Өңір тынысымен танысты

Облыс әкімінің орынбасары Ермек АЛПЫСОВ Ұлытау ауданына арнайы іссапармен атбасын бұрып, өңірдің қазіргі таңдағы тынысымен танысты. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарда болып, аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВПЕН өңір үшін өзекті саналатын түйткілді мәселелердің түйінін тарқату жайын талқылады. Соған орай, тиісті тұжырымдар жасалды.

Сапар барысында Ермек Амантайұлы аудан орталығында салынып жатқан кәрізтазалағыш қондырғы құрылысының жай-күйін бағамдады. Онда тиянақталған міндеттер ауқымы мен нысандағы алдағы кезеңде жүргізілетін жұмыстар көлемі жөнінде аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Берік Әбілов егжей-тегжейлі баяндап берді.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары қолданысқа берілуі биылғы жылға жоспарланған Сапар орталығына барды. Бұл жерде «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының директоры Бақтияр Қожахметов орталық туристерді қабылдауға дайын екенін мәлімдеп, өзгеше бітімдегі ғимараттың өзіне тән ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Облыс басшысының орынбасары сырттан келген меймандар тынығатын бөлмелерді, туристер тамақтанатын орынды, мәжіліс залын, әкімшілік қызметкерлері орналасатын кабинеттерді аралап көріп, оң бағасын берді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ,

ҰЛЫТАУ ауданы.