Бас тақырып

Игілігі мол “Инватакси”

Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау – күн тәртібінде тұрған өткір мәселенің бірі. Ірі қалаларда бұл мәселе қолға алынып жатса, қала төңірегіндегі, шалғай елдімекендегі жағдай алаңдатарлық күйде болған еді. Енді бұл мәселе де өз шешімін тауып, түзу жолға түскендей. Қала бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тапсырысымен үш бағытта инватакси қызметі ұсынылды. Ол үшін биыл бюджеттен 117,8 млн. теңге бөлінген.

Бүгінгі таңда аталмыш қызметті 80-нен астам адам қолданады. «Астана» Корпоративтік қоры мен «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі көзі нашар көретін мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға, «Batyl Jureq» қайырымдылық қоры мүгедектігі бар балаларды тасымалдау үшін қызмет көрсетеді. Инватакси қызметін мүгедектігі бар 50-ден астам бала, көзі нашар көретін 180-нен астам адам пайдаланады, – дейді Қарағанды қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік оңалту секторының меңгерушісі Жұлдыз Құсайын.

Инватакси қызметі Қарағандыда 2019 жылдың наурызынан басталған. Қазіргі таңда әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 2 диспетчер қызмет істейді. Жұмыс істеу уақыты – таңғы 9-дан кешкі 17:00-ге дейін. Күніне 40- тан астам хабарлама түсетін көрінеді. Арба көмегімен қозғалатын жандар үшін орталықта 7 автоматтандырылған арнайы көлік бар. Сонымен қатар, тек арбаға таңылғандармен шектеліп қана қоймай, жүруге арналған құрылғыға (ходунок) отырған жандарға да қызмет көрсетіледі. Инватакси қызметіне жүгінетіндердің бірі – әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жетекшісі Ирина Гарань. Оның айтуынша, қызметке жүгінетіндердің қатары күннен-күнге артып келеді. Сол себепті алдағы уақытта арнайы көліктің санын көбейту жоспарда бар.

Арбаға таңылғаныма біраз жыл болды. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жан-жаққа қатынау қиын. Өз басымда сондай жағдай болғандықтан, ол кісілердің жағдайын жақсы түсінемін. Бір жерге бару үшін такси шақырсақ, алмай кететін жағдайлар болды. Біреуінің көлігіне арба сыймай, екіншісі ананы-мынаны сылтауратып… Қазір бәрімізге инватакси жақсы болды. Күн-түн демей хабарласып, өтініш білдіретіндердің саны артып келеді, – дейді ол.

Бір өкініштісі, әлеуметтік желіде инватакси жайлы ешқандай жарнаманың жоқтығы. Бұл қызмет жайлы көпшілік толық біле бермейтіндігінің себебі де сол. Мүгедек жандар бұл туралы тек жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барғанда ғана естиді. Ал, инватакси қызметіне жүгіну үшін әуелі орталыққа келіп, келісімшартқа отыруы керек.

Такси қызметін пайдалану үшін мүгедектігін растайтын құжаттарын өткізуі қажет. Кейінгі кездері түрлі жеңіл санаттағы мүгедектігі бар жандар хабарласатын болды. Сондықтан, біздің тараптан қоятын басты шартымыз – арбаға таңылғандығын растайтын құжаттың болуы. Себебі, көліктің бәрі сол жандарға арнайы жасалған. Содан кейін, күні бұрын хабарласып, жазылады. Ал, көлік жүргізушілеріне түскен өтініш бойынша жұмыс режимін құрып, қызметке жібереміз, – дейді Ирина Викторовна.

Инватакси қызметіне жүгінетіндердің басым бөлігі – жұмысқа, оқуға баратын спортшылар мен оқушылар екен. Солардың бірі – бапкер, Қазақстанның спорт шебері Дархан Тілемісов. Дархан Әлиұлы – 2010 жылдан бастап паратеннистен облыс құрама командасының жаттықтырушысы. І топ мүгедектігіне қарамастан шәкірт тәрбиелеуде.

1997 жылдан бастап мүгедекпін. Инватаксиді таңғы жаттығуға, жарыс пен кездесулерге бару үшін жиі шақыртамын. Күні бұрын тапсырыс берсеңіз болды, ертеңінде айтқан уақытыңда үй алдында тұрады. Біз секілді жандарға Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен көмектің бірі. Барлығы тегін, – дейді ол.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Қарағанды қаласында 3 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Әрине, бұл қызмет жайлы барлығы бірдей біле бермейді. Сондықтан, аталмыш қызмет түрлерін кеңінен насихаттап, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсеткеніміз абзал. Сондай-ақ, көлік аз әрі біразы ескірген. Ескі көлік мұндай жандарға қолайсыздық тудырмай қоймайды. Сондықтан, көліктерді жаңартса екен дейді инватакси қызметін пайдаланушылар.

Ербол ЕРБОЛАТ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button