Шет

Игі істер жалғасын табады

     Аз күндерден кейін Отанымыз – Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігінің, шын мәніндегі азаттығының 25 жылдығын мерекелейді. Нарық заманының қиыр-шиырына қарамастан 2016 жылы Шет ауданының өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы жаңа белестерге көтерілді, экономикасы мен әлеуметтік саласы қатар дамыды. Биыл жыл басынан басталған «25 жылдыққа – 25 игі іс» барлық кенттер мен ауыл округтерінде өріс алды.

Аудан орталығынан 20 шақырым жердегі Қорғантастан табылған мыс кен орнында Алмалы кенішінің өндіріс алаңы мен вахталық мекен-жайлардың іргесі қалана бастады. Ауыл жастары кеншілік мамандықтарды игеруге бет бұрды. Диқандар 17 мың гектар астық алқабынан 23 мың 400 тонна дәнді дақыл жинап мол табысқа кенелді, рекордтық өнім алды.

Өспен ауылдық округі Айғыржал ауылында товарлы сүт фермасы ұйымдастырылып, оған асыл тұқымды 160 сиыр сатып алынды. Бұл күнде «Мейрам» шаруа қожалығының иесі Есет Әбсадықов өндірістік база мен жем-шөп қорын түзіп, малын бағып-қағуда. Қожалық жетекшісі «Ынтымақ» бағдарламасына сәйкес маңайдағы ұсақ шаруашылықтар мен жекешелердің басын қосып ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін ұйымдастыруды қолға алған.

Бұдан бөлек «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында шағын несиелік ұйымдардан 2 кәсіпкер өз жобалары бойынша несие алды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 3 ауылшаруашылық өндірістік кооператив, оның ішінде біреуін-пилоттық бағдарлама ретінде ашу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні 16 жеке қосалқы шаруашылықтар құрылды. Жоспарда тағы 34 осындай жеке қосалқы шаруашылық құру тұр. Бұл істер бұрыннан жоспарланса да 25 жылдықтың қарсаңында шешімін тауып жатыр.

Көптен бері айтылып та, жазылып та келе жатқан мәселе Ақсу-Аюлыдағы бұдан 10 жыл бұрын салынып, сапасы мен идеясы сын көтермей, ақыры құлауға айналған саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш-монумент болатын. Монумент құрылысы биыл қолға алынып, тамыз айында ескерткіштің ашылу рәсімі өтті.

Қазақ халқының азаттығы үшін жоңғарлармен болған соғыста қаза тапқан уақ Баян батыр мен оның серіктері қойылған жердің біздің Қарабұлақ ауылының маңайынан табылуы тосын оқиға болды. Сол заманда тастан қойылған белгілердің үстіне батыр атындағы республикалық қордың көмегімен кешен тұрғызылды, мемориалдық ескерткіш орнатылды. Батыр Баян Шет жерінде дамылдап жатқан қаһармандарымыз тарақты Байғозы, шұбыртпалы Ағыбай, сарым Дербісалы, әлтеке Жидебай, қара Сеңкібай батырлардың сапына қосылғандай.

XVIII-XIX ғасырда өмір сүрген тарихи тұлға Қара Бәйтікұлы керней болысының алғашқы билеушісі, мәмлегер, аузы дуалы би болумен қатар Омбы қаласында фельдшерлік білім алып, ол кезде ел арасында кең тараған жұқпалы аурулармен күресті ұйымдастырған адам.

Қара би қайтыс болғанда тұрғызылған сәулет өнерінің туындысындай мазар бертін келе тозып, құлауға айналды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына енген бұл нысан облыстық «Сарыарқа» тарихи-мәдени орталығының күшімен қайта жаңартылып, қыркүйек айында ашылды. Нұраталды ауылдық округіндегі Шопа ауылында, Астанадағы «Әзірет Әлі» мешітінің қаржылай қолдауымен 100 кісілік жаңа мешіттің салынуы қасиетті дінімізге деген ниетті еселей түсті.

Мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының соңғы жылдарында басталған селолық дәрігерлік амбулаториялардың алты елді мекендегі құрылысы биыл аяқталып бірінен кейін бірі ашылуда. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 644 миллион теңгені игерген, облысқа әйгілі мердігерлер «Авто Б.А.Н», «R.I.C.H.& S» және «Балқаш Жібек Жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне аудан халқының алғысы шексіз.

Ағымдағы жылдың он айында агротехникалық колледжді, мектептер мен балабақшаларды жөндеуден өткізуге мемлекеттік бюджеттің барлық бағдарламалары есебінен 295 миллион теңге бөлініп, онымен 18 жалпы білім беру мектептері, Ә.Хасенов атындағы өнер мектебі мен Ақжал кентіндегі «Ақбота» балабақшасы қамтылды. Агроколледждің 70 адамдық жатақханасы күрделі жөндеуден өтіп, маңайы абаттандырылды.

Мәдениет саласына да түрлі бағдарламалар бойынша орасан мол қаржы құйылып, ол халықтың игілігіне жаратылу үстінде. Әрқайсына 40-50 миллион теңгеден қаражат бөлініп Ақой, Көктіңкөлі және Талды мәдениет үйлеріне күрделі жөндеулер жасалды.

Жұмыспен қамту бағдарламасының бағыттары әлеуметтік инфрақұрылым мен жолдарды, спорттық нысандар мен абаттандыру, жарықтандыру сияқты іс-шараларды да тыс қалдырған жоқ. 137 миллион теңге республикалық және облыстың трансферттер есебінен елді мекендерде 15 шақырымнан аса көше жолдары жасалған, оның жартысынан көбі асфальтталған, ал 64 миллион теңгеге 3 кент пен екі ауылдағы тозған су құбырлары мен кәріздер ауыстырылған, қондырғылар жаңаланған.

Тәуелсіздіктің Ұлы күніне арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар да ерекше шабыт қанатында өтті. Қыркүйек айында аудандық стадионда өз шеберліктерімен облыстың аудандары мен қалалары ішкі істер бөлімдерінің спортшылары сынасып, спартакиада жалауын желбіретті. Жоғары ұйымдастырушылық пен көркемдік деңгейде өткен спартакиадада Рио олимпиадасының еркін күрестен қола жүлдегері Эльмира Сыздықова марапатталды.

Ауданның шаруа қожалықтары ассоциациясының президенті, белгілі бүркітші Тілеуғабыл Есенбекұлы БҰҰ-ның даму бағдарламасы аясында қаржылай грант ұтып бес бұлақтың басын тазартып, қалыпқа келтірді. Соның бірі Ақсу-Аюлыдағы Жақсы Жәкең бұлағының басы абаттандырылып, кіре берісіне көтерме жол жасалды. Жоспары бойынша келесі жылы тағы 5 су көзі жаңғыртылатын болады.

Республикалық бюджеттен келген соңғы транштарға тендерлер өткізіліп, ел игілігіне арналған жұмыстар қыза түсуде. Жақсы істер жалғасын таба бермек.

Ертай ЖӘНІБЕКОВ,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button