Бас тақырып

Инклюзивті білім – тиімділік тетігі

«Баламыз дені сау болып туған. Аутизм дерті бар екенін дәрігердің айтуымен екі жасқа толғанда ғана білдік. Емдеуден айтарлықтай нәтиже болмай тұр» деді Қарағандыдағы облыстық оңалту орталығында аты-жөнін атауды қаламаған ана. Өкінішке орай, бұл – бізге мұңын шаққан бірінші адам емес. Күн өткен сайын аутизмге шалдыққан балалардың саны артып келеді. Оларды мекемелер емдеуге алғысы келмейді. Көргендер ұрын қарайды. Десек те, дертке шалдыққан балаларды қоғамға бейімдеуде инклюзивті білімнің пайдасы орасан екендігінен көпшілік хабарсыз.

«Ерекше балаға» қолдау бар

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2017 жылы елімізде аутизм дертіне шалдыққан 14 жасқа дейінгі мыңнан астам бала тіркелген. Облыста аутистік спектрі бұзылған бала саны 200-ден астам. Бүгінде өңірде «ерекше балаларды» біліммен қамту мақсатында 24 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Балаларды белсенді өмірге бейімдеуге медициналық мекемелер ғана емес, облыстың арнайы мектептері де жұмыла кіріскен. Оның бірегейі – республикада алғашқылардың бірі болып инклюзивті білім беруді жүзеге асырған Қарағандыдағы №27 мектеп.

Бір өкініштісі, мектеп басшылығы дертке шалдыққан балаларды ата-аналардың талабы бойынша көпшілікке көрсетуге рұқсат бермейді. Сондай-ақ, ата-аналардың басым көпшілігі ашық пікірге қарсы.

  • Инклюзивтік білім беру – мүмкіндігі шектеулі балаларды тиімді әдіспен оқытуға бағытталған. Мүгедек, дамуында сәл кемістігі мен ауытқулары бар балаларды дені сау балалармен бірге оқытуды көздейді. Алғаш 2012 жылы Оңалту педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығының (ТПҰҒПО) жетекшілігімен №27 мектепте ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқу-тәрбие үдерісіне жұмылдыру жолдарын сынақтан өткізу жұмыстары басталды, – дейді №27 мектеп директорының арнайы инклюзивті сыныптар, үйде оқыту бойынша орынбасары Клара Даупбаева.

Бүгінде ТПҰҒПО-мен серіктестік келісім аясында мектеп үш бағытта жұмыс істеп келеді. Онда арнайы лицей, инклюзивті сыныптардың жұмысы және оқушыларды үйде оқыту қамтылған. Мектепте дефектолог, логопед, әлеуметтік педагог, арнайы психолог және дәрігер-психиатрлар бар. «Ерекше балалар» үшін ТПҰҒПО-ның үш зертханасымен әріптестік те жүзеге асқан.

Пәнге бейімдеу қалай жүзеге асуда?

Облыстық оңалту орталығының мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңірдегі арнайы білім беру ұйымдарында 649 педагог, 29 дәрігер, 45 медбике жұмыс істейді. Оның ішінде, дефектологиялық білімі бар педагогтердің саны – 534. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу үшін мамандар тегін және ақылы негізде Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында, сондай-ақ, республикадан тыс жерлерде біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептердегі 2000 педагогтің 705-і инклюзивті тәжірибеде болса, 25 педагог аутизм бойынша білімін жетілдіруде.

Бұл бағытта №27 білім ошағында Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Математика», «Сауат ашу», «Қоршаған әлеммен танысу және тіл дамыту» оқулықтары әзірленген. «Математика» пәнін сүйіп оқитын лицей сыныбының оқушысы Сергей Грызловтың құлағы естімейді. Адамдардың сөзін ым-ишара арқылы түсінеді. «Маған ұстаздарым ұнайды, жиі көңіл бөледі. Нақты ғылымдар саналатын математика, физика, химия пәндерін жақсы оқимын. Болашақ мамандығымды бағдарлама жасау саласымен байланыстырамын» дейді ол.

Мектеп басшысы Салтанат Қасымқанова білім ошағында Сергей секілді 823 баланың барлығының құқығы тең екенін айтады. Соның ішінде, 123 бала ерекше білімді қажет етеді. Олар үшін жеке бағдарламалармен логопед, дефектологтар жұмыс жасайды.

«Үйде оқыту мектебі»

Клара Даупбаеваның айтуынша, «Үйде оқыту мектебі» жобасы денсаулық жағдайына байланысты уақытша немесе үнемі мектепке келе алмайтын балалардың психофизикалық ерекшеліктеріне назар аударады. Сапалы әрі қолжетімді білім алу мүмкіндігін ұсынады. Үйде сабақ беретін мұғалім мүгедек баланың дамуы мен білім игеру сапасына мән береді. Тірек қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат оқушысының анасы Айжан Қуатқызы (аты-жөні өзгертілген):

  • Көп мектептер арбаға таңылған балаларды қабылдамайды. Өйткені, жалпы білім беретін мектептерде мүгедек балаларға жағдай жасалмаған. Әзірге олардың білім алуына мамандандырылған мекемелерде ғана жағдай бар. Бірақ, «ерекше балаларға» арналған мектеп-интернаттардың қатары аз, мамандар тапшы, – дейді.

Дефектологтер жеткіліксіз бе?

№27 мектептің психологы Ирина Сергеевнаның айтуынша, аутизмге шалдыққан бала өз әлемінде болады. Кейде олар айғайлап, жылау арқылы қарсылық білдіреді. Сондықтан, балалар үшін мектепте мейлінше жағымды ахуал құрып, сыйластыққа үйреткен дұрыс. Көпшілік ауыл мектептері бұл жағдайдан қалыс қалады. Өйткені, сала мамандары ауыл түгілі қалада аздық етеді.

Мәселен, Қарағандыдағы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың дефектология мамандығына 2018 жылы мемлекеттік грант саны көп бөлініпті. Студенттер қатары көбейіп, тіптен Маңғыстау облысы мен Астана қалаларындағы әкімдіктер дефектолог мамандарды оқыту үшін арнайы грант бөлген екен. ҚарМУ-дың дефектология кафедрасының меңгерушісі Гүлназия Алшынбекова: «Бізде дефектология мамандығы бойынша жылда 115-ке жуық студент бітіреді. Студенттер республиканың түпкір-түпкірінен келетіндіктен, оқу бітірген соң әркім өз туған жеріне оралады. Облыста маман жетіспеушілігі осыдан болуы мүмкін. Өйткені, арнайы мектептердің көпшілігі осында орналасқан. Былтыр мамандыққа 221 студент тапсырып, қазақ топтарының саны артты. IV курс студенттері қыс маусымынан бастап ізденіп, толықтай жұмысқа орналасты» – деді.

«Балаңды басқамен салыстырма!»

Ал, мектеп-интернат оқушысының анасы Жұлдыз Болатқызы (аты-жөні өзгертілген) «Бүгінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту облыста 30 пайызды ғана құрайды. Сал ауруына, аутизмге, Синдром Даун ауруына шалдыққан, дамуында ауыр ауытқулар бар балалар мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамтылмай отыр. Өңірдегі ауылдық аудандар инклюзивті білім беруді дамытуға көңіл бөлуді қажет етеді» дейді.

Осыны ескерген мектеп ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстағы ауылдық аудандарға инклюзивті білімді тарату мақсатында «Инклюзивті қашықтықтан оқыту» жобасын әзірлепті. Жоба, әсіресе, аймақтардың ресурстық орталықтарынан қашық орналасқан ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін педагогтерге көмектеседі. Жоба жүзеге асса, мектепте «Қыш-құмыра шеберханасы», «Жас табиғат зерттеушілерінің станциясы» ашылмақ.

№27 мектептің дефектолог мұғалімі Людмила Кузнецова: «Аутизмнің алдын-алғысы келген ата-ана баланың «қателік жіберуге құқығы бар» екендігін ескеруі керек. Кемістіктерін бетіне басып, басқа балалармен салыстыруға болмайды» – дейді.

Ал, облыстық оңалту орталығының мамандары алдағы уақытта аутизм және менталдық ауытқулары бар балаларды ерте анықтау мақсатында Қарағандыда 1 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес, Қарағанды және Теміртау қалаларында 2 оңалту орталығы, сондай-ақ, Абай және Бұқар жырау аудандарында оңалту кабинеттері ашылатынын айтады.

«Болашақ» корпоративтік қорының көмегімен Жезқазған, Қарағанды, Теміртау қалаларында инклюзивті қолдау кабинеттерін ашу жоспарда бар екен. Балалар «күтеміз» дейді…

Аяулым  СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button