Жаңаарқа

Іргелі кәсіпорын қамқорлығы

Індет қаупі төніп тұрған қазіргідей кезеңде іргелі кәсіпорындардың мейірімге негізделген қайырымды қарекеттері көңіл тоғайтады. Сондай ізгі ниетті шараның бірі – «Шұбаркөл көмір» акционерлік қоғамының Жаңаарқа ауданындағы әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген отбасыларына, мүгедектер мен жалғызбасты адамдарға азық-түлік себеттерін ұсынуы аудан басшылығы тарапынан аса маңызды қадам ретінде қабылданды.

Жаңаарқаға осы мақсатпен арнайы ат басын бұрған аталған компанияның корпоративтік қызметінің басшысы Дамир Кенжеғарин аудан әкімі Юржан Бекқожиннің қабылдауында болып, ізгі ниетті іс-шаралардың келешекте келісті түрде жалғасын таба беретінін мәлімдеді. Аудан басшысы бұған дейін де қайырымдылықтың қапысыз үлгісін танытуға машықтанған компанияның ресми өкіліне ел ризашылығының айғағы ретінде Алғыс хат тапсырып, иығына шапан жапты. Ол кәсіпорынның жыл сайын аудан тұрғындарының жекелеген санаттағы отбасыларын тегін көмірмен қамтамасыз етіп, жастарға жұмыс беріп отырғанын айрықша атап өтіп, өзара түсіністікке негізделген қарым-қатынастың іргесі бұрынғыдан да берік бола түсеріне сенім білдірді.

Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, компания тарапынан 274 азық-түлік себеті жеткізіліпті. Бүгінгі күні олар арнайы бекітілген тізім бойынша үлестірілу үстінде.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ,

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button