЕКОВА,

Приозерск қаласы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

    Еліміздің ішкі саясатының тұрақты болуы әр саладағы даму кезеңінің берік кепілі. Елбасы Н.Назарбаев жүргізіп отырған саясаттың негізгі мақсат-мүддесі Отанымыздың әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтере отырып, әлемдік деңгейдегі дамыған елдердің қатарынан орын алу. Дау жоқ, жер-жердегі ішкі саяси ахуалдың тұрақты болуы уақыт ағымына сай ілгерілей түсуімізге бірден-бір дәнекер.

Осыған орай Приозерск қаласы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжаһан Шәрбековаға жолығып, әңгіме-дүкен құрған едік.

Гүлжаһан Қайроллақызы, мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылу барысы қалай?

Шындығында біздің ішкі саясатымыз экономика, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге негізделген. Сонымен қатар, этноаралық, конфессияаралық қатынастарды берік сақтауға, нығайтуға бағытталған. Бұл ретте қаламыздағы әлеуметтік, саяси ахуал тұрақты түрде дамып келеді десек артық айтқандық емес. Жыл сайын Елбасы Жолдауын насихаттауда, халыққа түсіндіруде ақпараттық топтардың жұмысы ауқымды болып отыр. Жолдаудың өзектілігін жеткізе білу осы топқа жүктелген. Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бес институционалдық реформасын ақпараттандыруға байланысты арнайы медиа-жоспар бекітілген.Негізгі міндетіміз – жергілікті деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру болып табылады. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік тапсырысты орындаудағы жұмысы ауқымды. Олармен тығыз қарым-қатынас жасап, бекітілген кесте бойынша жұмыс жасау үстіндеміз. Сонымен қатар, ақпараттық саясатты жүзеге асыруда сыртқы жарнаманың мүмкіндігі кең. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын, мемлекеттік рәміздерді насихаттау, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықты сақтауға арналған 35 банер жаңартылып ілінді.

Осы орайда, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың барысын айта кетсеңіз?

Шындығында мемлекеттік тіліміз ата-бабалардан жеткен асыл мұра болып табылады. Сол асыл мұраны көздің қарашығындай сақтау бүгінгі ұрпақтың парызы болса керек. Мемлекеттік тілді қолдану, дамытудың арнайы бағдарламасы бар. Бүкіл іс-шаралар жоспарға сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік тілді оқыту курсы ұйымдастырылып, өз нәтижесін беріп отыр. Бүгінде 15 тыңдаушының барлығы мемлекеттік қызметкер. Арнайы сертификаттық тест тапсырады. Мұнымен қоса әртүрлі салада қызмет ететін 60-қа тарта адам диагностикалық тестілеуден өтті. Көрнекі ақпарат, жарнамалардың тиісті заңнама талаптарына сай рәсімделіп, орналасуы ұдайы назарда ұсталады. Айта кетейік, әлеуметтік, коммерциялық жарнамаларды рейд арқылы бақылауға алып, жіберілген қателіктер болса нақты түзетуге нұсқау беріледі. Тиісті орындармен түсіндіру, әдістеме жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, сыртқы жарнама, көрнекі ақпарат, сонымен қатар тауарлық жапсырмалардың мәтіндері қатесіз, сауатты жазылуға тиіс. Осыған орай шағын және орта бизнес өкілдеріне жарнама агенттіктері арқылы арнайы кеңес беру, басқосу өткізіледі. «Жедел желі» бойынша нақты көмек алушылар да баршылық. Жергілікті «Приозерский вестник» газеті және бөлімнің сайтында үздіксіз жарияланады. Үстіміздегі жылдың басында жергілікті бизнес өкілдерімен жиын өткізілді. Онда көрнекі ақпаратты дұрыс рәсімдеудің мән-маңызы ортаға салынды. Мемлекеттік тілді қолдау және оны дамыту өмір ағысынан қалмайды. Күнделікті тұрмысымызда алатын орны ерекше. Қаламызда 34 көше бар. Осы көше атауларын ретке келтіруде біраз жұмыстар жүргізілді. Бір айта кетерлігі, тұрғындардың өзі моральдық тұрғыдан ескірген бірнеше көшенің атын өзгертуге байланысты ұсыныстар түсірді. Көп кешікпей бұл мәселе де өз шешімін табады деп ойлаймыз.

Сіз басқаратын бөлім қызметкерлері ұдайы тынымсыз. Мәдени бұқаралық іс-шаралардың басы- қасында жүреді, ұйытқы болады. Осы мәселені тарата айтып өтсеңіз?

Биылғы жыл бүкіл еліміз үшін тарихымызды ұлықтау белесі болып табылады. Бүкіл атқарылған іс-шарамыз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған. Нақтылай айтсақ, жыл басынан бері 40-тан аса саяси қоғамдық маңызы бар, мәдени бұқаралық іс-шаралар өткізілді. Соның басым көпшілігі осы атаулы күнді мерекелеуге бағытталған. Жұртшылық Приозерск қаласы, Сарышыған полигонының 60 жылдығын салтанатты жағдайда атап өтті. Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған шараға 3000 адам қатысты. Осы шара аясында «Мәңгілік полк» акциясы жоғары деңгейде өткізілді. Мәдени бұқаралық іс-шараларды өткізуге жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді. Мәдениет, білімнің рухани отауы болып табылатын кітапхананы да жергілікті бюджет есебінен толықтырып отырамыз.

Осы орайда азаматтық қоғам институттары мен атқарылған іске тоқтала кетсек жөн болар. Қала бойынша қазіргі таңда 7 қоғамдық бірлестік жұмыс жасайды. Мәселен, «Атамұра» орталығы қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын жаңғыртуға негізделген. Мұнымен қоса қалалық ардагерлер кеңесі бар. «Арзу» әзірбайжан халқының, «Исток» славян халықтарының этно-мәдени қоғамдық бірлестігі бұқаралық шараларға белсене қатысады. Мұнымен қоса «Нұр­Отан» партиясының қалалық филиалы, кәсіпкерлер қауымдастығы қоғамдық маңызды салаларды кеңінен қамтуға атсалысады.

Қайырымдылық, мейірімділік ізгі қасиет. Ардагерлер мен мүгедектерге ұдайы көмек көрсетеміз.Қаламыздағы аз қамтылған отбасыларына қарайласу ешқандай себеп- сылтауды қажет етпейді. Балалар, жасөспірімдер тәрбиесіне жете көңіл бөлу басты мәселе. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы, орта және шағын бизнестің дамуын ең маңызды әлеуметтік мәселе ретінде қарастырып, қамқорлық жасап отырамыз.

Елбасы Н.Назарбаев «Ел болашағы жастардың қолында» деп ұдайы айтып келеді. Жалындаған жастардың рухы да асқақ шығар?

Шындығында жастар еліміздің келешегі. Мемлекет дамуының берік тетігі күндердің күнінде өз кезегі келгенде казіргі жастардың қолына көшеді. Әрине, сондықтан олардың бойында отандық сезім алаулап тұруы қажет-ақ. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыратын «Приозерск қалалық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс жасайды. Бүгін де 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың ұзын саны 3118-ге жетіп отыр. Жастарды қоғамдық өмірге батыл араластырудың өзекті мәселесі – жұмыспен қамту. Жыл басынан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы бірнеше жас тіркеліп, жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, жастар тәжірибесі арқылы жіберілгендер қоғамдық жұмысқа тартылды. Жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, бірнеше рет бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Осы жәрмеңкеде қаламыздың 10 мекемесінен 47 бос орын ұсынылып, мамандықтары бойынша қалаған жұмысқа орналасқандар да кездеседі. Жалынды жастар бұқаралық іс-шараға белсене қатысады. «Ардагерім – ардағым» қайырымдылық акциясында үлкендерге деген ізгілік сезімін байқатты. Экологиялық «Дені сау ұрпақ – болашақ кепілі», салауатты өмір салтын насихаттаудағы «Өз өміріңді қорға», «Мен Отан қорғаушымын» патриоттық акцияларына жастар белсенді қатысып жүр. Бізде 20 сарбаздан құрылған «Жасыл ел» еңбек жасақтары жылма-жыл өздеріне жүктелген міндетті тиянақты атқарып келеді. Олар тазалық айлығын ұйымшылдықпен өткізеді. Көл жағалауын, қала көшелерін күл-қоқыстан тазартады. Нақтылай айтсақ, жастар біздің қолқанатымыз болып тұр.

Сөз орайы келгенде қаладағы діни бірлестіктермен байланыс жөнінде айта кетсеңіз?

Бізде православтық діни бірлестік пен қалалық мешіт жұмыс жасайды. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында арнайы кеңес құрылған. Діни ақпарат тобы бар. Қала әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жасайтын кеңес ұдайы өз отырысын өткізіп, ахуалды бақылайды. Кеңес ақпараттық топпен тығыз байланыс жасайды, жұмыс атқарады. Негізгі мақсат – діни ахуалдың тұрақтылығын сақтау. Мұнымен қоса тұрғындардың діни сауатын жетілдіру. Дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушылармен тұрақты жұмыс жүргізіледі. Осы мақсатта ақпарат тобының мүшелері, қалалық жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен 30-дан астам іс-шара ұйымдастырылды. Бұған 3000-ға жуық тұрғын қамтылды. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, дәстүрлі құндылықты насихаттау, діни экстремизмнің алдын алу шараларына байланысты басқосулар өткізіледі. Радикалдық идеяларға қарсы иммунитет қалыптастыруға қатысты өзекті мәселелер ортаға салынды. Сонымен қатар ақпараттандыру қызметі де өз деңгейінде жүргізіліп отыр. Ел ішіндегі тыныштық негізгі мақсат-мүддеміз ғой. Қала халқы өзара түсіністік, татулық жағдайында ғұмыр кешіп келеді.

Біздің бөлім тарапынан атқарылып жатқан іс-шараның ұзын ырғасы осыған саяды. Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздік тұғыры баянды болсын деп тілеймін.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ.

Приозерск қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.