Спорт

ХХХІ жазғы Универсиада: қоржында бес медаль

Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясының Чэнду қаласында ХХХІ  Дүниежүзілік жазғы Универсиада басталды. Қытай төрағасы Си Цзиньпин Универсиаданың ашылғанын жариялады. Алты құрлықтың абадан спортшылары бас қосқан спорт додасына қазақстандық делегацияны Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов бастап барды. Бұл жолы ашылу салтанатының делегациялар шеруінде Қазақстан құрамасының Туын алып жүру мәртебесі Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының III курс студенті, ҚР спорт шебері, дзюдодан Қазақстан ұлттық және жастар құрамасының мүшесі Қаблан Нұрсұлтанға бұйырды.

Жазғы Универсиада 2023

Байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын спортшыларға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы бейне үндеу жолдап, қолдау көрсетті.

«Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – мемлекеттің ең қымбат байлығы, асыл қазынасы. Жастарымыздың білім алумен қатар, олардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау – біздің министрліктің басты міндетінің бірі. Талантты студенттеріміздің республикалық және халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекелерге қатысуына барлық мүмкіндіктер қарастырылып келеді», – деді министр.

Универсиадада 18 спорт түрінен 269 жүлде жинақ бар. Қазақстанның 93 спортшыдан тұратын студенттік командасы спорттың 11 түрінен бақ сынап, ел намысын қорғауда. Атап айтсақ, садақ ату, гимнастика, жеңіл атлетика, семсерлесу, дзюдо, жүзу, үстел теннисі, таеквондо, оқ ату, ушу. Ел құрамасы еліміздің 26 жоғары оқу орнының студенттерінен жасақталған.

Ұйымдастыру комитетінің өкілдері Универсиадаға жұмылдырылатын 49 стадион екі жыл бұрын пайдалануға берілгенін айтты. Биыл спорт нысандарын қабылдау және сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілген. Олардың барлығы стандартқа сай және халықаралық жарыстарды өткізуге жарамды. Спорттық шараға 20 мыңнан астам волонтер тартылыпты.

Жазғы универсиадада Қазақстан спортшылары қоржынында әзірге бес медаль бар. Атап айтсақ, күмісті шағын калибрлі винтовкадан атудың шеберлері Константин Малиновский, Ислам Сәтпаев пен Никита Шахторин және тез атылатын пистолеттен ату дисциплинасында Никита Чирюкин жеңіп алды.

«Бұл спортшылардың ғана емес, олардың бапкерлерінің де ерең еңбегі. Жарайсыңдар! Осы жігіттердің жетістіктері арта берсін! Спортшыларымыздың әрбір жеңісі елді қанаттандырады», – деп жазды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Бұған дейін дзюдошы Сұңғат Жұбатқан 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медальдің иегері атанды.

Ал, ел құрамасы қоржынына төртінші медальді дзюдошы Асқар Нарқұлов салды. Ол 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде III орын үшін қырғыз балуаны Шыңғысхан Сағыналиевті жеңіп, қола жүлдегер атанды.

Он метрлік мылтықтан ату бойынша командалық жарыста Константин Малиновский, Ислам Сәтбаев және Никита Шахторин үшінші келіп, қола медаль жеңіп алды. Үндістан мен Қытай өкілдеріне ғана жол берген олар бір күн бұрын 50 метр қашықтықтан үш позициядан мылтық атудан командалық жарыста күмісті жеңіп алған-тын.

Қытай осымен үшінші рет Дүниежүзілік жазғы Универсиаданы өткізіп отыр. Бұған дейінгі ойындар 2001 жылы Бейжіңде және 2011 жылы Шэньчжэньде өткен. Универсиада 8 тамызға дейін жалғасады. 

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button